Қаржылық пирамидалар: Батпан құйрық па, баю жолы ма?

2189

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылы 17 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Олар 27 миллиард теңгеден астам қаражат салған.

Қаржылық пирамидалар: Батпан құйрық па, баю жолы ма?

Қаржы пирамидаларының негізгі мақсаты жаңа қатысушыларды тарту есебінен пайдаға кенелу. Бұл қылмыстық инвестициялық жүйеге жатады. Әдетте пирамиданы ұйымдастырушылар адамдарды ақша салуға көндіреді, оларды пайызбен еселеп аласыз деп сендіреді. Қаржылық ұйымның пайда әкелетінін көрген адам жақындары мен таныстарын да тарта бастайды. Қажетті межеге жеткенде пирамидалар құлайды. Себебі барлық қатысушыға уәде етілген ақша сомасы берілмейді, тіпті жетпейді де.

Еліміздің заңнамалық базасында "қаржылық (инвестициялық) пирамиданы жарнамалауға" қылмыстық жауапкершілік көзделіп, оны  құрушыларға жауапкершілік күшейтілген.

Бүгінде қаржы пирамидаларының классикалық түрінен басқа, әлеуметтік желілердегі "инвестициялық сайттар", мессенджерлер арқылы таратылатын "қаржылық іскерлік" туралы хабарламалар, "инвестициялық" мақсаттағы онлайн-ойындар мен онлайн-жобалар секілді түрлері де бар. 

Халықтың қаржылық пирамидалардың құрығына түсуіне олардың блогерлер мен танымал адамдардың жарнамасына сеніп қалуын да жатқызуға болады.

"Қаржы пирамидасы ҚР Қылмыстық Кодексінің 217-бабы бойынша регламенттеледі. Оның ең ауыр жаза түрі 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзім деп көрсетілген. Қаржылық пирамида дегеніміз бір адамның есебінен екінші адамды байыту. Түрлі сылтаулар айту арқылы қазір көптеген азаматтарымызды осы қаржылық пирамидаға түсіріп отыр. Олардың негізгі белгілеріне келетін болсақ, өзіндік нақты тауарлары жоқ, сонымен қатар белгісіз пайыз арқылы себепсізден себепсіз қаражат түсіп отырады. Өз артынан адам әкелу керексің, адам тартқан сайын сенің қаржылық қалтаң тола береді деген сынды сылтаулар айтылады", – деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі полиция майоры Жандар Болатбек.

Жандар Болатбек ресми тіркелмеген сайттарға немесе белгісіз тұлғаларға ақша салмау керектігін айтады. Қаржылық пирамиданың мысалы ретінде 2020 жылы Елордада Нұр-Авто көлік салонына қатысты оқиғаға тоқталды. Салдарынан алданып қалған азаматтарға 4 млрд-қа жуық шығын келтірілген. Бұл іс бойынша 300-ге жуық жәбірленуші бар.

"Тағы да басқа жәбірленушілер анықталып жатыр. Ол жерде көптеген күдіктілер қазіргі таңда қолға түсті. Тұтқындалмағандары халықаралық іздеуде жүр. Олардың барлығы да міндетті түрде табылып, елге жеткізіліп, әрі қарай жазасыз қалмайды", – деп атап өтті полиция майоры.

Бүгінде қаржылық пирамидалар бойынша ғана емес, интернет алаяқтық бойынша да жұмыс күшейтілген екен.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар тізімін үнемі жариялап отырады. Бүгінде бұл тізімде 154 мекеме тұр. Бір сөзбен айтқанда, қызметі күмән тудыратын мекемелер. Бұл компанияларға ақшалай салым жасаған азаматтар опық жеп қалуы да мүмкін. Тізімде Интернет жоба "Жедел кіріс", "Отбасы және жастарды қолдау қоры" корпоративтік қоры, "Тиімді депозит", Kaspi Trade платформасы және т.с.с. ұйымдар бар. Атауларында "депозит", "инвестиция", "онлайн инвестициялық жоба" секілді заманауи сөздерді қолданылғанын байқауға болады.

Шешімі бар ма?

"Біздің елге келетін болсақ, ең басты себебі халықтың қаржылық сауатының және елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Бұл қаржылық пирамидаларға неге адамдар қайта-қайта алданып қала береді? Олар ақшаларын салып, тез арада көп табыс тапқысы келеді. Қаржылық инвестициялық қорлар бар. Трейдинг дейміз. Сонымен көбісі шатастырып жатады. Қаржы пирамидалары өзінің жұмысында трейдинг сияқты инвестициялық қорлардың бастамасын алады", – деп ой түйеді экономист Ләззат Нұрғалиқызы.

"Қаржылық сауаттылықты арттыруымыз қажет. Ол күнделікті айтылып, адамдардың санасына жететіндей негізде ұйымдастырылуы керек. Халықты сауаттандыру мақсатында осы тақырыпқа байланысты арнайы бағдарламалар ұйымдастырылуы керек. Одан кейін блогерлер мен жұлдызсымақтарды тыю қажет деп есептеймін. Кейбірі халықтың арасына іріткі салып, өздерінің атынан ұйымдастырып отырған пирамидаларға шақырып, сол арқылы талай күйреп қалған жағдайлар болды", – дейді экономист Исатай Қамбаров.

Ақпарат ағыны көбейген кезде оң мен солды ажырата алмайтын кездер болатыны шындық. Адамдар түрлі "қаржылық сипаттағы жарнамаларға" қызығып, алаяқтардың арбауына қалай түскенін де байқамай қалады. Нәтижесінде, сан соғып қалу, байлыққа кенелемін деп отырғанда тақырға отыру. Қаржылық пирамидалардың түрлері көп. Қой терісін жамылып, жеме-жемге келгенде ақша толы сандықты алып кетуге құмар. Ал бұл проблеманың артында қаншама адам тағдыры тұр.

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу