"Қасіретті қаңтар оқиғасы": шын кінәлілер жазасын алды ма?

2507

"Қаңтар оқиғасы". 2022 жылы қазақ қоғамын дір сілкіндірген, қара жамылдырып, билікке сынақ болған айрықша жағдай. Тәуелсіздік бесігі саналатын Алматы қаласы шаһар тарихында болмаған бүліншіліктің астында қалғаны тағы бар. Белгісіздікке толы 1 аптаны қала тұрғындары ұмыта алмасы анық.  

"Қасіретті қаңтар оқиғасы": шын кінәлілер жазасын алды ма? Фото: egemen.kz

Оны ұйымдастырған кім, қарапайым халықтың демократиялық құндылығына тән бейбіт шеруі майдан даласына бергісіз бүліншікке ұласуына кімдер мүдделі болды?

"Ескертусіз атылған оқ", құрбан болған бейкүнә сәбилер, баласынан айырылған аналар және әкесінен айырылған балалар. Сорақысы - халықтың үнін билікке жеткіземіз деп бейбіт шеруге шыққан жандардың оққа ұшуы, жаралануы және жарасы жазылар-жазылмас тергеуге алынып, изоляторға қамалып және сол жерде кешірілмес күнә жасағандай үтік басылып, азапталуы...

"Қаңтар оқиғасы" құпиясы мен себеп-салдары бір жылда ашылып, бір күнде баға берілетін қарапайым жағдай емес, күрделі оқиға.

Ал, тергеу барысы қалай жүрді? Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Қаңтар оқиғасын" тергеу барысы туралы өткен жылдың 15 қаңтарынан бастап 14 желтоқсанға дейін 24 брифинг өткізіпті. 2022 жылғы 15 қаңтар күнгі брифингте Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев "Қаңтар оқиғасына" қатысты мынадай мәлімдеме жасаған болатын:

"Бүгінгі күні 4578 жәбірленуші анықталды, оның 4353-і жараланды, оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде мәйітханаларға қаза тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі – терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкерлері бар. Өкінішке орай, бейбіт тұрғындар да терроризм актілерінің құрбаны болды".

Сол брифингте Бас прокуратураның өкілдері берген мәліметке сәйкес, "тергеу-жедел топтары 546 қылмыстық істі тергеуде, оның ішінде 44-і - терроризм актілері, 34-і – жаппай тәртіпсіздіктер, 15-і – адам өлтіру бойынша және т.б. Уақытша ұстау изоляторына қылмыс жасады деген 672 күдікті ұсталды, оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды" деген ақпарат таратылған болатын.

Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов 2022 жыл 22 қаңтар күнгі брифингте 819 қылмыстық іс тергелуде екенін мәлімдеген болатын.

 "Оның ішінде 45-і терроризм актілері, 36-ы жаппай тәртіпсіздік, 15-і адам өлтіру деректері бойынша. Сонымен қатар, ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне қатысты күш қолдану фактілерімен қылмыстық істер тергелуде. Бұл істер бойынша 970 күдікті қамауға алынып, олардың ішінде 182-сі соттың санкциясымен күзетпен ұстауға алынған, 29-на қатысты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған. 464 адам терроризм және жаппай тәртіпсіздік істері бойынша ұсталды.  Бұдан басқа, 226 тұлға ұрлық, 60-сы қаруды заңсыз сақтау, 39-ы қаруларды жымқыру, 25-і бұзақылық, 21 тонау деректерімен қамауға алынды", - деді Елдос Қилымжанов.

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы төрағасы Жанат Ешмағамбетов 16 ақпан күні өткен брифингте тергеу изоляторында 728 адам отырғанын хабарлады.

Бұл оқиғаның ізін суытпай жүргізілген тергеп-тексеру нәтижесінде өндіріске алынған істер туралы ақпарат.

Ал, 2022 жылғы 22 желтоқсан күн өткен, Бас прокуратураның осы жылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында Қаңтар оқиғасын тергеу аяқталып жатқанын мәлімдеді

Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәжімбаев Қаңтар оқиғасына қатысты қанша адамға қатысты сот үкімі шыққанын мәлімдеді.

"Бүгінде 1249 тұлға сотталды. Негізінен олар ұрлық жасап, қару тонаған, тәртіпсіздіктерге қатысқан. Нақты мерзімге 160 тұлға сотталды. Қалғандары біршама жеңіл жазаға тартылды. Мәсімовке және ҰҚК-нің өзге де басшыларына қатысты іс сотқаа жіберілді. Оларға билікті басып алуға тырысу, мемлекетке опасыздық жасау және билікті асыра пайдалану айыбы тағылған. Сонымен қатар биілікті асыра пайдаланды деп айыпталған бұрынғы Қорғаныс министрі Бектанов ісі де сотта жатыр", - деді Тимур Тәжімбаев.

Сонымен қатар, оның дерегінше, тергеу барысында зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша Алматы мен Талдықорған қалаларында ҰҚК мен ІІМ-нің 29 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс аяқталды. Оның ішінде 17 іс сотқа жіберілген.

Жалпы, жыл бойы тергеу барысы жайлы қаншама ақпарат тарады, Бас прокуратура мен ІІМ өткізген жоғарыда біз атап өткен брифингтер бұл органдардың "Қаңтар оқиғасына" қатысты істе барынша қоғамға ашық болуға талпынысының бір көрінісі деп бағалауға да болатын шығар.

Тергеп-тексеру органдарының Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың тізімін жылдың ортасына дейін ашық жария етпеуіне де қоғам тарапынан ішкі наразылық һәм сенімсіздіктің болуына ықпал етпей қойған жоқ. Азаттық радиосы 1 маусым күні "Қанды қаңтар құрбандары" деп аталатын арнайы жобаны таныстырды. 188 адамның есімі жарияланған бұл тізім қаза болғандардың жақындары мен туыстарының баяндаулары арқылы жасақталған еді. Ынталы топ тізімді толықтыра беретінін жария етті. Өйткені, ресми дерек бойынша 230 адам қаза тапты деп мәлімделген болатын. 

14 наурыз күні Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Бас прокурор Берік Асылов тергеу амалдарына байланысты қайтыс болғандардың тізімін жариялауға қатысты шектеулер бар екенін айтқан еді.

"Шектеулер бар. Кімнің кім екені тергеулер кезінде зерделенеді. Соның бәрі анықталғаннан кейін біз оны жариялай аламыз", - деген болатын Берік Асылов.

Ал, бас прокуратура қаза болғандардың ресми тізімін 2022 жылдың 16 тамызында ғана жариялады. Тізімде 238 марқұмның аты аталған. 

Жалпы, "Қаңтар оқиғасы" оған қатысқан жандардың тағдыры, тергеу барысы тіпті шығарылған үкімдерге қатысты ақпарат құралдарында аз айтылып, жазылмады. Десек те, оқиғаның барысы мен кінәлілерді анықтау мен жазалау көлемді зерттеу еңбегіне арқау болары хақ. Тек, тергеу әділ өтті ме? Нағыз кінәлілер жазасын алды ма? Әлде, қара халықтың өкілі билікке өз үнін жеткіземін деп істі болды ма? Оған уақыт төреші...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу