Қаржы министрлігі қарызды өндіруге амнистия жариялауы мүмкін

11322

Тиісті ұсыныс өткен жылы әзірленген. Енді "қаралы қаңтардағы" оқиғалар аясында халықты қолдау үшін бұл аса өзекті мәселеге айналса керек.

Қаржы министрлігі қарызды өндіруге амнистия жариялауы мүмкін

Қазақстанда халықтың салық берешегі артып барады. Мысалы, Мемкірістер комитетінің дерегінше, 2021 жылы азаматтардың мемлекетке борышының ең үлкен бөлігін көлік салығы құраған. Атап айтқанда, жарты миллионнан астам "темір тұлпар" иесі қазынаға 21,5 млрд теңге қарыз. Соның ішінде 3,9 млрд теңгесі – берешекке есептелген өсімпұл. Одан кейінгі орында мүлік салығы тұр. 263 802 адам 1,1 млрд теңге сомасында мүлік салығын төлемеген.

Қалай болғанда, көлік салығының борышы "алдына қара салмайды". Өткен жылы полицейлер мемкірістер органының қызметкерлерімен бірлесіп, салық берешегін өтемей жүрген қазақстандық автоәуесқойларды көшеде аулады, автомобильдерін тартып алып, айыппұл тұрағына тықты.

Алайда ел толқыған және қоғам наразылығының кернеуі жоғары деңгейге жеткен шақта құқық қорғау органдары жұртты ашындырмау үшін енді ондай қатал шарадан аяқ тартса керек.

Назар аударатын жайт, ең көп көлік қарызы Алматының еншісінде (6 млрд теңгедей). Одан кейінгі орында – Алматы облысы. Жетісу өңірінің "темір тұлпар" иелері 4,8 млрд берешек қордалаған. Яғни антирейтингті дәл қазіргі тынышсыз өңірлер бастап тұр.

Мемлекеттік кірістер органы Салық кодексіне сәйкес, мерзімі өткен әрбір күн үшін салыққа өсімпұл қосыла беретінін ескертеді.

Әділетсіз айыптау елді наразы етеді

Оның үстіне сарапшылар бұл борыштардың бір бөлігі – әділетсіз екенін атап өтеді. Себебі олар салықшылардың қателігінен есептелген.

Павлодар тұрғыны Мейрам Махметұлы жеке тұлғаларға тиесілі көліктердің салықтары бойынша қарыз туралы деректерді өзектілендіру үшін Қаржы министрлігі мен Ішкі істер министрлігі өзара ақпарат алмасып, салғастыру (сверка) жұмыстарын жүргізді дегенді естіпті.

"Соның қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі бірқатар санаттағы азаматтар автомобилінің қарызына амнистия жүргізу туралы ұсыныс дайындаған екен. Бұл жерде қолхатпен сатылған және сатып алушының атынан алып тасталмаған автокөліктер бойынша салық – ең проблемалысы болып табылады. Мен Nissan Maxsima маркалы автомобилімді осыдан 22 жыл бұрын қолхатпен сатып жібергенмін. 1995 жылы шығарылған көлік еді. Оны сату кезінде барлық көлік салығын төледім", – дейді ол.

Алайда 18 жыл өткенде, 2018 жылы салық органдары оны аталған көліктің салығы бойынша 180 мың теңге берешегі жинақталып қалғаны туралы хабардар етеді. Содан Мейрам мемкірістер басқармасына шабылады, машинасын баяғыда сатып жібергені туралы ауызша да, жазбаша да хабарлайды. Салықшылар болса, деректер базасында Ниссанның иесі ретінде әлі күнге тек соның өзі тіркеліп тұрғанын көрсетіп, қол жаяды.

Еш айыбы болмағандықтан, ол бөтеннің салық борышын өтегісі келмеген.

"Салық қарызының сомасы жыл өткен сайын ұлғаюда. Оны төлеуді сатып алушыдан талап ете алмаймын, оның қазір қайда тұратынын да білмеймін. Шымкент жақта екенін ғана білемін. Бәлкім, ол автокөлік қолдан қолға өтіп, бірнеше рет сатылған немесе істен шыққан шығар. Ондай мәліметтер де қолымда жоқ. Егер анықтағысы келсе, мұны құзырлы органдар өздері-ақ анықтап алатын еді. 2022 жыл басталып кетті, әлгі берешек проблемалы санатқа көшті. Сондықтан Үкіметтен оны алда болуы мүмкін амнистияға іліктіруді сұраймын", – дейді ол.

Қаржы министрлігі бұл мәселенің қарастырылып жатқаны туралы қысқа ғана түсініктеме берді.

Мұндай деректер жетерлік. Мәселен, Нұржігіт Рақымбай да автомобилін 2019 жылы сатып жіберген екен. Клиенттің сұрауымен барлық айыппұлдары мен салықтарын төлеп тастаған.

"Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданының мемкірістер органының базасында автокөліктің иесі өзгертілмепті, менің атымнан алып тастамаған. Содан 2020 жылдан бері көлік салығына қарыз жинақталып, оған өсімпұл есептелген. Бұл жайында карталарымды жеке сот орындаушылары бұғаттап тастағанда бір-ақ білдім. Салықшылар "борышымды" соларға табыстапты. Амалсыз, әйелім оларға қолымда жоқ машина үшін көлік салығын төлеуге мәжбүр болды. Елордалық Мемкірістер басқармасына өзім барып, мән-жайын білейін десем, бара алмаймын, себебі қазір Алматыда тұрамын", – дейді Нұржігіт.

Билік не дейді?

Жалпы қайта тағайындалған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметке осы саладағы бірнеше бастамамен шығып отыр. Ол қазақстандықтар пайдаланбайтын, гаражда, не есік алдында босқа шіріп жатқан ескі көліктерді салықтан босатуды ұсынды. Бас қаржыгердің айтуынша, азаматтар істен шыққан көліктері үшін ары қарай салық органдарынан түбіртек алуда.

Ол автокөліктердің бір бөлігі – өткен ғасырдың 60-70 жылдары шығарылған кеңестік автоөнеркәсіптің өнімі және бүгінде жүрістен қалған. Енді бір бөлігі жол-көлік апатынан кейін қалпына келтіруге келмейтіндей жарамсыз күйге түскен. Тағы бір проблемалы санаты – ұрланған, қолхат бойынша үшінші тұлғаларға сатылып кеткен машиналар. Осы қаптаған көліктің барлығына жыл сайын миллиондаған теңге салық есептеледі. Олардың жалпы саны елімізде 10 мыңнан асады.

"Сондай-ақ қайтыс болып кеткен адамдардың атында көлік құралдары есепте тұр. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттерге тұрақты тұруға көшіп кеткен. Бірақ көліктерін есептен шығартпаған адамдар да бар. Сондықтан біз Үкіметке бұл мәселені кешенді шешу жөнінде ұсыныспен шықтық: елде амнистия жүргізу қажет", – деді министр Ерұлан Жамаубаев.

Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, "темір тұлпар" иелері көлік салығын 2022 жылғы 1 сәуірге дейін төлеп тастауға тиіс. Алайда МКК дерегінше, автокөлік иелері асығар емес.

Мысалы, Шымкент қаласының Еңбекші ауданының мемкірістер басқармасының дерегінше, жергілікті бір тұрғынның мойнында 16 машина үшін салық берешегі бар көрінеді. Бірақ ол оның бәрін баяғыда сатып жіберген. Яғни нақты иесі емес. Соған қарамастан, ЖСО-лардың қысымынан кейін, ол сот шешіміне сәйкес, көліктердің салығы бойынша қарызын зейнетақысынан бөліп төлеп жатыр.

Қаржы министрлігінің ұсынысы бойынша өмірден өткен азаматтардың, өзге елдерге көшіп кеткен экс-қазақстандықтардың, сондай-ақ жол-көлік оқиғасына тап болған, шашылып-бөлшектеліп тасталған, сенімхатпен сатылған, яғни иесі пайдаланбайтын көліктердің салығына қатысты берешектер рақымшылыққа ілігіп, жойылуы мүмкін.

Дегенмен елдегі күрделі жағдайға байланысты бұл тізімді кеңейтуге де болар ма еді?! Себебі мұндай көмек бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді. Есесіне, мыңдаған отбасының мәселесін шешеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу