Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген – Мемлекет басшысы

321

Қазақстан – тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны.    

Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген – Мемлекет басшысы Фото: aqorda.kz

Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі – ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Біз бұл туралы үнемі айтамыз. Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары. Олар мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Қазақ жұрты егемендігін алған соң қандастарымыздың елге қайтуына жол ашылды. Қазақстаннан да көптеген адам өзінің тарихи атамекеніне оралды", – деді Мемлекет басшысы.

Президент 4 миллионға жуық отандасымыз Германияға, Польшаға, Израильге және басқа елдерге көшіп кеткенін еске салды.

"Бірақ олардың көбі қазақ жұртының жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпайды. Қазақстанның туын төріне іліп, елге деген сағынышын көрсетіп отырады. Қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтеді. Барша Қазақстан азаматтары, шетелде тұрып жатқан барлық отандасымыз – бәрі де бір үлкен отбасы деуге болады. Отбасы құндылықтарын нығайту – тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіспеншілік те отбасында қалыптасады. Біз еліміздің әр шаңырағы, әр азаматы тойлайтын мерекеге құрметпен қарап, кеңінен дәріптеуіміз керек. Міне, сондай нағыз халықтық мерекелердің бірі, бұл – Наурыз мейрамы. Биыл жаңа тұжырымдамаға сай біз Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өттік. Көктемгі көңіл-күй мен мызғымас бірлік мерекесі еліміздің әр аймағында тойланды. Осылайша, біздің қоғамда жасампаз жаңа дәстүрлер қалыптасып, орнығуда", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын достық пен бірлік рухында Пасха мерекесі атап өтілгеніне тоқталды.

"Шуақты мереке қарсаңында митрополит Александр Қазақстандағы қызметіне 15 жыл толуына орай жоғары мемлекеттік награда – І дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды. Биыл православ және католик қауымдарының Пасха мейрамы қатар келді. Мұның символдық мәні зор. Бұл – сирек қайталанатын құбылыс. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліміздегі барша христиандарды осынау мерекемен тағы да құттықтаймын. Шетелдік қонақтар Қазақстанда түрлі салт-дәстүрдің бір-бірімен үйлесім тапқанына таң қалады. Бұл олар үшін мультикультурализм және мультиэтникалық тұжырымдамалар тоқырауға ұшырап, тіпті, жоққа шығарылып, батыс әлемі жаһанданудан бас тартып, оқшаулануға қадам басып жатқан кезеңде қайран қаларлық құбылыс. Біздің іс жүзіндегі тәжірибемізден мәдениетті жатсынбайтын бірегей болмысымызды аңғаруға болады. Діліміз бен тұрмыс салтымыздың бір бөлігіне айналған нағыз халықтық мейрамдарға баса назар аударуымыз қажет. "Наурыз", "Масленица", "Сабантой" және басқа да халықтық мерекелер ас ішіп, аяқ босататын, көңіл көтеретін ғана емес, ұлтымыздың рухы мен тарихын көрсететін іс-шаралар. Қазақстандағы көптеген этностың дәстүрі, тілі, әдет-ғұрпы осы жиындарда тоғысады. Бұл – "Бірлігіміз – әралуандықта" деген қағидаттың нақты көрінісі", – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазақтың қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйенген, көршінің қасынан табылғанын жеткізді.

"Көрші ақысы – тәңір хақысы" деген ұғым дінімізде және дәстүрімізде бар. Бұл – бізге атадан қалған өсиет, анадан берілген қасиет. Халқымыздың тату көршілік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Қоныстас адамдар ұлтына, дініне, тіліне қарамастан араласып, құраласып жатады. Қазақстан көрші мемлекеттермен достықты нығайта түсуге айрықша мән береді. Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді. Алатауды тең жайлаған қырғыздар – бір туған бауырларымыз. Ежелден еншілес өзбек ағайынды өз ағам деп қадір тұтамыз. Түбіміз бір деп түрікмендерді туыс санап, шын жүректен құрметтейміз. Қарт Каспийдің жағасындағы әзербайжан еліне деген ықыласымыз да ерекше. Бір сөзбен айтсақ, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді. Біздің арамызда түйткілді мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алды. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ұзақ жыл бойы шешімін таппаған шекара мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келіп, тарихи келісімге қол қойды деп айтуға болады. Біз бауырлас елдер үшін қуанамыз, оларды әрдайым қолдаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскенін айтты.

"Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Біз сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білеміз. Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу