Кәсіпкер қазақ жерінде "ұлттар шайқасын" өткізуді ұсынды

3565

Идея коронавирустан кейінгі заманда қаралмақ. 

Кәсіпкер қазақ жерінде "ұлттар шайқасын" өткізуді ұсынды Фото: informburo.kz

Мемлекет болғасын, олар бір-бірімен бәсекелеспей, бақталаспай тұрмайды. Бұл кейде соғысқа, қарулы шиеленіске ұласып жатады. Қазіргі дәуірде мемлекеттер арасындағы тайталастың өркениетті форматтары ойлап табылған. Мысалы, дүниежүзі елдері жаһандық спорт сайыстарында күш сынасады. Бұған қоса, "АрМИ" сияқты жыл сайынғы армиялық халықаралық ойындар да бар. Дегенмен, оларға қатысушы мемлекеттер бір-бірімен ашық шайқаспайды, бірінің әскери техникасын екіншісі талқандамайды. Тек қатар жарысып, қайсысының әскери қаруы қуатты, жауынгері мықты екенін анықтайды.

Алматылық кәсіпкер Ерлан Сарсембаев қазіргі адамдарды бұл қанағаттандырмайтынын айтады. Сондықтан ол Үкімет мүшелеріне және әкімдерге "Ұлттар шайқасы–Битва наций" жобасын Қазақстанда жүзеге асыруды ұсынды. Ол байырғыдағы батырлардың жекпе-жегіне, рыцарлардың шайқасына жақын.

"Қазақстанда халықаралық тарихи турнирлер ұйымдастыруды ұсынамын. Оны "Ұлттар шайқасы–Битва наций" тарихи ортағасырлық ұрыс бойынша әлем чемпионаты деп атау керек. Бұл ерекше әскери-спорттық мейрам көрермендерді өткен ғасырларға, батырлардың айқас алаңына "алып кетеді". Рас, қазіргі кезде әлемде тарихи фестивальдер көп. "Ұлттар шайқасы" олардан айрықша реализмімен дараланатын болады. Бұл турнирге әртүрлі континенттерден келетін қатысушылар музейдегі экспонаттардан көшірілген, күнмен жарқ-жұрқ еткен сауыт-сайманын және ескі қару-жарақ түрлерін көрерменге паш етіп, мақтанумен, сылаңданумен шектелмейді. Олар майдан даласында әділ шайқасқа түсіп, күш сынасады. Бұған тек нағыз қайсар, қаһармандары, жүрегі дауалағандары ғана жарайды. Осылайша, олар компьютер мен ғарышты игеру ғасырында нағыз батыр атану құқығына ие болады", – дейді Ерлан Түсназарұлы.

Жалпы, "ортағасырлық тарихи шайқастар" 2000-шы жылдары дербес спорт түрі ретінде қалыптаса бастады. Онда қатысушылар топ-топқа бөлініп, кәдімгідей қоян-қолтық соғысады. Бірақ қан майданнан біршама ерекшеледі: бәсекелесті мертіктіруге, өлтіруге тыйым салынған. Тек ұшы жоқ не доғал қарулар ғана пайдаланылады. Жауынгерлер тарихи үлгілер бойынша ғана жасалған болат сауыт немесе темір "доспех-комплект" киеді: заманауи фантастикалық дизайн-безендірулерге рұқсат етілмейді. Ұрыс үстінде заманауи шығыс және әскери жекпе-жек тәсілдерін қолдануға жол ашық.

Бұл спорт түрі ТМД мен Шығыс Еуропа елдеріндегі тарихи реконструкцияларға маманданған клубтардың қызметінен бастау алды. 2009 жылы олар Ортағасырлық тарихи реконструкторлар қауымдастығын құрды, Украинаның Харьковінде "сауытты әрі толық контактілі шайқастың бірінші чемпионаты" өтіп, оған Украина, Ресей, Беларусь, Польша командалары қатысқан. Содан бері жыл сайын ұйымдастырылады. Оған Германия, Канада, АҚШ, Израиль, Аргентина, Аустралия, Бельгия, Франция, Дания, Жапония, Люксембург, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания және басқасы қосылды.

"Мемлекеттік қолдаудың жоқтығы және қаржы таба алмауы кесірінен Қазақстандағы командалар бірде-бір рет мұндай халықаралық ойындарға қатысқан емес. Жыл сайын 250 мыңдай адам осы ғаламат шараны көруге жиналады. Ойындар Украинадағы Хотин қамалы, Сербиядағы Смедерев қамалы секілді тарихи орындар маңында жүреді. Бізде де ондай орынды табуға болады. Демек, бұл көрнекті жерлерімізге қосымша жарнама болады. Қазақстанға жыл сайын 200–500 мың шетелдік турист келеді. Бұдан бөлек, қолөнершілер туындыларын, сауыт-сайман, тарихи экипировка жасап сататын орындар ашылады. Жаңа жұмыс орындары құрылады", – дейді идея авторы.

Оның айтуынша, тарихи ұлтаралық турнирді тамашалауға келген саяхатшыларға еліміздегі тарихи орындарға туржолдама ұсынып, келу туризмін дамытуға болады. Ерлан Сарсембаевтың осы салада азды-кем тәжірибесі бар екен, сондықтан жобаның ұйымдастырушысы болуға әзір. Бірақ қаржыландыруға әлеуеті жетпейді.

Әзірге астаналық өңір әкімі Ермек Маржықпаев үн қатты.

"Ақмола облысының әкімдігі өңірге туристер тарту бастамасын қолдайды. Алайда коронавирус инфекциясының таралуына және шектеулерге байланысты мәдени-бұқаралық, ойын-сауық іс-шараларын өткізуге тыйым салынған. Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғаннан кейін "Ұлттар шайқасы" тарихи ортағасырлық ұрыс чемпионатын ұйымдастыру мәселесі қаралатын болады", – деді әкім Е.Маржықпаев.  

Ал әлеуметтанушы Ақтоты Жарасова мұндай жобаны мемлекеттің қаржыландыра қоятынына күмәнданады.

"Мен Жаңа Зеландияда ортағасырлық тарихи шайқастарды көргенмін. Оған көбінесе, скинхедтер деп аталатын ұлтшыл топтар қатысады екен. Қатысушылар ұшы болмағанымен, кәдімгідей ауыр темір қарулармен қарсыласын төмпештейді, оның денесінің кез келген бөлігіне соққы жасай алады. Яғни, заңдастырылған зорлық. Мысалы, "жауының" басына сілтей соққы жасап жатты. Қазақстан басшылығы соғысқа қарсы, бейбіт саясат ұстанады ғой. Оның үстіне "қазақтармен соғысамыз" деп Ресей скинхедтері елге қаптап келуі мүмкін. Екі ел арасында визалық режим жоқ, турнир біткен соң тарап кетсе, оларды таппай қаласың. Қылмыс өршісе не болады? Мұндай агрессивті ойындармен туризмді дамытудың теріс жақтары болуы мүмкін", – деген пікір білдірді сарапшы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу