Катар құрамасы өз алаңында топ жара ма?

1498

Үш күннен кейін Катар мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатының алғашқы кездесуі ойналады. Алаң иелерінің құрамасы жайлы не білеміз?

Катар құрамасы өз алаңында топ жара ма?

Әлем чемпионатының Катар мемлекетінде өтуінің өзі көптеген дау-дамай туғызған еді. ФИФА жемқорлыққа жол берді деп балағаттағандар да болды. Біріншіден күн-райы қолайсыз, екіншіден мундиальдың өту мерзімі қараша мен желтоқсан айына жылжыған. Бұл еуропалық құрамалар үшін өте қиын. Себебі, құрамындағы футболшылар түгелімен ішкі біріншілікте өнер көрсетіп жатады. Чемпионат өткен соң күнтізбесін қайта қарастырып, чемпионттарын жылдам ойнауға тура келеді. Ал Катар құрамасы енді осындай жағдайдан кейін өз алаңындағы жарыста ұятқа қалмай ма?

Өйткені, Катар құрамасы осыған дейін Азия құрлығынан ешқашан Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып көрмеген еді. Қалың жанкүйерлер Азия құрлығы дегенде Жапония мен Корея құрамаларының футболшыларын ғана таниды. Одан қала берсе Иран командасын еске түсірер. Ал Катар құрамасы қандай команда? Бұл команданың бас бапкері испаниялық маман Феликс Санчес Бас. Каталониялық "Барселонаның" жасөспірімдер командасын баптап, кейіннен Қатардың жастар құрамасының тізгінін ұстады. 2018 жылы Ресейде өтетін Әлем чемпионатына бұл бапкер жолдама алып бере алмады. Ел ішінде осы маманнан зор үміт болып еді. Бірақ, содан кейін 2019 жылы Санчес Бас Катар құрамасымен Азия кубогында топ жарды. Бұл Катар футболының тарихында бірінші рет болған ірі трофей болды.

Катар құрамасының ойыншыларына тоқталар болсақ, алдымен қорғанысқа көңіл бөлеміз. Португалиядан келген Ро-Ро деген қорғаушы "аль-Саад" командасына ауысып келген соң, Катар азаматтығын алды. Қазір ол ұлттық құраманың негізгі қорғаушыларының бірі. Жартылай қорғаныста Иракта туып-өскен Бассам Аль-Рави деген ойыншы бар. Ол испанияның "Селта" командасында өнер көрсеткен. Шабуыл шебіндегі Али Алмоез деген футболшы Судан елінде дүниеге келген. Кейіннен Бельгиядағы "Эйпен" футбол академиясына түскен. Жалпы осы "Эйпен" Катар елінің шейхтарының бақылауында десек те болады.  Негізгі шабуылшы Акрам Афиф те осы "Эйпен" футбол академиясының түлегі. Жалпылама алып қарайтын болсақ Қатар құрамасының негізгі ойыншыларының барлығы да Катарға көшіп келген босқындардың отбасынан шыққан адамдар. Олардың әке-шешелері осындағы бай шейхтарға қызмет ету үшін жер аударып келген. Өйткені, бай-бағландардың балалары футболды аса қатты менсіне бермейді. Катар құрамасына шақыртылатын ойыншыларға бір ғана талап бар. Олардың барлығы ислам дінін қабылдауы тиіс. Сондықтан да, құраманы күшейтү үшін олар араб футболшыларды жиі тартады. Мысалы, Хухи деген жартылай қорғаушы Алжир азаматы ретінде Алжирдің жастар құрамасына алынған. Кейіннен Катарды таңдап, осы елдің намысын қорғап жүр.

Катар футболы көп жағдайда Испания футболына қатты еліктейді. Чемпионат ішіндегі командалардың көбісі осы елдің бапкерлерін шақырады. Мысалы, Хосе Лилья, Хави, Хавьер Гарсия секілді мамандар осы елде қызмет еткен. Ұлттық құраманың ойыншылары түгелімен ішкі біріншілікте ойнайтын клубтардан жасақталған. Бұл әлбетте командалық ойын үшін өте жақсы. "Аль-Садд", "Аль Духаиль", "Аль-Раиян" деген үш команданың ойыншылары құраманың 90 пайызын құрайды.

Осы жақында бұл команда Чили құрамасымен жолдастық матч өткізді. Кездесу есебі 2:2. Оның алдында Канадаға есе жіберіп, Ямайка ұлттық құрамасымен тең түскен болатын. Жанкүйер қолдауымен алғашқы матчты жеңеміз деп үміттеніп отырғанын да жасырмаймыз. Өйткені, ұйымдастырушылар алғашқы матчта қарсылас қылып "Эквадор" құрамасын таңдап берді. Бұл команда Сенегал мен Нидерланды құрамасына қарағанда икемге келіңкірейді. Дәл қазіргі мақсат өз жерінде өтіп жатқан Әлем чемпионатта топтық кезеңнен плэй-офф кезеңіне өту болып тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу