Қазақ әйелінің таяқтан көзі ашыла ма?

4590

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп тамыры әйелдің өз қылығында. Сондықтан, әйелдің тәрбиесімен айналысу қажет.

Қазақ әйелінің таяқтан көзі ашыла ма? Фото: 26poliklinika.by

Астана қаласында өткен "Мықты отбасы – мықты мемлекет" семинар-дәрісіне қатысқан мамандардың басым көпшілігі осындай түйінге келді. Елорда әкімдігінің жанындағы әйел істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен ұйымдастырылған шарада адамгершілік және рухани, отбасылық құндылықты насихаттау, ана мен әкенің жауапкершілігі және отбасы әлеуметтік институтын арттыру мәселелері әңгіме өзегіне айналды.

Мамандар Қазақ еліндегі әйелдің күйеуінен таяқ жеуінің себебін анықтап, болашақта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін не істеу керек деген сауалдың басын ашуға тырысты. Басты көтерілген мәселе - әлеуметтік тұрмысы төмен отбасында орын алатын ұрыс-керіс пен төбелес.

Қазіргі заманда ер азаматтың әйеліне қатыгез болып кетіп, жарына жұдырақ ала жүгіруді әдетке айналдырғаны қоғамда жиі көтеріліп жатады. "Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамға арналған дағдарыс орталығы" КММ директоры Ғалия Нуридің айтуынша, бүгінде күйеуінен қорқып, үйінен баларымен бірге қашып кеткен әйелдер көп.

Барарға жер таппаған олар орталыққа көмек сұрап келеді. Астанада орналасқан орталыққа дені елдің оңтүстік өңірлерінің әйелдері жүгінетін көрінеді. Үш жылда орталық 411 әйелге көмек көрсетіпті. Олардың тек алтауы орталыққа қайтып келсе, 10% күйеуімен ажырасқан, қалғандары бүгінде шаңырақтарын шайқалтпай, отбасын сақтап отыр. Бұл әйелдің отбасынан шыққан қиындықты, төбелестің тамыры қайда жатқанын анықтаған мамандар күйеуінен таяқ жеуіне әйелдің өзі кінәлі деген пікірге келген.

"Бізге келіп түскен әйелдердің арасында сауалнама, зерттеу жүргізген соң біз осындай қорытындыға келдік. Себебі, күйеуге шыққан әйелдің басым бөлігі өзін-өзі күтпейді, балаларына қарамайды, жоғары білімі жоқ. Тіпті, арасында тамақ пісіре алмайтыны да бар. Қатыгез күйеуге тап болып, жайдан-жай зорлық-зомбылықтан жапа шегетін әйел саны саусақпен санарлық. Олар шамамен 10%-ды құрайды. Қалған уақытта әйелдің өзі кінәлі болып жатады", - дейді Ғалия Нури.

Алайда, оның айтуынша, орталық мамандары ерлі-зайыпты арасындағы келіспеушілікті жұдырықтың көмегімен шешуді қолпаштамайды.

"Мұны қолдап отырған жоқпыз. Дегенмен, көп уақытта әйел үйдегі жанжалдың тууына жол бермеуге тырыспайды. Әйел адам ошақ басында жүрген соң отбасын сақтай білуі тиіс, дана болуы тиіс", - деген пікірін білдірді ол.

Орталыққа келіп түскен әйелмен әлеуметтік педагог, психолог маман жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұнда әйелді өзін күтуге визажист, шаштараздар үйретеді, ал тәрбиешілер бала тәрбиесі жөнінен кеңес береді.

Астана қаласының "Әділет" білім беру қызметкерлері қалалық кәсіподағының төрайымы Балсұлу Наурызбаева отбасындағы жанжалдың тууына әйелдің өзі жол береді деген пікірмен келісумен қатар, Қазақ елінде ер азаматтардың гендерлік саясатта құқы қорғалмай келеді деген ойда.

"Еркекті кім қорғап жатыр? Отбасында зорлық-зомбылық көретін еркек те бар. Бірақ, олар ешқайда көмек сұрап келмейді. Дәл осындай еркектің құқын қорғайтын бөлек комиссияны құрған жөн. Әкімшілік бұрынғы Кеңес одағы кезіндегідей әйел кісіге көп көңіл бөліп, еркек жағын ұмыт қалдырған. Комиссия екі жақпен де жұмыс істеуі тиіс. Екеуінің басын қосып, дұрыс мәмілеге келтірсек, сонда ғана отбасы сақталып қалады. Бұл мәселеге қоғам болып, мемелекет болып жан-жақты назар аударған жөн", - деп өз ұсынысын ортаға салды.

Балсұлу Наурызбаеваның айтуынша, психолог маман ретінде оған еркек ақыл-кеңес сұрап, әйеліне деген ренішін білдіруге жиі келіп тұрады екен.

"Олардың өздерінің айтуынша, ер азамат ретінде отбасындағы міндеттерді атқарып жүрген ол әйелім түске дейін ұйықтап, балаларға қарамайды, тамақты дер кезінде пісірмейді, үйдің шаруасымен айналыспайды деген өкпелерін білдіріп жатады. Шыдамы таусылған, ұрыс-керістен шаршаған еркек шара болмаған соң, қол жұмсауға дейін барамын деп өздері мойындайды", - дейді психолог маман.

Сонымен қатар, бүгінде әлеуметтік тұрмысы төмен отбасында әйел ішімдікке салынып кеткен, дейді ол. Отбасындағы жанжалдың тууына ақшаның жетіспеуі, жұмыссыздық, баспананың болмауы қатты әсер етеді.

"Әлеуметтік жағдай қазіргі уақытта әр жанұяға үлкен әсерін тигізеді. Әйелі жұмыс істемей тек күйеуі жұмыс істейтін көпбалалы жанұяларға тіпті қиын. Ұрыс-керістің басы содан. Меніңше, еркек те, әйел де жанұя құрғанда, қанша бала туып, асырай алам деп ойлануы тиіс. Әрине, жоспарлай алмайсың, құдайдың берген ұрпағы ғой, бірақ өз жағдайына қарау керек", - дейді Балсұлу Наурызбаева.

Бұған қоса, психолог маман мемлекет те отбасылық құндылықты тәрбиелеу мәселесінен сәл сырт қалып отыр деген пікірде. "Кеңес үкіметі кезінде мықты идеология болды. Ол кезде жастар тәрбиесімен айналысатын ұйымдар көп болатын. Жастарымыз шаңырақ көтеруге, қиындыққа дайын болды. Қазіргі заманда бәрі болғанымен, бірақ бір-бірімен қарым-қатынас, үлкенді, әйелді сыйлау деген шетте қалды. Оны, біріншіден, жанұядан бастау керек. Ата-анасы, ата-әжесі құрттай баланы еркелетіп қана қоймай, отбасы құндылығын миына құю керек", - деген ойын ол алға тартты.

Сонымен қатар, Балсұлу Наурызбаева мемлекет жастарды еңбекке баулуға көбірек көңіл бөлуі шарт деп есептейді. Себебі, бүгінгі жас бірден бастық болғысы келіп, қарапайым жұмыстан мұрнын шиіреді. Үкімет тарапынан осындай жұмыс жүргізіліп, отбасы құндылығын мектеп партасынан, тіпті балабақша табалдырығын аттанған бүлдіршіннің бойына сіңіру жолындағы жұмысты күшейткен жөн, деп санайды Балсұлу Наурызбаева.

"Бұл екіжақты мәселе, тек мемлекет немесе жанұядағы тәрбиеден кеткен олқылық деп турасын кесіп айта алмаймыз. Отбасы құндылығын тәрбиелеу екі жақтан да болуы шарт. Сонда ғана жастарымыздың өмірі жақсара түспек", - деп қорытты ол.

Астана қаласының ішкі істер департаменті таратқан ақпарға назар бөлсек, бүгінгі қоғамда әйел қауымының 40-60% отбасында, сондай-ақ кездейсоқ озбырлыққа ұшырайды. 2016 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, елордалық Ішкі істер департаменті 3325 қорғау нұсқамасын шығарыпты. Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436 бабы бойынша 180 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Аталған уақыт ішінде полиция 3682 әйелге құқықтық көмек көрсетіпті. Тәртіп сақшыларының мәліметіне сәйкес, әйелге қарсы құқық бұзушылық көрсеткендердің барлығы дерлік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Астана қаласының Жергілікті полиция қызметінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, үйдегі жанжалға тұрмыс келеңсіздігі, ер азаматтың ішімдікке салынуы, әлеуметтік жағдай, ал ең бастысы қызғаншақтық себеп.

Аға испектор көп уақытта қазақ әйелі күйеуінің оларды сабайтынын жұрттан жасырып келетінін айтты. Қалыптасып қалған менталитетке сай отағасынан таяқ жегенін қазақтың қыз-келіншегі жұртқа білдіруге ұялады. Сондықтан, тығырыққа тірелгенше жұдырықтан көз ашпай жүреді деген пікірде ол.

"Қазақ әйелі басқа амалы қалмағанда ғана полицияның көмегіне жүгінеді. Олар көп жыл бойы зорлық-зомбылыққа көніп, оны жасырады. Қазақ әйелі отбасындағы дүниені сыртқа шығармай, отбасындағы жағдай ішімізде шешілуі керек деп жатады. Ал мұны еркек өз пайдасына асырып, күш көрсетуін қоймай, тіпті асыра сілтеп те жатады. Көп жағдайда оның соңы ауыр қылмысқа әкеледі", - дейді Ақмарал Серікбаева.

Аға испектор әйелді күйеуінің жұдырық астына алуына өзі кінәлі деген пікірмен келіспейді.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тек қана әлеуметтік жағдайы төмен әйел ұшырамайды. Жоғары білімі бар, лауазымды қызмет ететін әйел де мұндай жайтты басынан кешіріп жатады. Сондықтан, бұл жерде тек әйел кінәлі дегенге келіспеймін. Екеуі де кінәлі болып жатады, ал көп жағдайда агрессор ерекектің өзі кінәлі. Өйткені, еркек әйелді адамсынбайды, кемсітеді, екеуі ортақ шешім табу жолдарын білмейді, сосын аяғы зорлық-зомбылыққа ұласады", - дейді Ақмарал Серікбаева.

Полиция қызметкері Бас прокуратураның әйелін сабайтын еркекке қатысты қолданылатын жазаны ауырлату мақсатында заңға өзгерістер енгізу мәселесінің қаралып жатқанын естіртті. Оның айтуынша, бүгінде жарына қол жұмсайтын еркекті тәртіп сақшыларының 78 сағатқа қамауға алу мәселесі қарастырылу үстінде.

Мұнымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаға қатысты жазаны күшейту мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Қылмыстық кодекске өзгерістер ензілмек. Дегенмен, отбасындағы жанжалды болдырмау үшін қоғам болып, үкімет пен ел азаматы бірігіп күш жұмсау қажет. Осы пікірді алға тартқан аға инспектор да мектептен бастап балаға отбасы құндылығы туралы арнайы тәрбие бергенді жөн санайды.

"Отбасындағы зорлық-зобылық әрекеттері, жанжалды көріп өскен бала болашақта өзі агрессорға айналуы, тіптен қыз баланың да агрессорға айналуы әбден мүмкін. Сондықтан, отбасылық психологтар институтын құру керек сияқты. Мектептегі тәрбиені дұрыстау керек. Және біздер, мемлекеттік органдар, ішкі істер органдары, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар бірігіп отбасы құндылығын арттыруға ат салысуымыз керек", - деген пікірімен бөлісті Ақмарал Серікбаева.

Бұдан бөлек, Қазақ елі азаматы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешуге белсенді түрде араласуға тиіс. Аға инспектор көрші үйдегі зорлық-зомбылыққа куә болған азамат одан сырт қалмауға тиіс екенін қадап айтты. "Мұндай жағдайда міндетті түрде ішкі істер органына хабарласуы керек. Біздің сенім телефонымыз бар, тіпті, болмаса 102 нөміріне хабарласып, өзіңнің аты-жөнін айтаса да, қай үйде әйелге қол жұмсалғанын хабарлау керек. Ішкі істер органы міндетті түрде оған қатысты шара қолданады. Кез-келген азамат бұдан бей-жай қалмауға тиіс", - дейді ол.

"Көмек" адам саудасы құрбандарын оңалту орталығы" мекемесінің директоры, психолог Анна Рыль еш уақытта да отағасынан таяқ жеген әйелдің өзін кінәлауға болмайды деген ойда. "Біреуге қол жұмсау, оны жәбірлеу бұл - адамның құқын бұзу, заңбұзушылық. Басты кінә әйелді ұрған ерекекте. Еркектің мұндай қадамға баруына не себеп болғаны маңызды емес. Бұл барлық халықаралық ұйым ұстанатын қағида. Отбасындағы жанжалға әйелді кінәлау біздің менталитеттен шығады. Әйелдің өзі де "мені күйеуімнің ұруына өзім кінәлімін, себебі дер кезінде тамақ пісірген жоқпын, өзімді дұрыс ұстай алмадым", - деп жатады. Әйеліне жұдырық көтерген еркек баласына қандай тәрбие береді?" - дейді ол.

Оның пікірінше, әйеліне бір рет қол көтерген еркек бұл әдетінен болашақта оңайлықпен айни қоймайды.

"Бұл мәселеде кінәлі адамды іздегеннен гөрі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп-тамырына балта шауып, біздің қоғамымызда мұндай жайттарға жол бермеуге күш жұмсау қажет. Әйелін көкала қойдай сабайтын еркекке қатысты жаза күшейтілуі керек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шарасы жүргізілуі, телеарналарда бұл мәселе жиі көтеру керек. Мұнымен қоса, жәбір көретін әйелдің туған-туыстары, жақындары оған дұрыс қолдау көрсетіп, осындай қиын жайтқа тап болғанда қол ұшын созудан бас тарпауы керек. Жақындарымыз болсын, көршіміз немесе бейтаныс әйел болсын, егер де біреудің зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын көрсең, одан тыс қалмай, көмекке келіп, бұл індетпен бірлесе күресуіміз қажет", - деген пікірімен бөлісті ол.

Осылайша, астаналық мамандар бірнеше сағат бойы тіршілік тірегі әйел теңдігін, нәзік жанның құқын қорғау, күйеуінен озбырлық көрмеу жолдарын табу мақсатында қызу сөз таластырды.

Қорыта келе мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатындағы шаралар аясын кеңейту қажет деген ортақ пікірге келді. Қалай болғанда да, қызу пікірталасты қойып нақты іс-әрекетке көшіп, мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз. Бұған барша ел болып атсалысуымыз қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу