Қазақ елі дамыған 30 елдің қатарына "стансыз" кіре ме?

5815

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет атауын Q арқылы жазу туралы бастамасын қоғам қызу қолдады. 

Қазақ елі дамыған 30 елдің қатарына "стансыз" кіре ме?

Нақтырақ айтсақ, мемлекет атауынан "стан" жалғауын алып тастап, Қазақ елі немесе Қазақ Республикасы болайық деп жатқан азаматтар баршылық. Тіпті "Алаш арыстарының құрметіне мемлекетімізді Алашорда Республикасы деп атайық" деп пікір білдіріп жатқан жандар жоқ емес.

Егер үкімет мемлекеттің атауы мен жазылуына байланысты өзгеріс жасайтын болса, бұған қанша қаржы кетуі мүмкін? Сондай-ақ, экономикалық тұрғыдан мемлекеттің атауын өзгерту қаншалықты тиімді болмақ?

Себебі, шетелдіктер Қазақстан десе, ең алдымен Ауғанстан мен Пәкістан сынды мемлекеттерді есіне түсіреді. Ал мемлекет атауынан "стан" жалғауын алып тастап, Қазақ немесе Қазақия Республикасы болатын болсақ, экономикалық жағдайымызға әсер етуі мүмкін бе?

Саясаттанушы Әзімбай Ғали мемлекет атауын Q әрпі арқылы жазу керек деген ұсынысты қолдайды. Алайда, ол мемлекет атауының Қазақ елі деп аталуына қарсы. Себебі, мұндай атау Ресейдің қол астындағы бодан мемлекеттердің кейпін еске салады.

Ал мемлекет атауынан "стан" жалғауын алып тастап, Қазақ немесе Қазақия республикасы болсақ, бұған халықаралық қауымдастық қалай қарайды? Бәлкім, "стан" жалғауын алып тастасақ шет елдік инвесторлардың қызығушылығы артатын шығар?

"Егер біз Кеңестік коммунистік мұрадан бас тартсақ, оған халықаралық қауымдастық оң көзқараспен қарайды. Өйткені, бұрын Батыс елдері ұлтшылдық лептен қорқатын. Бірақ, олар Украинадағы жағдайдан кейін ұлтшылдықты конструктивті күш деп есептей бастады. Сондықтан біз мемлекетімізді Қазақ немесе Қазақия республикасы деп атасақ, халықаралық қауымдастықты шошытып алмаймыз. Әлдекімдердің "мемлекет атауын өзгертетін болсақ, шығынға шаш етектен батамыз" деген сөзі қисынсыз. Белгілі бір деңгейде шығын шыққанымен, оның пайдасы уақыт өте келе ақталады деп ойлаймын", – дейді Әзімбай Ғали.

Ал саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша мемлекет атауын өзгерту төлқұжаттағы "ов", "ев"-ті алып тастау сияқты нәрсе. Алайда, саясаттанушы "төлқұжатты өзгерткеннен кейінгі мәселелер орындала ма, жоқ па?" деген сұрақты көлденең тартып отыр.

"Егер орындалатын болса, "стан" жалғауын алып тастауды бірінші қадам деу керек те, экономикалық шығын дегенді екінші орынға ысырып тастау керек. Себебі, әлемдегі "стан" жалғауы бар мемлекеттерді не мәселе біріктіреді? Ең біріншіден, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, саяси реформалар мен шынайы модернизациялардың жоқтығы біріктіреді. Сондай-ақ, қоғамның дамымай мешеу болып қалуы мен биліктің халықтың талап-тілегіне назар аудармауы сияқты көптеген мәселе "стан" жалғауы бар мемлекеттерге тән. Ал, мемлекет атауын өзгерткенімізбен мінез-құлқымыз сол баяғы күйінде қала беретін болса, одан ешқандай пайда жоқ, – дейді Айдос Сарым.

Мемлекет атауын өзгерту мәселесі көтерілген кезде кейбір азамат Алашты ауызға алады. Олардың айтуынша аталған үкіметтің құрметіне орай мемлекеттің атауын Алаш республикасы деп атаған жөн. Ол туралы Мұстафа Шоқай "Қырғыз (Қазақ. – Авт.) Советтік Республикасы" атты мақаласында жазған болатын. Мұстафаның жазуынша, 1920 жылы Ленин мен Калинин Қазақ (түпнұсқада "Қырғыз") Автономиялық Кеңестік Республикасын құру туралы декретке қол қойған кезде "стан" жалғауы пайда болған. Автор Қазақстан атауының аясы тар екенін айта келе, болашақ мемлекеттің атауы Алаш республикасы болуы керек деген ой тастайды.

"Қазақстан атауына қарағанда Алаш сөзінің ауқымы кең әрі мағынасы терең болып келеді. Яғни, Алаш ұғымы қазақ-қырғызбен қатар қара қырғызды да қамтитынын естен шығармаған жөн. Ал Қазақстан атауының аясы тар болғандықтан, тек қана қазақ-қырғызбен шектеледі", – деп жазады Мұстафа Шоқай.

Алайда, мемлекеттің атауы Алаш Республикасы болуы керек деген ұсынысты Айдос Сарым қолдамайды. Оның айтуынша, мәселені күрделендіріп, бүйректен сирақ шығара берудің қажеті жоқ.

"Бүгінгі күні Әзербайжанда Тәуелсіздік күні емес, Мемлекеттілікті қайта жаңғырту күні тойланады. Өйткені, олар Алашорда ("Алашорда" мемлекеттің атауы емес, Алаш автономиясы үкіметінің атауы. – Авт.) мемлекеті сияқты 1917-1920 жылдары өздерінің автономиясын жариялап, үкімет құрған. Әзербайжандар сияқты біз де сондай қадам жасауымыз керек. Себебі, Алашорда үкіметі қазақ мемлекеттілігінің деноминациясы (қайта жағыруы. – Авт.) бола білді. Бірақ та солай екен деп мемлекеттің атауын Алаш республикасы деп атаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі, біз өзіміздің қазақтығымызды сақтап қалсақ та, мұның өзі жаман болмас еді. Өйткені, халықтың арасында сауалнама жүргізетін болсақ, жұрттың көпшілігі өзін қазақпын дейді. Ал "Алаш" деген шын мәніндегі ұлтшылдықтың (ұлттық қайта өрлеудің. – Авт.) жарқын үлгісі болып саналады. Біз Қазақстан Q әрпімен жазылсын немесе мемлекет атауынан "стан" жалғауын алып тастайық дегенді айтайық. Ал мемлекет атауын Алаш Республикасы деп атайық деп, бұл мәселені күрделендіре берудің қажеті жоқ, – дейді Айдос Сарым.

Бәлкім, болашақта Астананың атауын Алашорда деп өзгертуге мүмкіндік туатын да шығар. Ал дәл қазіргі кезде мемлекет атауынан "стан" жалғауын алып тастаудың өзі мұң болып отыр.

Алайда, ерте ме, кеш пе, еліміз "стан" жалғауынан бас тартады. Белгілі экономист Жанкелді Шымшықов мемлекет атауын екі рет өзгертіп шығындалғанша, бір-ақ рет өзгерту керек деген пікірде. Бірақ, оның да әзірше мүмкін емес екенін айтады.

"Егер іштегі қарсылық болмаса Мемлекет атауын екі рет емес, бір рет қана өзгертуге болар еді. Өкінішке қарай орыс тілді азаматтар Қазақ елі немесе Қазақия деген атауға қарсы болып отыр. Өйткені олар мемлекеттің қазақ ұлтына тиесілі екенін мойындағысы келмейді. Сондықтан да мемлекет атауынан "стан" жалғауын алып тастау дәл қазіргі уақытта іске аспайды деп ойлаймын. Тіпті бұл бастама мәселені ушықтырып жіберуі мүмкін. Мәселе уақыт пен демографияға тікелей байланысты болып отыр. Рим клубының анықтамасы бойынша, егерде халықтың 3/2 бір ұлт болса онда ол мемлекетті ұлттық мемлекет деп атауға болады", – дейді экономист.

Мемлекет атауына қатысты өзгеріс жасау оңай шаруа емес. Алайда, алдағы 10-15 жылда "стан" жалғауынан бас тартып, Қазақ Республикасы, Қазақия, Қазақ елі не болмаса Алаш республикасы болып өзгеруіміз де ғажап емес. Себебі, "стан" жалғауы бар Қазақ елі Ауғанстан мен Пәкістан сынды артта қалған мемлекеттерді еске түсіретіні қалың жұртшылықты айтпағанда, Елбасының да намысына тиетін сияқты. Ал дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан мемлекеттің "штанын" сүйретіп, өркениетті елдердің қатарына қосыла алмасы анық.

Серік Тасболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу