Қауіпсіздік жөнінен Астана Сидней мен Анкарадан озды

4516

Қауіпсіз қалалардың әлемдік рейтингіндегі Астананың орны анықталды. Қазақстанның бас қаласының тұрғындар мен туристер үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жаңа жобалар пысықталуда. 

Қауіпсіздік жөнінен Астана Сидней мен Анкарадан озды Фото: inbusiness.kz

Германиялық турист Йоханн Франке елордаға мәміле бекіту үшін келіпті. Шаһарда бұған дейін де болған екен: он жылдай бұрын Астанадағы экономикалық форумға қатысыпты. Онда қаланы аралауға мүмкіндік болмағанын айтады.

"Әуежай, қонақүй, Тәуелсіздік сарайы арасында ғана сапарладым. Әрі біздің делегация мінген автобусты жол полициясы қорғаштап, ілесіп жүрді. Содан былтырғы қаңтарда біздің телеарналар Қазақстанның он шақты қаласында бүлік болып, әкімшілік ғимараттар өртеліп, бизнес нысандары тоналып жатқаны туралы сюжеттерді бірнеше күн көрсетті. Қазақстан дамуда арттап қалған елдердің қатарына қосылғандай көрінген. Бұл жолы қазақстандық нарыққа кірген инвестордың консультанты ретінде Астанаға оралуға тура келді. Туристік ұйым "бұл қалада қылмыс жоғары" деген ақпарат берген. Оның шындыққа жанаспайтынына куә болдым. Кеше зайыбыммен қаланы аралап, кешкі шаһарды "Шолу шеңберінен" тамашаладық. Біздің Ганноверде кейде бұрышта сөмкеңді жұлып, алып қашуы мүмкін. Астанада ондай оқиғаға тап болмадық", – дейді Йоханн.

Дүниежүзіндегі ең ірі деректер базасы болып табылатын Numbeo компаниясы 2023 жылғы "Қылмыс индексі" (Crime Index 2023) рейтингін жариялады. Оның сарапшыларының түсіндіруінше, әлемдегі кез келген қала тізімде неғұрлым жоғары орналасса, ондағы қылмыс та соғұрлым жоғары деген сөз. Нәтижесінде, биыл төрткүл дүниедегі ең қауіпті қалалардың ондығына Венесуэла астанасы Каракас, Оңтүстік Африка республикасының әкімшілік астанасы Претория мен Дурбан, Йоханнесбург қалалары, Гондурастың Сан-Педро-Суласы, Папуа-Жаңа Гвинеяның Порт-Морсбиі, сондай-ақ Бразилияның үш қаласы – Рио-де-Жанейро, Сальвадор және Форталеза кірді.

Фото: inbusiness.kz 

Өкінішке қарай, қанды қаңтар оқиғаларының басты ошағы болған Алматы қаласы биыл 53-орынға "көтерілді". Яғни, әлемдегі ең қауіпті қалалардың елулігіне таяды. Халықаралық сарапшылар Алатау бөктеріндегі әсем шаһардың қылмыс индексін тым көп 62,5 балға, ал қауіпсіздік индексін небәрі 37,5 балға ғана бағалады.

Астана ше? Бас қаламыз қайта әлемдегі қауіпсіз қалалардың қатарына қосылып отыр. Халықаралық эксперттер оған барынша жоғары баға берді: Астананың қылмыс индексі 33,7 балл ғана. Ал қауіпсіздік индексі 66,3 балл. Осының арқасында Қазақстанның астанасы 252-ші биік тұғырға қонды.

Фото: inbusiness.kz 

Әділдік үшін айта кетелік, әлемде бірде-бір қала 100 балл жинай алмады. Нәтижесінде дүниежүзіндегі ең бейбіт, қауіпсіз, қолайлы қала атанған Біріккен араб әмірліктерінің Абу Даби қаласы – 88,3, БАӘ-нің Аджманы – 86,8, Катардың Дохасы – 86 балға ие болды.

Шетелдік мамандар Астананы тіпті Австралияның Сиднейінен, Германияның Дюссельдорфынан, Канаданың Калгариі мен Ванкуверінен, Сербия астанасы Белградтан, Түркия астанасы Анкарадан, Италияның Флоренциясынан, Американың Бостонынан қауіпсіздеу деп таныды.

Жалпы алғанда, Астана қауіпсіздігі жөнінен жаһандағы 252 ірі қаладан, соның ішінде дамыған елдердің шаһарларынан да биік орналасты.

Қауіпсіздіктің осал тұстары қандай?

Бірақ Қазақстанның астанасына жеткенге тоқмейілсімей, тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіздік деңгейін арттыра түскен жөн. Әйтпесе, Ішкі істер министрлігі елордада қылмыстың кейбір түрі өршіп тұрғанына назар аудартады. Тарата айтсақ, астаналықтар да жиі телефон және онлайн алаяқтықтың құрбаны болады. Оның үстіне ұялы телефон ұрлау да тыйылмай тұр. Астана қаласының Полиция департаменті осы салалардағы қимылына қарқын бергені абзал.  

"Әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсер етуімен елордада, Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында киберқылмыс кең таралған. 10 мың тұрғынға шаққанда ұялы телефон ұрлығының да үлес салмағы жоғары өңірлерге Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары кіреді", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Жалпы алғанда, ведомство қауіпсіздік деңгейін жақсы бағалады. Оны анықтау үшін тәуелсіз сарапшылар тұрғындар арасында сұрау салып, әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Сонда азаматтар түнде көшеде серуендеу кезіндегі қауіпсіздік сезімін салыстырмалы түрде жоғары деңгейде (72%) айқындады. Бұл "зорлық-зомбылық нәтижесінде виктимизацияның төмен қаупіне сәйкес келеді". Жасы, жынысы, табыс деңгейі және білімі бойынша виктимизация көрсеткіштері дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін көрінеді.

Фото: inbusiness.kz 

Соған қарамастан, мемлекет республикалық ауқымдағы шаралар аясында елорданың қауіпсіздігін арттыра түспек.

Елорданың жанында сотталғандар ұсталатын колония орналасқан. Одан босағандар не қалада қалады немесе өзге өңірлерге кеткенше, уақытша тұрады. Сондықтан ІІМ мәліметінше, бас бостандығынан айыру орындарында және олар босатылғаннан кейін жазасын өтеп жатқан адамдарды әлеуметтендіру бойынша ішкі істер органдарының жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылының тиімді тетігін әзірлеу қажет. Ол пилоттық жоба түрінде сынақтан өтуге тиіс.

Фото: inbusiness.kz 

Профилактиканы күшейту мақсатында қайталама құқық бұзушылықтар жасауға бейім жүйелі құқық бұзушыларға қатысты заңнамалық шектеулер мен бақылаудың қосымша түрлерін енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Бұл істе жоғары технологиялар көмекке келмек. Цифрлық құралдар мен биометриялық тіркеуді енгізу аталған контингенттің өмір салты мен мінез-құлқын неғұрлым тиімді бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нақтылағанда, 2025 жылғы желтоқсанға дейін "ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарға олардың өмір салты мен мінез-құлқын қашықтықтан бақылау үшін электрондық бақылау жабдығын, соның ішінде биометрияны енгізу" ұсынылып отыр.

Қала қауіпсіз болу үшін болашақта не жасалады?

"Бейнебақылаумен толық қамту" жобасы жүзеге асырылады. Оның аясында республика аумағы, соның ішінде Астана бейнебақылау камераларымен барынша қамтылады. "Сергек" камералары кезекші бөлімдерге, полицияның жедел басқару орталықтарына шығарылады.

Фото: inbusiness.kz 

Шешімдер қабылдаудың жеделдігін арттыру үшін ішкі істер органдарының жедел-қызметтік және талдамалық қызметі үшін ақпараттық кешен құрылатын болады.

OpenSourse негізінде "Диспетчерлік қызметтерді жедел басқару" бағдарламалық-аппараттық кешенін енгізу жоспарлануда. Оған көшу онлайн режимде белгілі бір аумақтағы ағымдағы жағдай туралы ақпаратты тез алуға және беруге, жағдайдың өзгеруіне үн қату кезінде полиция мен Ұлттық ұланның күштері мен құралдарына мобильді басшылықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өткізу қабілетін қолдау үшін ІІОБ байланыс арналары оптикалық-талшықты байланыс желілерімен жабдықталатын болады. Сапалы интернет байланысы тергеу бөлімшелеріне қылмыстық істерді электрондық форматта жүргізуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл сотқа дейінгі іс жүргізу процесін жеделдетеді және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құықтары мен бостандықтарын қорғауға септеседі.

Полицияның қоғаммен әріптестік қарым-қатынасын жолға қоюға, тұрғындармен кері байланысты ұйымдастыруға заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ықпал ететін болады. Мәселен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жедел басқару орталықтарына (ЖБО) шығара отырып, қоғамдық орындарда "SOS түймелері" шұғыл әрекет ету құрылғыларын жаппай орнату бойынша жұмыс жалғасады. Бұл азаматтарға, туристерге полицияға заңсыз әрекеттер туралы хабарлауға, ал ЖБО операторына шақырудың геолокациясын анықтауға мүмкіндік береді.

Көші-қон саласында құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін құру және бақылау мақсатында цифрлық талдауды жетілдіру арқылы ықтимал заң бұзушылықтар туралы алдын ала хабардар ету және бұзушыларды анықтау үшін жаңа ақпараттық жүйе әзірленетін болады.

Азаматтарға ақпараттық-коммуникациялық арналардың техникалық функцияларын кеңейту арқасында көрсетілген полиция қызметтерінің сапасын бағалау мүмкіндігі ұсынылады.

Мигранттар Астанада да көп. Сондықтан көші-қон қызметі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға және оларды мобильді форматқа көшіру үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жұмыс процестерін жеңілдету, қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту және шетелдік азаматтарды электрондық құжаттандыруды кеңейту жоспарлануда.

Көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін құру және цифрлық талдауды жетілдіру арқылы бақылау үшін заңнаманың ықтимал бұзушылықтары туралы алдын ала хабарлауға және бұзушылықтарды анықтауға жол ашатын жаңа ақпараттық жүйе әзірленбек.

ІІО қызметін цифрландыру халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын және азаматтардың полицияға деген сенім деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.

Астаналықтар бүгінде әрбір аулада, қалтарыс пен бұлтарыста есірткі заттарын жасыру құбылысы белең алғанына, қабырғаларда нашақорларды сол орындарға нұсқайтын графика, жазбалардың толып кеткеніне алаңдайды.

ІІМ түсіндіруінше, есірткі айналымын бақылау және ведомствоаралық үйлестіру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның функцияларын толымды жүзеге асыру үшін министрліктің Есірткі қылмысына қарсы күрес қызметінің ұйымдық-құқықтық мәртебесін арттыру көзделіп отыр.

Қорыта айтқанда, Астананың тұрғындар мен туристерге қауіпсіз, қолайлы болуы үшін жан-жақты әрі кешенді шаралар қабылданып, тиісті заманауи инфрақұрылым жасалатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу