Inbusiness.kz таяуда 2 мыңға жуық итбалықтың қырылып қалғанын, мамандар мұның нақты себебін білмей отырғанын жазды. Нәубет көршілер жақтан келуі мүмкін. Ресей мен Әзербайжанда Еділ мен Кура өзендерінің сағасына жақын сулар гексахлоран мен басқа да ауыл шаруашылығы пестицидтерінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Сондай-ақ ресейлік және шетелдік ақпарат құралдары Ресейдің әскери авиациясы улы компоненттері бар авиабомбаларды, қанатты зымырандарды қарсыласына қарай Каспий үстінен ұшыратынын, олардың бір бөлігі ұшыру сәтінде іске қосылмай, төменге, теңізге құлайтынын алға тартып, итбалықтардың қырылуының бір себебін содан іздеу керектігін нұсқаған. Бірақ мамандар әзірге ол нұсқаны ресми қарастырмады.
Бакуде өткен COP29 климаттық саммитте П.Ширшов атындағы Океанология институтының бас ғылыми қызметкері Андрей Костяной Каспий теңізінің қазіргі таяздану деңгейін "теңдессіз" деп атады. Соның кесірінен, мысалы, Әзербайжан жақта, Нефтечала өңірінде теңіздің шамамен 9 мың гектар айдыны жалаңаштанып, құрлыққа айналды. Қазақстан жағында да Каспий жағалауы қарқынды түрде кері қайтып барады.
Соңғы рет Каспий деңгейінің көтерілуі сонау 1982 жылы болыпты. 1996 жылдан бері судың жағалаудан алыстауы процесі басталды және бүгінде тоқтаусыз жалғасуда. Ғалым әзербайжандық Report агенттігіне сұхбатында Жер қызуының көтерілуі де Каспийге кері ықпал етіп отырғанын жеткізді.
"Климаттың өзгеруі Каспий теңізінің деңгейіне тікелей әсер етеді. Егер Каспийдің таяздануы қазіргі қарқынмен жалғасса, онда таяу болашақта оның жағалауындағы елдерде, әсіресе, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан және Әзербайжанда әлеуметтік, экономикалық проблемалар туындайды", – деді зерттеуші Андрей Костяной.
Ресейдің Су стратегиясының авторы, РФ ғылым академиясының Су проблемалары институтының жер бетіндегі суларды модельдеу зертханасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы Михаил Болгов зерттеушілер құрған кесте-графикалар да Каспий теңізі деңгейінің апатты қарқынмен құлдырап бара жатқанын көрсететінін айтты. Дегенмен, гидрометеорологиялық қызметтердің дерегінше, биыл төмендеу қарқыны шамалы баяулапты.
"Каспий теңізі – Жер ғаламшарындағы ешбір мұхитқа құймайтын, аса ірі тұйықталған су қоймасы. Ол теңіз деңгейінен төмен орналасқан. Ең терең жері 1 025 метрге жетеді. Су жинау ауданы 3,5 миллион шаршы шақырымды құрайды, бұл бүкіл Үндістанның территориясына тең. Соның ішінде су айдынының ауданы 376,5 мың шаршы шақырым. Яғни, Жапонияның көлеміндей", – деп жазады RTVI.
Михаил Болговтың түсіндіруінше, теңіз негізгі 2 фактор әсерінен құбылып тұрады: бұлар – оған құятын өзендердің ағыны және Каспий бетінен судың буланып, ұшып кетуі. Бұған қоса, оның суының бір бөлігі Түрікменстандағы Қарабұғаз–Гол шығанағына ағып кетеді. Сондай-ақ Каспий үстінен жауатын жаңбыр оған су қосады. Осылардың әрқайсысының артуы не кемуі теңіздегі суға тиісінше ықпал етеді.
Ресейлік ғалымның айтуынша, Каспийге құйылатын судың 85%-ы әлемдегі ең ірі өзендердің бірі саналатын Еділдің (Волга) еншісінде.
"Бұл жерде тек Еділден ғана емес, барлық өзендерден түсетін су немесе жиынтықты түсім азайып кетті. Бұл – ұзақ мерзімді тенденция: барлық өзендердің түсу кестесіне қарасақ, соңғы 15–20 жыл бойы жиынтықты түсімнің тіпті орташа шамадан да төмен екенін байқаймыз. Каспийдің деңгейі мұндай құбылыстарға өте сезімтал", – деді ғалым Болгов.
Теңіздің таяздануына түрткі болып отырған екінші ірі фактор – судың буланып ұшу көлемінің артуы. Бұған климаттың жылынуы серпін бергенге ұқсайды.
"Метеорологиялық реанализ деп аталатын заманауи әдістер көрсеткендей, соңғы онжылдықтарда булану ұлғайды. Бұл да Каспий теңізіне соққы. Бұл – біз үшін жаңа эффект болды, себебі, бұған дейін біз булануды қалыпты, стационарлы процесс және уақыт өтсе де оның қасиеттері өзгермей қалады деп санап келдік. Міне, енді соңғы деректер булану көлемі артып бара жатқанын паш етті. Біз мұны жаһандық жылынумен байланыстырамыз. Өйткені булануға температура да, желдің жылдамдығы да үлес қосады", – деді ғалым.
Зерттеушілер әлемдік климаттық кризис кесірінен Жер шарының жаппай ылғалынан, кәусарынан айрыла бастағанын айтып дабыл қағуда. ТМД көлеміндегі ірі су қоймаларында, мысалы, Балқаш, Дон бассейндерінде климаттық өзгерістер салдарынан су деңгейі төмен түсіп барады екен.
Михаил Болгов тағы бір қауіпті факторға назар аудартты: өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері Ресей, Әзербайжан, Иран Каспийге құятын өзендерді бұрып, буып, қаптаған су қоймаларын жасап алды. Олардағы су электр энергетикасын өндіруге, егістіктерді суаруға, мелиорацияға пайдаланылады, ауыз су ретінде тұтынылады. Содан ол өзендер суының көбі Каспийге жетпейтін болды. Оның үстінде алып су қоймаларының айдынынан біраз су бу болып ұшып кетеді.
Сондықтан мамандардың пікірінше, Каспий жағалауында орналасқан 5 мемлекеттің басшылары арнайы саммит жиып, бірге бас қосып, теңізді толтыруға үлес қосатын компенсациялық іс-шараларды жоспарлауы және оларды іс жүзінде жүзеге асыруы қажет. Онсыз бұл елдердің шаруашылық қызметі Каспийдің құртып тынуына "сүбелі үлес" қосады.
Қазақстандық ғалымдар Каспий теңізінің деңгейі өткен ғасырда да осылай құлағанын, демек, бір қайтып, бір толып тұратынын алға тартып жүр. Бірақ доктор Михаил Болгов теңіз деңгейінің бұл жолғы құлдырауы өзгеше екенін және тіксінтетінін айтты.
"ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Каспийді суымен толтыратын өте ауқымды өңірді тосыннан қуаңшылық жайлады. Құрғақшылық ұзақ жылдарға созылды. Салдарынан бес немесе жеті жыл бойы Еділ өзенінен, басқасынан су экстремалды аз түсті. Каспий жағалаулары қатты таязданды. Алайда ол кездегі бұл құбылыс табиғи климаттық себептерге байланысты туындаған еді. Өйткені 30-шы жылдары теңіз жағасындағы елдерде не су қоймалары болмады, не мелиорация қарқынды жүргізілмеді. Бүгінде осының бәрі бар. Су қазіргідей көлемде ағыл-тегіл ысырап етілмейтін. Бұған енді климаттық дағдарыс қосылып отыр", – деді ғалым.
Оның айтуынша, Каспийдің таяздануынан Қазақстан көп зардап шегеді.
"Мысалы, теңіз деңгейінің төмендеуі Иран үшін қорқынышты емес, себебі, оның жағалауы тереңдеу. Керісінше, теңіз суы көтерілген жылдары проблема туып, тасқын су жағалаудағы елді мекендерді шайып кететін. Мен қонақ үй кешендерін қорғау үшін ирандықтардың дамба-бөгет тұрғызғанына куә болғанмын. Ал, Қазақстанның жағалауы жайпауыт-жазық болып келеді. Сондықтан теңіз деңгейінің төмендеуінен ең көп нұқсан Қазақстанға келеді. Егер Иранда теңіз суы 10 метрге ғана алыстаса, Қазақстанда жағалау сызығы шақырымдарға кері шегінеді. Салдарынан, қазақстандықтар мұнай өндірісінде проблемалар туындағанына шағымданады. Себебі, Солтүстік Каспийде мұнай жасанды аралдарда өндіріледі. Бұл Қазақстанды төтенше-критикалық жағдайға соқтыруы мүмкін", – деді су маманы, инженер Михаил Болгов.
Ол сондай-ақ Ақтау, Құрық порттарына паромдардың, танкерлердің таяп келіп, толық жүктелуі мұңға айналғандықтан, Қазақстан Үкіметі былтырдан бері теңіз түбін жасанды түрде тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатқанын қаперге салды. Бірақ ол жұмыстар қазіргі "-28 метр" деңгейге есептелген екен. Егер су деңгейі -29, тіпті рекордтық -30 метрге түсіп кетсе, ол жұмыстар зая, жарамсыз болмақ.
Олай болса, Каспий теңізін сақтап қалу шараларына және соған барлық каспийлік мемлекеттерді жұмылдыруға бірінші кезекте Қазақстан ынталы болуға тиіс еді.
Айтқандай, профессор Григорий Рычагов бастаған бір топ халықаралық ғалым Каспийдің 10 мың жылдық (!) тарихын қалпына келтіріп, бағзы замандардағы деңгейі қандай болғанын зерделеді.
Осы мақсатта ғалымдар тектоникалық қозғалыстарды реконструкциялады. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, жер қыртыстарынан белгілі бір тереңдікте және тұздылықта ғана өмір сүретін тиісті ағза-организмдерді тапты. Солардың қалдығы арқылы әр мыңжылдықта су деңгейінің қалай құбылғанын анықтаған.
Соның нәтижесінде, 6 мың жыл бұрын Каспий теңізі қазіргі деңгейінен (-28) 8 метрге жоғары болғанын жариялады.
Жалпы, палеогеографтардың мәліметінше, 2 мың жыл бұрын Әмударияның өзі Каспийге құйған екен. Бұған әскерімен бірге осы өңірге дейін жеткен Александр Македонскийдің өзі куә болыпты. Бүгінде Каспийді "қоректендіретін" Еділ өзенінің суы да сұйыла бастады.