Қазақ елі транзиттік дәлізді дамытуға мүдделі

4433

Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолымен бірге, Астана Бандырабас портының терминалдық-логистикалық инфрақұрылымын дамытуды көздейді және Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізі аяқталуға жақын. 

Қазақ елі транзиттік дәлізді дамытуға мүдделі

Атап өтерлігі, конференцияға дейін бір күн бұрын, яғни 25 қараша күні Асқар Мамин Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Оның барысында Қазақстанның бірінші бірінші вице-премьері екі ел арасындағы достық пен бауырлас байланыстың тамыры тереңде жатқанын айта келіп, бүгінде бұл тамыр сабақтастығы жаңа сипатта, нақты істермен жалғасын тауып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Түркіменстан президенті қазақ елінің басшысына жауап ретінде жүрекжарды тілегін жеткізе отырып, қазіргі заман екі елдің мүддесін тоғыстыратын мемлекетаралық серіктестікті дамыту үшін жаңа зор мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, тағы басқа салаларға қатысты әңгіме өрбітіп, екі жақты іскерлік байланысты дамыту мен нығайтуға жаңа серпін беріп, белсенділік танытуға уағдаласты. Бұдан кейін тараптар Жаһандық конференцияның күн тәртібіне шығарылған көлік қатынасы сынды стратегиялық саладағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

Осы ретте, Қазақстан мен Түркіменстанның аталған саланы дамытуға қатысты жемісті серіктестік тәжірибесін қалыптастырып үлгергенін атап өтуге болады. Оның жарқын көрінісін, шекаралары шектесетін екі мемлекеттің бірлесіп, күш біріктіруінің арқасында Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің маңызды буыны болып табылатын Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жол құрылысы жобасы сәтті жүзеге асырылды.  

Бұл трансұлттық болат магистраль – экономикалық тиімді және коммерциялық негізі бар жоба болып қана табылмай, сондай-ақ, аймаққа және оның сыртындағы елдердің жалпы жағдайына тиімді ықпал ететін геосаяси фактор болып табылатыны, және де Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздіктің салмақты факторы болып, құрлықтық саяси байланыстардың барлық жүйесінде тұрақтылықты күшейте түсетіні атап өтілді.

Ал 26 қарашада Тұрақты көлік жүйесі бойынша ғаламдық конференцияны ашқан Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, ХХІ ғасырдың жаһандық көлік стратегиясы – мемлекеттер мен аймақтардың техникалық және технологиялық әлеуетін, географиялық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін біріктіретін интеграциялық соны стратегия екенін атай келіп, Түркіменстан бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Соның бірінен, аймақ үшін маңызды жоба ретінде, Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жолы мен 28 қараша күні ашылатын Түркіменстан – Ауғанстан – Тәжікстан темір жолын атап өтті.

Бұдан бөлек, ел аумағында жүзеге асып жатқан Амудария өзені арқылы өтетін авто және темір жол көліктері көпірі, жаңа әуежай, жүрдек автомагистральдар, Түркіменбасшы қаласындағы халықаралық теңіз порты жобалары көліктік жүйені дамытудағы жемісті жобалар ретінде аталды.

Конференцияда сөз алған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, көлік-қатынас саласының маңыздылығына басымдық бере отырып, әлемдік сауданың халықаралық қатынастағы авто, темір және су жолдарына тәуелді екенін атап өтті.

"Бұл экономикалық өсім, жұмыс орындарының көзі, көлік саласы адамның тұтастай дамуына ықпал етеді. Барлық адам, қандай шалғай жерде тұрмасын, бір жерден екінші жерге дін аман, қауіпсіз жету, жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болуға тиіс. Тұрақты көлікпен барлығы қамтылуы тиіс, – деген Пан Ги Мун тұрақты көлікпен байланысты көптеген міндеттің қатарында экологиялық, яғни атмосфераға көмірқышқыл газ бөлетін қалдықтарды, қоршаған ортаның ластануын азайтатын көлік құралдарын көптеп пайдалану керектігін, осыған орай, экологиялық қауіпсіз және арзан көлік жүйелері қажет екенін атап өтті.

Қазір ауаға ешқандай газ қалдығын бөлмейтін, ластамайтын күн батареяларымен жүретін ұшақтардың да пайда бола бастағанын атай келіп, БҰҰ Бас хатшысы Тұрақты даму мақсаттарынан құрылған көлік саласын дамыту бағдарламасының жалпы көрінісін сипаттап беретін бірқатар идеясымен бөлісті.

"Бүгінде жаңа технологияны пайдалана отырып, көлік жүйесін дамыту мүмкіндігі бар. Қазір көптеген жаңа электромобиль шығып жатыр, қуат көзін өндірудің жаңа көздері, тағы басқа үздік технология бар. Әрине, бұларды жетілдіруге инвестиция қажет. Демек, қаржыландыру мәселесін шешу керек, ынтымақтастықты нығайту керек, мемлекет пен жеке сектор арасында серіктестік орнату қажет, сондай-ақ, қажетті мамандар дайындау керек. Егер осы бағытта бәріміз күш біріктіріп, ынтымақтастаса жұмыс істесек, қауіпсіз көлік тұрақтылығына қол жеткізе аламыз, оны мейлінше шынайы ете аламыз", – деді Пан Ги Мун.

Оның мәлімдеуінше, осыдан екі жыл бұрын жоғары деңгейдегі консультативтік кеңес құрылып, ол жеке секторды, өнеркәсіп саласын, жергілікті басқару органдары мен орталық үкіметті біріктірген.

"Олар жүк және жолаушы тасымалындағы бүкіл көлік түрінің басын біріктірді. Өткен айда аталған топ тұрақты көлік жүйесі бойынша ұйғарымдарын қоса қорытынды баяндама жасады. Оның мағынасы мынада: Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін "жасыл", яғни экологиялық таза көлік түрлеріне мейлінше көп инвестиция бағыттау керек", – деді БҰҰ Бас хатшысы.

Пан Ги Мун, сонымен қатар, Тұрақты көлік жүйесі бойынша қазіргі жаһандық конференция, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге негізделген тұрақты көлік саласындағы серіктестіктің нақты бастамаларын ашып көрсетуге, тұрақты көлік жүйелерін әзірлеуге, көп жақты және аймақтық ынтымақтастықты нығайту үшін озық тәжірибелерді іріктеп алудың және елдер арасында тәжірибе алмасудың платформасы болатынын атап көрсетті.

Ал Жаһандық конференцияда Қазақстандағы көлік жүйесінің дамуына қатысты сөз өрбіткен Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин тұрақты көлікті жасақтау дамушы елдердің маңызды элементі болып табылатынын айтты.

"Қазақстан және Орта Азияның өзге де мемлекеттері үшін тұрақты көлік мәселесі өте маңызды. Өйткені, біздің аймақтың әлем мұхиттары мен теңіз жолдарына тіке шығатын мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты Қазақстан, Қытай мен Шығыс Азия елдерін байланыстыратын, сондай-ақ, Қазақстан, Ресей арқылы Еуропа мен Скандинавия елдеріне шығатын Шығыс-Батыс бағыттары бойынша Еуразия сауда айналымында транс-құрлықтық дәліздерді дамытуға басымдық беріп отыр", – деді Асқар Мамин.

Оның сөзіне қарағанда, 2011 жылдан бері осы дәліз бойынша контейнерлік тасымал көлемі 100 есеге өсті. 2020 жылға қарай контейнерлік тасымал деңгейін 1 млн-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. "Мұнымен қатар, – деп сөзін жалғастырды Асқар Мамин, – Солтүстік-Оңтүстік бағдары бойынша қосымша жүк ағынын тарту әлеуетін де көріп отырмыз. 2020 жылға қарай осы бағдардағы жүк ағыны көлемі 700 мың контейнерге дейін жетеді деп күтілуде. Үстіміздегі жылы біз тұңғыш рет Қытайдан Теһранға сынақтық контейнерлік пойыздар ұйымдастырдық және тасымалды одан әрі өсірудің үлкен әлеуетін көріп отырмыз".

Оған қоса Асқар Мамин тағы бір бағыт – Транскаспий бағыты – Қытайдан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Грузия, Түркия бағытына және Оңтүстік Еуропа елдеріне трафикті дамыту жолға қойылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттың үлкен келешегі бар. Соңғы айларда Қазақстан темір жолының ұйытқы болуымен Қытайдан Стамбұлға осы дәліз бойынша теміржол көлігімен контейнерлік тасымал ұйымдастырылған. Ал келешекте, 2020 жылға қарай, контейнерлік тасымал көлемін 300 мыңға дейін жеткізу межеленген.

"Сауда ағындарын заманауи инфрақұрылыммен және жеткізу құны мен жылдамдығы бойынша сапалы сервиспен жабдықтау, дәлізге қатысушы елдерге жаңа нарықтарды игеруге, транзиттік жүк ағынын тартуға, соның нәтижесінде аймақта әл-ауқатты көтеріп, тұрақты дамуға мүмкіндік береді", – деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, соңғы алты жылда осы бағытқа 23 млрд доллардан астам қаржы жұмсалып, 2020 жылға дейін тағы да 12 млрд доллар көлемінде қаржы салу көзделіп отыр.

Соңғы жылдары Қазақстан 2500 шақырым жаңа теміржол желісін тартты. Бұл, өз кезегінде, Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий бағытындағы халықаралық көлік дәліздерін оңтайландыруға тиіс болатын. Ал елдің Қытаймен шекаралас шығыс бөлігінде еркін экономикалық аймағы құрылып, онда Суэцк каналына ұқсас құрғақ порт салынды. Еркін экономикалық аймағы аумағында көліктік-логистикалық бизнесті және өндірісті дамыту үшін қолайлы салық жағдайы жасау көзделді.

"Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржол желісінің пайдалануға берілуімен Ресейден, Қытайдан, Азия, Тынық мұхиты аймағы елдерінен Парсы шығанағы елдеріне жүк тасымалдау әлеуеті қалыптасты. Қазір біз Бандырабас портында терминальдық-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды көздейтін іс атқарып жатырмыз. Сонымен қатар, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізі бойынша құрылыс аяқталуға жақын. Бұл көлік дәлізі Қытайдан Еуропаға жүкті жеткізі мерзімін 3,5 есеге қысқартуға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді Асқар Мамин ғаламдық конференцияда сөйлеген сөзінде.

Сұлугүл Бакесова, Астана – Ашхабад.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу