"Рим бейбітшілік пен сұхбаттастықтың астанасына айналды". Бұл туралы Италияның Сыртқы істер министрі Антонио Таяни мәлімдеді.
Римде АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің екінші айналымы тәмамдалды. Оның өтуіне тағы да Оман елі араағайын болды. Жабық есік жағдайындағы, яғни, журналисттер қатыстырылмаған кездесу Италия астанасының Камиллуччиа ауданында орналасқан Оман елшілігінің ғимаратында өткізілді.
АҚШ тарапынан делегацияны Америка Президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф, Иран Ислам Республикасы тарапынан Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастап келді. Араағайын тарапты Оманның Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди ұсынды.
Жүздесу қорытындысында Иран СІМ-інің басшысы келіссөздердің "пайдалы" болғанына екпін түсірді. Оның айтуынша, қос тарап бірнеше күннен кейін техникалық деңгейдегі тікелей емес келіссөздерді жалғастыруға келісіп тарқасты. Оның қорытындысында, келесі сенбіде тағы бір раунд өтуі мүмкін.
"Тарихи" келіссөздердің бірінші раунды биылғы 12 сәуірде Оманда өткен болатын. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, Иран Америкадан біраз санкциясын алып тастауды, сол арқылы санкциялық қысымды азайтуды талап етуде.
"Оған айырбас ретінде Иран 2015 жылғы Вена ядролық келісімінде қарастырылған талапқа сәйкес, уранды байытудың нормаларына оралуға уәде етті. Америкалық тарап та Тегеранды енді уранды байытудан толығымен бас тартуға шақырмады. Бірақ Ираннан бұған дейін әзірлеп үлгерген изотоптарды ядролық қару жасау үшін пайдаланбауды сұрады", – деп мәлім етті Euronews.
Еуропалық сарапшылардың байламынша, Иранның бір жеңісі де осында. Өйткені біріншіден, таяуда Израиль Тегеранның ядролық объектілеріне жойқын әрі үстемелете авиасоққы беріп, бұл елдің ядролық бағдарламасына нүкте қоюға ниеттенген. Алайда, Иранды бейбіт келіссөзге иліктіру үшін одақтасының бұлай жасауына Трамп тыйым салып тастады.
Екіншіден, Дональд Трамп 2016-2020 жылғы өзінің бірінші каденциясы кезінде, 2018 жылғы мамырда Иранмен арадағы ядролық мәміленің парша-паршасын шығарған болатын.
"Жаппай қамтитын бірлескен іс-қимылдар жоспары" деп аталған ол келісім Американы Барак Обама басқарып тұрған тұста, 2015 жылы бекітілген еді. Оған АҚШ пен Иран сыртында Ұлыбритания, Франция мен Германия (Еуропалық Одақ), Ресей және Қытай қол қойды.
Билік басына келген Дональд Трамп сол кезде демократтар қол жеткізген бұл мәмілені "өлі, іріп-шіріген құрылым, апат" деп атады және бағдарлама Иранда ядролық қарудың пайда болуына кедергі жасай алмайды деп айыптады.
Келісім бұзылғаннан кейін Тегеран жауап шара ретінде ядролық бағдарламасына оралды. Әлгінде айтылған изотоптарды жасап үлгерді. Америка болса, Обама тұсындағы бағдарламаға зар болып қалды.
Енді екінші президенттігі тұсында Трамптың әкімшілігі 2015 жылғы ескі бағдарламадан да әлсіздеу мәмілеге келісе салуда дайын. Трамп өзі бұзған бағдарламаға қайта қол жеткізу үшін әлектенуде. Бұл жолы көршіміз Иранның позициясы мықты және өз шарттарын Америкаға таңа алады.
"Еuronews" мәміле түгіл, жай ғана келіссөздердің өткенінің өзіне Трамп әкімшілігі мәз болып, мақтанғанына назар аудартты.
"АҚШ келіссөздерді өткізе алғанын тарихи мезетке бағалады. 2018 жылы, бірінші мерзімі кезінде Трамп Иранның әлемдік державалармен ядролық мәмілесін біржақты түрде бұзды. Содан кейін екі ел арасында жаулық пен қарсы тұрудың онжылдығы басталды. Ескі мәміле экономикалық санкцияларды алуға айырбас ретінде Тегеранның уранды байытуын қатты шектеуші еді. Содан бері көп жыл Америка келісімді қайта қалпына келтіре алмады", – деп еске салды Euronews.
Халықаралық ақпарат құралдары АҚШ бастапқыда, Омандағы бірінші раунд қарсаңында біраз доқ көрсетіп, қоқиланғанына назар аудартады.
Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц "Трамптың келісімі аясында Иранның уранды байыту бағдарламасын толық әрі түбегейлі жоюға тиістігін" талап ететіндерін журналисттерге мәлімдеді.
Алайда, 12 сәуірде Оман астанасы Маскатта өткен бірінші келіссөздерден кейін АҚШ-тың беті қайтып қалды.
"Сол кездесуде Вашингтонның ұстанымын ұсынған АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Fox News-ге сұхбатында Иран ары қарай да уранды төменгі деңгейде байытуын жалғастыра алатынын жариялады. Бұл осы елдің бейбіт энергетиканы дамытуы үшін қажет көрінеді. Бұл ретте, оның айтуынша, уранды байыту өндірісін верификациялау жүйесін құру керек болады. "Демонтаж, жою" деген сөздерді АҚШ өкілі енді пайдаланбады", – деп жазды Би-Би-Си.
Уиткофф Иранның уранды "милитаризацияламауын" қадағалау, соның ішінде зымырандары мен атом бомбасын ұшыру тетіктеріне бақылау енгізу қажеттігін мәлімдеді.
Оның осы сөзіне сүйенген саясаттанушылар Трамп әкімшілігі келіссөздердің келесі кезеңінде Барак Обаманың 2015 жылғы ядролық мәмілесінің шамалы жаңғыртылған нұсқасын енгізуге және талқылауға дайындалып жатыр деп болжап, тон пішті.
Дегенмен, бір тәулік өте сала, Уиткофф өз пікірін өзгерте салды, қаһарына мінді. Ол Х желісіндегі постында АҚШ Ираннан ядролық отынды байыту бағдарламасын түпкілікті тоқтатып, одан мүлдем бас тартуды талап ететінін жариялады.
Беделді Axios басылымының жазуынша, соның қарсаңында Трамп барлық кеңесшілерін жиып, Иранға қатысты саясатты талқылаған.
Вице-президент Джей Ди Вэнс, Уиткофф және Пентагон басшысы, Қорғаныс министрі Пит Хегсет Тегераннан ядролық бағдарламасын толығымен жоюды талап етуге болмайтынына табандаған, себебі, Иран басшылығы одан енді бас тартпайтынын мәлімдеп үлгергенін алға тартқан. Демек, мұндай талап келіссөздерді тығырыққа тірейді.
Майк Уолтц пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастаған екінші топ керісінше, қатаң талап қоюды дұрыс деп есептейді. Өйткені, қазіргі кезде Иран әбден әлсіреді (Сирияны Түркияға беріп қойды), сондықтан АҚШ жеңілдік жасамауға тиіс деп санайды. Егер Тегеран Вашингтонның шартынан бас тартса, онда ядролық нысандарын бомбалауды немесе Израильдің соққы жасауына қолдау көрсетуді ұсынған.
Ақырында қатаң талапты жақтаушылар үстем шығыпты. Америкалық делегация келесі келіссөздерге түсі суық, қаһарлана аттанды. Бірақ Иран тағы да мысын басып тастады.
"Ирандық делегация әлдеқайда тәжірибелі. Америкалықтар оларға қайта-қайта жеңіліп қалуда. Оның үстіне Вашингтонның нақты жоспары да, мықты сараптамасы да жоқ. Бір қарағанда, "Иран ядролық қаруды иеленбеуге тиіс" және "Ливиядағы сияқты Иранның да ядролық бағдарламасы демонтаждалуға тиіс" деген ұстанымдар ұқсас көрінгенімен, олардың да арасында тұтас мұхиттай айырмашылық бар. Трамп әкімшілігі келіссөз жүргізбес бұрын нақты бір ұстанымын айқындап алуы керек еді", – дейді Карнеги қорының аналитигі Карим Саджадпур.
Бір шеттен бір шетке жүгіріп, сілекпесі шыққан Вашингтоннан келіп жатқан бір-біріне қайшы мәлімдеме-сигналдарға Тегеран салмақты қарап отыр.
АҚШ-пен келіссөздерде өз елінің ұстанымын қорғайтын СІМ басшысы Аббас Аракчи да Трампқа алдымен айқындалып алуға кеңес берді.
"Вашингтоннан соңғы күндері әрұдай сигнал келуде. "Иранның ядролық бағдарламасын жай ғана шектеуден" бастап, "оны толық демонтаждауды" талап етуге дейін. Бұлай бос сенделу мәмілеге келуге көмектеспейді. Америка нақты позициясын белгілеп, оны нақты түсіндіре білуі керек. Біз келіссөздерде өзімізді байсалды, салқынқанды ұстаймыз. Вашингтонды әр жаққа шайқаған қандай да бір фракциялардың ықпалына берілмейміз", – деді Аракчи журналистерге.
Оның айтуынша, Иран бірқатар сезімтал мәселелер бойынша өзара сенімді нығайтуға ашық, алайда уранды байыту мәселесі талқылауға жатпайды.
Неге Иран сонша сабырлы? Санкциялық қыспақ соны сорлатып жатқан жоқ па?
Ирантанушы ғалым Никита Смагин дәл қазір Тегеранмен ядролық келісім бірінші кезекте Трампқа қажет екенін қаперге салды.
"Ал, Иранның позициясы барынша уақыт созуға саяды. Келіссөздер де осы бағытта жылжуда. Бүгінде Иран ядролық мәміле бағытында нақты қадамдар жасауға емес, америкалықтарға екі елдің лидерлерінің тікелей келіссөз жүргізу перспективасын "сатуға" тырысуда. Осы жолда Тегеранның көңілін табу, уранды байытуға қатысты қатаң ұстанымын сәл де болса жұмсарту үшін АҚШ санкциясын жұмсартып жатса, одан Иран ұтады. Сонымен бірге, Иран басшылығы алдыңғы келісімді жыртып тастаған адаммен жаңа мәміле туралы қалай келісуге болатынын түсінбейді", – деді Смагин.
New York Times өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Тегеранның ағымдағы мақсаты – АҚШ не Израильдің елдегі екі шешуші ядролық объектіге сұрапыл соққы жасауына жол бермеу екенін хабарлады. Ол үшін келіссөздерді шетсіз-шексіз жалғастыра берсе де жетеді.
Америкалық басылымның сарапшылары Иранға келіссөздерді биылғы 18 қазанға дейін созу қажет болатынын айтты. Сол күні БҰҰ-ның "snapback sanctions" (санкцияларды лезде қайтару) тетігінің мерзімі аяқталады.
Өйткені snapback тетігі егер Тегеран мәміле шартын бұзды деп санаса, 2015 жылғы мәміленің кез келген тарапына, негізінен, Батыс елдеріне біржақты тәртіппен БҰҰ-ның барлық санкциясын ұзартуға бастама жасауына мүмкіндік береді. Қазаннан кейін ондай мүмкіндік қалмауы ықтимал.