Қашағанның газын қашан тұтынамыз?

9762

Зауытта алғашқы кезеңде 1 млрд текше метр газ қайта өңделмек.

Қашағанның газын қашан тұтынамыз?

Энергетика министрлігі Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаевтың айтуынша, қазір Қашаған кен орнындағы ілеспе газды қайта өңдейтін зауытты егжей-тегжейлі жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын алғашқы кезеңде 1 млрд текше метр газды қайта өңдемек. Кейін қуатты 5 млрд текше метрге дейін ұлғайту міндеті тұр.

"Қашаған кең орнынан болашақ зауытқа газды 2041 жылға дейін жеткізіп тұру көзделген. Осыған байланысты Қашаған кен орнының операторымен өнімді бөлу туралы негізгі келісімге қосымша келісім әзірленді. Қазіргі уақытта ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ мен Қашағанның операторы NCOC компаниясы арасындағы тиісті келісім 90 пайызға аяқталды. Техникалық, коммерциялық, заңды сипаттағы мәселелер толығымен реттелді", – деді Зияш Қияқбаев.

Белгілі болғандай, Қашаған кен орнындағы ілеспе газды қайта өңдеу зауытының құны 860 млн долларға тең. Кәсіпорын тауарлы газдың өндірісін ұлғайтып, Қашағаннан мұнай өндіруді арттыруға жол ашады.

Жалпы елімізде 3 млн тоннадан бастап сұйытылған газ өндіріледі. Мәселен, былтыр 3,2 млн тонна өнім алынса, биыл да өндірілетін газ көлемі осы деңгейде болмақ. Сондай-ақ өткен жылы ішкі нарықтың тұтыну көлемі 1,4 млн тоннаны құрады. Ал осы жылдың қорытындысы бойынша 1,5 млн тонна болады деп күтілуде.

Энергетика министрлігі ай сайын ішкі нарыққа таратылатын сұйытылған газдың жоспарын бекітеді. Республика бойынша жеткізу жұмыстары 9 зауытқа жүктелген.

"Елімізде сұйытылған газға белгіленген шекті көтерме баға бар. Бүгінде ол қосымша құн салығын қоса есептегенде, тоннасына 43 345 теңгені құрайды. Аталған баға көрші елдердегі экспорттық және көтерме бағалардан көп төмен. Мәселен, Ресейдің шекаралас өңірлерінде сұйытылған газдың бір тоннасы 164 100 теңгеге сатылады. Ал Тәжікстанда 182 750 теңгеге тең", – деді Зияш Қияқбаев.

Бағадағы мұндай айырмашылық өз кезегінде ішкі нарықтағы жетіспеушіліктің туындауына және "көлеңкелі экспортқа" жол ашуы мүмкін. Сөйтіп, ішкі нарықта дефицит орын алуы ықтимал. Мұндай жағдайлар 2017 жылы орын алған.

Атап өтерлігі, 7 қазанда Энергетика министрлігінің тиісті бұйрығы бойынша Қазақстан аумағынан сұйытылған мұнай газын автокөлікпен экспорттауға тыйым салынды. Бұл талап алдағы үш жылда қатаң сақталуы керек. Мұндай қадам өнімді ел аумағынан заңсыз шығаруды шектеу және ішкі нарықтағы сұйытылған газдың жетіспеушілігін болдырмау үшін жасалды.

Ел ішінде сұйытылған мұнай газының көтерме бағасын қалыптастыру электронды сауда алаңы арқылы жүргізіледі. Ондағы мақсат – бәсекелестік ортаны дамыту, саланы цифрландыру және әкімшілік кедергілерді азайту. Сұйытылған газды электронды алаңдар арқылы сату өткен жылдың ақпан айынан бері жүзеге асырылуда. Өнімнің барлық көлемін электронды алаңда сатуға толықтай көшіру 2024 жылдың қаңтар айына дейін аяқталуы керек.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу