Шенеуніктер судан келетін қауіппен күресті бастады

2910

Оған жол бермеу үшін сала шенеуніктері жазалау тетіктерін күшейтуді сұрап отыр.

Шенеуніктер судан келетін қауіппен күресті бастады Фото: gov.kz

"Үлкен бөгеттер жөніндегі халықаралық комиссияның" мәліметінше, жыл сайын әлемдегі су тораптарында 3 000-ға жуық апат болады. Бұл плотиналардағы жобалық-техникалық шешімдердің кемшіліктеріне, сондай-ақ пайдаланушы-эксплуатациялаушы қызметтердің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты.

Ең қауіпті жағдайлар гидротехникалық құрылысжайлардың (ГТҚ) өткізу қабілетінен асып кететін көлемде су келгенде тіркеледі. Мұндай кезде бөгеттің су төгетін құбырлары алапат мөлшердегі суды еңсере алмайды. ГТҚ-ның қарысып қалған қақпаларын уақытылы, тез ашу мүмкін болмай, су бөгеттің ернеуі арқылы тасып төгіле бастайды. Бұл бүкіл құрылыстың күйреп, жайрауына әкеп соқтырады.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда ақауы бар гидротехникалық құрылысжайлардың (ГТҚ), бөгет-плотиналардың саны 537-ге жеткен.

Бұл аз болса, тексеріс кезінде қолданыстағы 1 502 ГТҚ-ның ішінде 535-інің, яғни, үштен бір бөлігінен астамының тиісті техникалық құжаттары жоқ. Бұлар – мемлекет тарапынан еш бақылаусыз қалған объектілер.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған ГТҚ-лардың негізгі бөлігі коммуналдық меншікте. Сондықтан осы бөгет-плотиналар, каналдар мен су қоймаларының жай-күйін қадағалап, ақау анықталған жағдайда, оны жөндеуге әкімдіктер жауапты. Бірақ жергілікті биліктің мұндай міндеттемесін орындауына мамандарының штат саны жетпейді, қаражат тапшылығы да қолбайлау.

Саланың "жыларман" жайынан мына бір оқиға хабар береді. Ақтөбе облысында тасқын қаупінен жүрегі шайлыққан жұртшылықтың талап-тілегіне үн қатқан экоактивист жергілікті бөгеттерді өз бетінше аралап шығады. Олардың жай-күйі нашар екеніне көз жеткізіп, Бас прокуратураға шағымданған.

Экобелсенділердің өтініштері бойынша Бас прокуратура жергілікті атқарушы органдарға ГТҚ-лардың жағдайларын тексеру қажеттігі туралы ұйғарым жолдайды. Соның нәтижесінде өңірде иесіз жатқан 36 плотина, дамба мен су қоймалары анықталды. Ақтөбе облысының әкімдігіне иесіз бес дамбаны және үш көпірді құлатып жою, 21 дамбаны транзиттік режимге ауыстыру, қалған 28 объектілер бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тазарту тапсырылды.

Осылайша, тиісті жұмыстар тек экобелсенділердің бастамасымен, Бас прокуратураның нұсқау беріп, бейінді министрліктің араласуынан кейін ғана жүргізілген. Бұл тізбектің ең болмағанда бір буыны бөгеліп қалғанда Ақтөбе облысында 36 плотина-бөгендер жарылып, қаншама ауыл су астында қалатын ба еді?! Өзге өңірлердің бұл саладағы әшкереленбеген былықтары бар-жоғы белгісіз.

Министрліктің мәліметінше, көптеген ГТҚ өткен ғасырдан бері, 30–50 жылдан астам уақыт күрделі жөндеусіз қолданылуда және жоғары қауіпті объектіге айналып кетті.

Біраз ГТҚ – бөгендер, бөгеттер, су қоймалары жекеменшікке беріліп кеткен. Мысалы, балық өсіріп, аулау үшін кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген Мағаджан су қоймасының плотинасына қажет күтім жасалмаған. Оған тексеру, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Салдарынан, 2024 жылдың 5 сәуірінде бөгет жарылып, Хромтау ауданындағы үш ауыл және Ақтөбеге жақын орналасқан саяжай қауымдастықтарын су басып қалды. Күйреп, 15,8 миллион текше метр суды төменге ағызып жіберген бөгетті әуеден Премьер Олжас Бектеновтің өзі көріп қайтты.

Мағаджан су қоймасының бөгеті 1985 жылы пайдалануға берілген. Гидротехникалық құрылысжай жекеменшік "Тұлпар" ЖШС компаниясының иелігінде болған. Су тасқыны кезінде Қызылту, Табантал ауылдарының тұрғындары эвакуацияланды.

Су ресурстары министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның су шаруашылығы кешеніне жобалық көлемі 87,8 текше шақырым болатын 405 су қоймасы, 118 су торабы, 8 577 канал, 461 бөгет пен 3 805 басқа да құрылысжайлар кіреді.

Соның ішінде негізгі 1 502 объектісі тұрақты тексеруді талап етеді. Бұларға 405 су қоймасы, 247 дамба-бөген, 461 бөгет-плотина, 118 су тораптары, 271 тоғандар жатады. Анықталғандай, осы негізгі тірек ГТҚ-лардың ішінде республикалық меншіктегісі – 331, коммуналдық меншіктегісі – 936, жеке меншікке берілгені – 229. Тағы алтауы иесіз жатыр.

2024 жылы сол 1 502 ГТҚ-ның 118-і немесе жалпы санының 8%-ы ғана көп факторлы тексеруден өткізілді. Оның ішінде республикалық меншіктегісі – 32, коммуналдық меншіктегісі – 79, жеке меншіктегісі – 7.

"ТЖД және жергілікті әкімдіктердің өкілдерімен, сондай-ақ ГТҚ меншік иелерімен бірлесіп, бассейндік инспекция мамандары жыл сайын визуалды тексерулер жүргізеді. Қорытындысында 537 ГТҚ-ның шұғыл жөндеуді талап ететіні әшкереленді. Оның ішінде республикалық меншіктегісі – 52, коммуналдық меншіктегісі – 427, жеке меншіктегісі – 49. Тағы 9-ы иесіз жатыр", – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің сарапшылары.

Атап айтқанда, келесі бөген-бөгеттерге және басқа да гидротехникалық құрылысжайларға қауіп төнуде:

·      Қарағанды облысында – 203,

·      Шығыс Қазақстан облысында – 54,

·      Алматы облысында – 48,

·      Ақтөбе облысында – 29,

·      Абай облысында – 28,

·      Ақмола облысында – 27,

·      Жамбыл облысында – 18,

·      Батыс Қазақстан облысында – 15,

·      Ұлытау облысында – 15,

·      Жетісу облысында – 13,

·      Қостанай облысында – 12,

·      Қызылорда облысында – 11,

·      Түркістан облысында – 11,

·      Алматы қаласында – 9,

·      Атырау облысында – 7,

·      Солтүстік Қазақстан облысында – 5,

·      Павлодар облысында – 3

·      Маңғыстау облысында – 1,

·      Шымкентте – 1 ГТҚ-ны жөндеу кезек күттірмейді.

Ведомство сарапшылары қолданыстағы тетіктері тым жұмсақ, қауқарсыз болып тұрғанын ашық айтады.

2019 жылдан бастап 2024 жылдың 1 жартыжылдығы аралығында мемлекеттік бақылаудың нәтижесінде 445 субъектіге тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, оларда 1 202 бұзушылық анықталды. Мемлекет пайдасына 40 млн 114,9 мың теңге өндіріп алынған.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 299-бабы аясында бассейндік инспекциялар 2019 жылдан бастап 2024 жылдың 1 жартыжылдығы арасында 17 бұзушылық қана тіркей алды. 2019 жылы – 0, 2020 жылы – 0, 2021 жылы – 6, 2022 жылы – 5, 2023 жылы – 4, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында – 2 бұзушылық анықталған.

Өйткені олардың құзыры шектеулі. Мамандар бұл олқылық биылғы ақпаннан бері Мәжілістің қарауында жатқан жаңа Су кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне заңнамалық түзетулер аясында шешіледі деп күтуде.

Мысалы, Су кодексі жобасында Су ресурстары министрлігінің бассейндік инспекцияларының құзырын кеңейту ұсынылған: егер депутаттар шолтитын кесіп тастамаса, инспекциялар мемлекеттік бақылау сыртында, қадағалау және жазалау функцияларына қол жеткізеді.

Сарапшылардың "жаза жұмсақ" деуіне негіз бардай: Әкімшілік кодексінің қолданыстағы 299-бабының жаңа 359-1-бапқа ауыстырылған үшінші және төртінші бөліктері бойынша, яғни, "Бөгеттерді декларацияланатын бөгеттерге жатқызу өлшемшарттарына сәйкес келетін тежеуіш гидротехникалық құрылысжайларды қауіпсіздік декларациясы болмай пайдаланғаны" үшін 25 АЕК (биыл 92 300 теңге) ғана айыппұл салынады.

Ең ауыр жазасы – әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК (1 476 800 теңге) айыппұл арқалатады.

Жаңа заңнамалық топтама бұл жазаларды бірнеше есеге ауырлатқалы тұр. Атап айтқанда, Әкімшілік кодексінің 359-1-бабының бірінші және екінші бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікті келесідей қатаңдатуды ұсынады:

·      жеке тұлғаларға – 150 АЕК,

·      шағын кәсіпкерлікке – 300 АЕК,

·      орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК,

·      ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 АЕК (2024 жылы 3 692 000 теңге) көлемінде айыппұл салу.

ӘҚБтК-ң 359-1-бабының үшінші бөлігі бойынша:

·      жеке тұлғаларға – 150 АЕК,

·      шағын кәсіпкерлік нысандарына – 500 АЕК,

·      орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 700 АЕК,

·      ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 2000 АЕК (биылғы жылы 7 384 000 теңге) көлемінде айыппұл салу ұсынылады.

Жалпы, көптеген ауыл-қаланы түн жамылып басып қалатын тасқынның өзі қауіп. Ал, егер оған гүрсілдей құлап, күйрей бұзылатын ірі бөгет-бөгендер қосылса, қауіп-қатер еселеп өспек.

Осы және басқа проблемалардың алдын алу, сондай-ақ халыққа судың үздіксіз және қауіпсіз берілуін қамтамасыз ету үшін, мамандардың айтуынша, барлық ГТҚ объектілеріне тұрақты техникалық қызмет көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ олардың жай-күйін бақылау, жоспарлы және апаттық жөндеу, олардың тиімділігі мен сенімділігін арттыру үшін қолданыстағы жүйелерді жаңғырту және техникалық жақсарту өте маңызды. Депутаттар осының бәрін Су кодексі жобасында ескергені жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу