"Қашағанның" шетелдік инвесторлары Қазақстан Үкіметімен дауласуда

12553

Қазақстан Үкіметі жұмсарды "Қашаған" операторларымен арадағы дауын бейбіт шешуге ұйғарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Қашағанның" шетелдік инвесторлары Қазақстан Үкіметімен дауласуда Фото: hd.duabhmoobtojsiab.com

Әдетте, NCOC (North Caspian Operating Company) дегенде, сарапшылар оның Қашаған кен орнын игеріп жатқанын ғана еске салады. Шынында, оған билік басқа да кен орындарын беріп қойған.

NCOC консорциумының құрамына "ҚазМұнайГаз" (16,88%), италиялық Eni (16,81%), британдық Shell (16,81%), америкалық Exxon Mobil (16,81%), франциялық TotalEnergies (16,81%), қытайлық CNPC (8,33%) және жапондық INPEX (7,56%) компаниялары кіреді.

Олар басқаратын Солтүстік Каспий жобасы – Қазақстанда теңіздегі мұнай-газ кен орындарын игеру бойынша алғашқы ірі жоба. Ол үш кен орнына иелік етеді (Қашаған, Қайраң және Ақтоты).

Қашаған супергиганты – соңғы 40 жыл ішінде ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орнының бірі. Оның өндірілетін қорлары шамамен 9-13 миллиард баррель (немесе 2 миллиард тоннадай) мұнайды құрайды. Қазіргі өндіріс қарқынымен (Қашағанда 2022 жыл қорытындысында 12,7 млн тонна мұнай өндірілді) бұл қор шамамен 150 жылға жетер еді.

Әйтсе де, ел Үкіметі болашақта Қашағаннан алынатын қара алтын көлемін жылына 75 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін қойып отыр. Онда Қашағанның мұнайын 26 жылда тауыспақ.

Бұдан Қазақстан халқы ұтылуы мүмкін, себебі, Қашаған кен орны шетелдік инвесторларға Өнім бөлісу келісімшартымен (ӨБК) берілген. Жалпылама айтқанда, жер астынан шығарылатын қара алтыннан түсетін табыстар алдымен инвесторлардың кен орнын игеруге жұмсаған шығындарын өтеуге кетеді.

Шетелдік инвесторлар кен орнына 60 миллиард доллар инвестиция салғанын айтып жүр. Бұған қоса, тек Қашаған жағдайларына сәйкес келетін мамандандырылған жадбықтарды дайындауға, өзге де инновациялық технологияларды жасауға және басқасына көп шығындалғанын алға тартады. Оның бәрін Қазақстан оларға өз мұнайының құнымен қайтарып беруі керек.

Алайда дәндеп алған инвесторлар ӨБК аясында өтелетін шығындарға әлем бойынша саяхаттарын, сапарларын, виллалар, яхталар сияқты қымбат сатып алуларын, тіпті Франциядан тасып ішетін бөтелкеленген суына дейін қосып қойғаны әшкереленді. Бұлай бара берсе, Қазақстан олардың шығынын ешқашан өтеп бітпейді, жатжұрттық инвесторлар Қашаған мұнайын қотарып алып, жайына кетеді.

Айтпақшы, шетелдік инвесторлар Қашағанға әжуа атау ойлап тапқаны белгілі болды. Ол "Кэшолгон" (Cash-All-Gone) деп аталады және ағылшын тілінен "Барлық ақша бітті" дегенді білдіреді.

Өнім бөлісу аясындағы шығындардың шетсіз-шексіз өсе беруі нағыз әділетсіздік және "Әділетті Қазақстан" оған көнбесе, игі. 

Содан 2023 жылғы сәуірде өнім бөлісу келісімшарттарында Қазақстанның мүддесін ұсынатын отандық PSA компаниясы NCOC пен KPO (ол ӨБК негізінде Қарашығанақ кен орнын игеруде) консорциумдарын сотқа беріп, халықаралық арбитражға жүгінгені белгілі болды. Шағымның жалпы сомасы 16,5 миллиард долларды құрайды. Мұны Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев растады.

Bloomberg дерегінше, Қазақстан Үкіметі инвесторлар 2010-2019 жылдары келісімшарттардың шарттарын бұзған деп есептейді. Олар Қашаған бойынша 13 миллиард және Қарашығанақ бойынша 3,5 миллиард доллар шығындарын салықтық базадан шегеріп тастамауға тиіс еді. Егер бұл тартыста мемлекет табысқа жетсе, онда Өнім бөлісу келісімшарттары аясында алатын Қазақстанның табысы артады.

Бұдан бөлек, Қазақстан бұл компаниялардан экологияны бүлдіргені үшін 5,1 миллиард доллар айыппұл өндіріп алуға тырысты. Олардың экологиялық бұзушылықтарын Экология министрлігі әшкереледі.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, Қашаған операторы "Болашақ" зауытының уақытша алаңдарында 1 миллион тоннадан артық көлемде күкіртті нормативтен көп орналастырған. Сондай-ақ экологтар NCOC-тың қоршаған ортаны қорғау шаралары жоспарын толық көлемде орындамай отырғанын мәлімдеді. Мысалы, зиянды ағынды суларын алдын ала тиісті тазартусыз, даладағы тоғандарға төге салады екен. Сонда ол сулар буланып, ауаға таралады. Оның үстіне елімізде онсыз да көгілдір отын жетпей жатқанда, тазартылмаған шикі газды еш экологиялық рұқсатсыз, алауларда босқа жағады.

Операторлар қос жағдайда да, яғни ӨБК шарттарын бұзу және экологияны ластау бойынша өз айыбын мойындамады. Дегенмен, Үкіметпен арадағы дауын реттеудің өзге жолдарын іздестірді. Мысалы, талқыланған ұсыныстардың бірі – Қазақстанның ішкі нарығын молықтыратын газ өңдеу зауытын салу болған. Алайда Қазақстан тарапы бұл ұсынысты қабылдамапты.

Газ өңдеу зауытын ресейлік консорциумның салатыны таяуда белгілі болды. Бұл туралы сараптап жазды.

Сонымен бірге, NCOC Үкіметтің жоспарлаған 5 млрд доллар экологиялық айыппұлына қарсы халықаралық арбитражға шағым түсіріп, Қазақстанды сотқа беруге әзірленіп жатты. Bloomberg хабарлағандай, өткен қазан айында Қашаған жобасына инвестиция салып жатқан шетелдік ірі мұнай компаниялары Қазақстан Үкіметіне хабар салып, экологиялық дауға бола, оның үстінен халықаралық төрелік сотына шағыммен жүгіну жоспарын жеткізді. Ізінше NCOC "Интерфакс-Қазақстанға" түсініктемесінде қазақстандық экологиялық заңнамаға қатысты мәселелердің барын және оны арбитраж арқылы шешуге болатынын растады.

Бірақ ахуал сонша ушықпауы да мүмкін. Жуырда Экология министрлігі Қашаған операторларымен арадағы дау арбитражға дейін жетпегенін мәлімдеді. Яғни, экологиялық дау бойынша министрлік те, компания да халықаралық сотқа әзірге шағыммен жүгінбеген. 

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі тексеру қорытындысында, NCOC үстінен қазақстандық сотқа шағымданды. Әшкереленген экологиялық бұзушылықтар Қашаған операторына шамамен 2,3 триллион теңге (немесе 4,9 млрд доллар) айыппұл салуды қарастырады. Ақырғы соманы сот анықтауға тиіс еді.

2023 жылғы жазда Астана қаласының Әкімшілік істер жөніндегі соты консорциум күкірт сақтауда бұзушылыққа жол бермеген деген үкім шығарды. Сот экологтардың қорытындысын негізсіз деп таныды. Экологтар қазіргі кезде бірінші инстанциядағы соттың бұл шешіміне наразылық білдіріп, апелляция берді. Оның қаулысын жоққа шығартуға тырысуда.   

Осы орайда енді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстанның NCOC-пен арасындағы экологиялық дауын бейбіт шешуге бағдарланып отырғанын мәлім етті.

"Экологиялық дау бар. Қашаған кен орнында ашық аспан астында шектен тыс көп көлемде күкірт қордаланған. Бұл экологияны бүлдіреді. Біз кез келген сценарийге, соның ішінде соттасуға дайынбыз. Әйткенмен, мәселені бейбіт жолмен шешу қажет. Өйткені біз елдің инвестициялық беделін сақтап, инвестициялық климатты қолдауға тиіспіз", – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Қашаған операторы да бітімге келуге бейім тұр.

"Сондықтан келіссөз процесін жүргізіп жатырмыз. Меніңше, таяу уақытта мерзімдер бойынша келісімге келеміз. Алдағы міндет – жинақталған бүкіл күкіртті шетелге шығарып, экспортқа сатып жіберу қажет. Инвестор мұны түсініп отыр", – деді Премьер.

Сарапшылар "АрселорМиттал Теміртау" айналасындағы даулар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына кері әсер еткенін, инвесторлар елден теріс айнала бастағанын айтып, дабыл қағуда. Осы ауанда Үкімет Қашаған инвесторларымен жанжалдасуын доғаруы мүмкін. Олар тіпті ӨБК шарттары мен экологиялық заңнаманы бұзып тұрса да, оған көз жұма қарауы ғажап емес. "Бастысы – имидж" деген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу