Каспий теңізін қорғау туралы заң қабылданды

1515

Заңның мақсаты қандай? Депутаттар оны жүзеге асыруда нені ескеруді ұсынды?   

Каспий теңізін қорғау туралы заң қабылданды

Сенаттың жалпы отырысында "Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заңы қабылданды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Жиында баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев: "Хаттаманың мақсаты – Каспий теңізінің биологиялық әртүрлілігін, экожүйесін сақтау және биологиялық ресурстарын тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету", – деді.

Баяндамашының сөзіне қарағанда, Каспий маңы мемлекеттері мынадай шараларды қабылдауды қарастырған:

- қорғалатын түрлері мен олардың мекендеу ортасына теріс әсерін тигізетін қызметті реттеу;

- флора мен фаунаның қорғалатын түрлерін, олардың бөлшектерін, дериваттарын коммерциялық мақсатта әдейі, кездейсоқ аулауды және қажеттілігіне қарай оларға тыйым салуды бақылау. Әсіресе, көбею, инкувация, ұйықтау, қоныс аудару кезеңінде және басқа да биологиялық күйзеліс кезеңінде бұзылуға әкеліп соғатын қызметті бақылау, қажетіне қарай оған тыйым салу.

"Аудандарды қорғау және оларды басқару мақсатында қажетті табиғат қорғау шаралары жүргізіледі. Оның ішінде: экожүйенің тұтастығына тікелей немесе жанама зиян келтіруі мүмкін қалдықтар мен өзге де заттарды көмуге немесе орналастыруға тыйым салу; осы ауданға интродукцияны және реинтродукцияны реттеу; құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына байланысты кез келген қызметті реттеу; балық аулауды, аңшылықты, жануарларды аулауды, өсімдіктер жинауды немесе оларды жоюды реттеу ескерілген. Хаттамаға қосылу арқылы Қазақстан биологиялық әртүрлілікті сақтауға, теңіз кемелерінен және антропогендік көздерден қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге, биологиялық ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге және Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі жедел әрі тиімді шараларды іске асыруға тиіс. Яғни мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығына жәрдемдесуге қатысу қажет", – деді Серікқали Брекешев. 

"Балық инспекторлары жетпейді"

Заң жобасын талқылауға қатысқан депутат Ақылбек Күрішбаев Каспий теңізінің биологиялық ресурстарының сарқылуына экологияның өзгеруі ғана емес, теңіздің экожүйесіне антропогендік араласу да себеп болып отырғанын айтады. 

"Атап айтқанда, ол теңіз түбінде мұнай өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты болуы мүмкін" деді. 

Депутаттың пікіріне қарағанда, қарастырылып отырған Заң жобасын іске асыруға қатысты бірқатар проблема бар.

"Қазақстан жағындағы теңіздің биологиялық әртүрлілігін кім және қалай бағалайды? Әлемде мұндай шаруа іргелі ғылыми зерттеумен жүзеге асады. Яғни тәуелсіз баға бере алатын, арнайы базасы жасақталған мемлекеттік мекеме айналысуы керек. Иран, Ресей, Әзірбайжан сияқты көршілерде мұндай іспен мемлекеттік ғылыми-ауыл шаруашылық институттар айналысады. Ал біз оны бәсекелестік ортаға, яғни жекеменшік мекемеге бердік. Әлбетте, ғылым деген бәсекемен дамуы керек, бірақ бұл жерде табиғи заңдылықтарды орнатумен байланысты іргелі зерттеу қажет. Бәлкім, сондықтан мұнай компанияларының алдында экология мүддесін тиісті деңгейде қорғай алмай отырған шығармыз? Қазақстанда балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бар, бірақ ғалымдар Каспийдің биоресурстарын зерттеумен айналыса алмай отыр. Өйткені лайықты теңіз ғылыми-эксперименттік базасы жоқ", – деді депутат.

Оның айтуы бойынша, балық инспекторлары да жеткіліксіз.

"Биологиялық ресурстардың сақталуын мемлекеттік инспекция қызметі қамтамасыз етеді. Бірақ балық инспекторлары жылдан-жылға азайып барады. Қазір Жайық-Каспий бассейні балық шаруашылығы инспекциясында тек 123 инспектор бар. Бұл үш бірдей облыстың су ресурстарын және теңіздің биологиялық ресурстарын бақылауға жетпейді. Қорытындылай келе Заң жобасын қолдайтынымды, бірақ мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға мұқият назар аударуымыз қажет екенін айтқым келеді", – деді Ақылбек Күрішбаев.

P.S. Айта кету керек, Ақтауда 2018 жылы өткен бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша, Каспий маңы мемлекеттері басшылары арнайы Заңды күшіне енгізу үшін мемлекетішілік кездесулер өткізуге шешім қабылдаған. Осыған байланысты Қазақстанда Заң жобасы әзірленген. 

Оны биыл Парламент мәжілісі мақұлдаған. Енді сенаторлар бірауыздан қолдап дауыс берді.

"Каспий теңізінің биологиялық алуандығы мен экожүйесін сақтау – еліміз үшін стратегиялық маңызды мәселелердің бірі. Осы ретте бүгін қабылданған заң аса маңызды. Бұл құжат теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің ынтымақтастығын күшейтіп, Каспийдің экожүйесін сақтауға өз үлесін қосады деп сенеміз", – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жасын Қалибек


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу