Қазағы көп қысқы спорт түрі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3824

Астанада шорт-трекпен айналысқысы келіп, қызығушылық танытып жүрген жеткіншектер саны жыл сайын артып келеді.

Қазағы көп қысқы спорт түрі Фото: Маруан Түсіп

Негізі, Қазақстан шорт-трегінің тарихы 30 жылдан артық уақытты қамтиды. Бірақ қарқынды түрде дами бастаған кезі – 2002 жыл. Дәл сол жылы Мәдіғали Қарсыбеков Оралға барып, Жайық жағасында бой көтерген жаңа мұзайдында балаларды осы спорт түріне баули бастайды. Бірнеше мыңдаған жас бүлдіршіндердің арасынан осы спорт түріне икемділерін іріктеп алып, соларды тәрбелеуге кіріскен еді.

Әрине, олардың бәрінің бірдей маңдайы жарқырап, түгелдей халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері болып шықпады. Десек те, оншақты талантты шәкірті төрткіл дүниеге танылды. Олар 2010 жылдан бері қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, ал былтырдан бері әлем кубоктарында топ жара бастады. Қарсыбековтің жас қырандары қазақ спорты тарихына соны жетістіктер енгізе бастады.

Ал қалғандары ше, дерсіз. Мәдіғали ағаның еңбегі еш болмапты. Шәкірттерінің біразы өзінің жолын қуып, жаттықтырушылыққа бет бұрды. "Әке көрген оқ жонар" дегендей, әкелеріндей болып кеткен ұлағатты ұстаздарының өнері мен өнегелі ісін жалғай бастады. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның бірнеше қаласына тарыдай "шашырап", шорт-тректі дамытуды қолға алды. Қарсыбековтің ақыл-кеңесін жүзеге асырып, өздері жас бүлдіршіндерді тәрбиелей бастады.

Солардың бірнешеуі Астанаға да келді. Атап айтқанда, бүгінде Әсел Камешева және Бағдат Амангелдиев сынды шәкірттері "Алау" мұзайдыны сарайында жас өрендерді тәрбиелеп жүр. Бір қызығы, осы спорт түрімен айналысқысы келетін жас бүлдіршіндер өте көп. Қайсыбір қысқы спорт түрлеріне бала жетіспей жатса, шорт-трекке артығымен келеді. Жаттықтырушылар іріктеп, олардың арасынан осы спорт түріне иекмділерін ғана таңдап алады. Былайша айтқанда, қызығушылық танытушылар саны жыл сайын артып келеді. Ерекше көңіл аударарлығы, солардың басым көпшілігі – қазақтың қара домалақтары, өрімдей жас қыздары.

Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде Астана шорттрекшілері де көзге түсіп, жас бүлдіршіндері тырнақалды жетістіктеріне қол жеткізе бастады. Мәселен, Қостанайда өткен ел біріншілігінде топ жарды.  

"Әрине, жас жеткіншектерді жаттықтыру оңай емес. 40-50 баланың әрқайсысының тілін таба білу керек. Олардың арасында, әсіресе қыз балалардың ішінде, еркеліктерінен арыла қоймағандары да жетерлік. Әйтсе де, маған балаларды жаттықтырған ұнайды. Өте ұнайды. Өзім жетпеген белестерге шәкіртерімді жеткізгім келеді", – дейді жас бапкер Бағдад Тайырұлы ағынан жарылып.

Жүзі жылы, көздері мейірімді, сөзі сыпайы жас бапкер 6-10 жастағы жас бүлдіршіндердің тілін тауып, шорт-тректің қыр-сырына баулып жүр. Ең аяғы, олар тұрып кетсе, орындарын қарап шығып, бәрін тексеріп, ұмытқан заттарын жинап жүреді. Шәкірттері әрбір жаттығуға асығып тұрады. Ең маңыздысы осы шығар. Еңбегің жансын, жас бапкер.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу