Қаржы пирамидасына алданған әйел 11 сәуір Нұр-Сұлтан қаласындағы Ішкі істер министрлігінің ғимараты жанында өз-өзін өртеп жіберді. Жәбірленуші бірден жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Алайда "ақ халаттылар" оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Белгілі болғандай ол Mudarabah Capital қаржы пирамидасына 20 млн теңге салған. Бірақ алданған әйел пайда таппақ түгілі, өз ақшасын да қайтара алмай қалған.
Алдын ала болжам бойынша, аталған қаржы пирамидасын құруға қазақстандық блогерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, сондай-ақ Әзімжан Саидбаевтың қатысты болуы мүмкін. Бұл факт бойынша қылмыстық іс тергеліп, аталған адамдардың оны құруға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Ал өкініш өзегін өртеген әйел істің баяу жүріп жатқанына шағымданып, желіде бірнеше пост жазған. Тіпті ол қаншама адамды сан соқтырып кеткен компанияны жарнамалаған вайнерлердің бостандықта жүргеніне налитынын жеткізген. Алайда жан айқайына ешкім назар аудармаған…
8 сәуір бірнеше жәбірленуші Алматы полициясы ғимаратының алдына пикетке шығып, "тергеу әділетсіз" өтіп жатыр деп полицияны кінәлаған. Олар қылмыстық істі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы мен ішкі істер министрлігінің тергеу департаментіне беруді талап еткен. Бірақ бұған құзырлы органдардан ресми жауап болмады.
Тек алданған әйел өзін-өзі өртеп, қоғамда резонанс туғаннан кейін Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Facebook парақшасына "Қаржы пирамидасына байланысты қылмыстық іс бойынша күдікті 14 адам бар, оның екеуіне халықаралық іздеу жарияланды" деп жазған.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспсөз мәслихатында вайнерлер туралы сауал тағы қойылды. Бұл жолы сұраққа Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов жауап берді.
"Олардың 3-еуі қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Оның 2-іне қатысты сот кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Күдіктілердің бірі полициядан қашып кеткен. Қазіргі уақытта прокурордың өтініші және сот санкциясы бойынша ол сырттай қамауға алынды. Оған халықаралық іздеу жарияланды", – деп нақтылады спикер.
Тергеушілер жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеу үшін қаржы пирамидасы басшыларына тиесілі Алматы, Нұр-Сұлтан, Алматы облысындағы мүліктерін тәркілеген.
"4 жер телімі, 10 пәтер, 5 үй, 2 көлік, 1 дүкен және ақша да тәркіленді", – деді басқарма басшысы.
Санжар Әділовтың айтуынша, былтыр елімізде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларынан зардап шеккен. Оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілген. Арасында қалтасындағы соңғы ақшасын "инвестициялағандар" да бар.
"Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының өндірісінде осы санаттағы 65 қылмыстық іс бар, 3 мыңнан астам адам жәбірленуші деп танылды. Тәжірибе көрсеткендей, соңғы жылдары қылмыскерлердің қызметі экономикалық белсенділіктің жоғарылауымен, сондай-ақ халықтың инвестицияға қызығушылық таныта бастауымен байланысты. Сұраныс ұсынысты тудырады", – деді департамент бастығы.
Көбінесе қаржы пирамидалары өздерін инвестиция саласындағы табысты ұйым ретінде жарнамалайды. Бұл мақсатта алаяқтар "инновациялық жоба", "тиімділігі жоғары бизнес", "кепілдік берілген кіріс" сынды тіркестерді пайдаланып, танымал адамдарды сөйлетеді. Ал ақшасын оңай жолмен еселеймін деп асыққан отандастырымыз осылайша "салымшыдан" жәбірленушіге айналады.
Құралай Құдайберген