Қазақ қымызына "құныққан" Қытай оның құнына қарар емес

4234

Ұлттық өнім өндіруші өнімін Қытайда сатпақшы, осыған орай өнім бағасы да үш есе көтерілмек.

Қазақ қымызына "құныққан" Қытай оның құнына қарар емес

"Сауда жасауға халықаралық сертификатты бермес бұрын қытайлықтар менің қолданатын технологиямды бастан-аяқ тексереді. Олар тіпті мамандар деңгейін де тексермек. Сонымен бірге тағы бір маңызды нәрсе – өнімді өндіру процесінде қол еңбегі қолданылмауы керек. Барлығы автоматтандырылған болуы керек", – дейді "Сағып" шаруа қожалығы басшысы Төлеу Қошманова abctv.kz-ке берген сұхбатында.

Желтоқсан айында біздің елдің ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 20 кәсіпкер өз өнімін Бейжіңде таныстырды. Сонымен бірге 10 инвестициялық жоба таныстырылған болатын. Қазақ кәсіпкерлері қытайлық әріптестеріне ет, балық және сүт өнімдерін, сондай-ақ дәстүрлі бал, ұн және ұн өнімдерін, май және т.б ұсынған еді. Осы сапарға барған делегация құрамында павлодарлық "Сағып" ШҚ басшысы да болды. Ол өзінің құрты мен қымызын ұсынған еді.

Кәсіпкердің айтуынша, ол бизнеспен күнкөріс үшін айналысқан. Отбасы, бала бар, соларды асырау керек. Тиын санамай, жақсы өмір сүру керек дегендей. Өзі дайындайтын құрт пен қымызды сату идеясы осыдан он жыл бұрын пайда болған. Сол кезде небәрі үш бие ғана сауатын.

Қазір шаруашылықта шамамен 400 жылқы бар, оның 180-і сауын бие. Осы уақыт ішінде павлодарлық кәсіпкер өнімін сатып алатын тұрақты сатып алушыларды ғана тауып қойған жоқ, сондай-ақ Якутияда өткен фестивальде танымал болды. Сонымен бірге Италияда өткен ЕXPO Milano-2015 көрмесіне қатысушыларға өз өнімін ұсынды, кәсіпкер мәскеулік тұтынушыларға да жақсы таныс. Енді Қытайға шықпақшы.

Кәсіпкердің айтуынша, Бейжіңде үлкен сауда орталығы бар. Ол жерде Қазақстан 200 шаршы метрді жалға алады. "Мен бір шағын орынға өтінім жасадым. Шынымды айтсам, біздің құрт пен қымызға деген керемет сұраныс болады деп ойламаған едім. Біз өнімімізді бастапқыда жіберіп көрдік. Қытайлықтар бағалап қана қоймай, жиі сатып алатын болды. Ақпан айында жіберетін алғашқы партиямыз – бір тонна қымыз бен жарты тонна құрт. Алғашқы уақытта осы жеткілікті болады. Қытайлықтар өнімнің пайдсына үлкен көңіл бөледі. Сол күні сауда орталығына келгендердің көбісі менің компаниям туралы ақпарат жинаған екен. Қытайда сауда жасау экономикалық жағынан тиімді. Салыстыру үшін Қытайда құрттың бір килограмын 5 мың теңгеден сатпақпыз, ал өзімізде оның бір келісі 1800 теңге тұрады. Қымыздың бір литрін 1500 теңгеден сатпақпыз, ал өзімізде оның бір литрі 530 теңге. Ал үйде сататын өнімнің бағасын өзгертпегеніме бес жыл болды", – дейді Төлеу Қошманова.

Қытайлықтардың Қазақстаннан келетін өнімге талабы күшті. Мысалы, құрт 150 грамдық қорапта, қымыз 0,33-тен 0,5 литрге дейінгі бөтелкеде сатылуы керек. "Қанша өнім өндіре алатынымды бірден сұрады. Тонна деген оларға сөз емес. Олар әңгімені 10 тоннадан бастайды. Менің жабдықтарымның мүмкіндігі туралы сұрады. Мен айына 5 мың тоннаға дейін өнім дайындай аламын", – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Өнім өндіру қуатын арттыру үшін бүгінгі күні қорада тұрған биенің санын екі есе көбейту керек. Сонда ғана тәулігіне 2-3 тонна сүт алуға болады. Қытайға барып келгеннен кейін Төлеу Қошманова бизнесті кеңейтіп қана қоймай, өз өндірісін айтарлықтай жаңғыртуды да ойластырып отыр. Бірақ мұның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. "Кредит алғым келмейді. Шынымды айтсам, кредиттен шаршадым. Бұл мәселені жергілікті билікпен шешкім келеді. Мүмкін, қаржылай қолдаудың басқа да түрі бар шығар", – дейді кәсіпкер.

Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу