Қазақ мұнайы Азияға жетуі үшін Африканы айналуға мәжбүр

2463

Экспорттық бағыттың өзгеруіне Қызыл теңізде кемелерге йемендік хуситтерден төнген қауіптің күшеюі себепші.

Қазақ мұнайы Азияға жетуі үшін Африканы айналуға мәжбүр Фото: canva.com

"Шеврон" компаниясы Қазақстанның CPC Blend сұрыпты мұнайын Азияға енді Қызыл теңіз арқылы емес, Африканың Үміт мүйісін айналып өтіп жеткізетін болды. Сондағы мақсат – йемендік шиит-хуситтердің шабуылына ұшырау қаупінен алшақ жүру. Мұны осы саладағы үш дереккөз бен LSEG-нің (Лондон қор биржасы тобы) кемелерді қадағалау мәліметтеріне сүйеніп, "Рейтер" агенттігі хабарлады.

Иранмен байланыстағы хуситтер палестиналықтарға қолдау, ал Израильдің Газаны бомбалау операцияларына қарсылық ретінде сауда кемелеріне қараша айында шабуыл жасай бастады. Бұл шабуылдарды тоқтату үшін Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары қарулы топтың Йемендегі позицияларына соққы берді. Соған қарамастан, хуситтердің белсенділігі төмендемей тұр. Сол себепті Еуропа мен Азия арасындағы ең қысқа теңіз жолы – Қызыл теңіз бен Суэц каналын пайдаланудан бас тартқан кемелер қатары көбейіп келеді.

Айта кетсек, CPC Blend мұнайы танкерлерге Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск порттық қаласының маңындағы "Южная Озереевка" терминалында тиеледі. Бұл жүк әдетте Азияға Қара теңізден Жерорта теңізіне, одан әрі Суэц каналынан өтіп, оңтүстікке қарай жүру арқылы жетеді. Ал жаңа маршрут бойынша қазақ сұнайы Жерорта теңізі арқылы батысқа қарай жүріп, содан кейін Африканы айналалы. Бұл бағыт әрине саяхатты көп күнге ұзартып, тасымалдау бағасын қымбаттады. 

CPC Blend шикізатының көп бөлігі аталған терминалға Қазақстаннан барады. Дегенмен, осы сұрыптың қандай да бір бөлігін ресейлік компаниялар жеткізеді.  LSEG-нің дерегінше, ресейлік CPC Blend Қызыл теңіз арқылы әлі де өтіп жатыр.

Қызыл теңіздегі шабуылдар мен тасымал құнының қымбаттауы CPC Blend ағынын шектеп жатқан тәрізді. "Рейтер" дереккөздер мен өзге де мәліметтерге сүйеніп хабарлағандай, жалпы алғанда, Азияға CPC Blend жеткізілімі желтоқсандағы 1,2 миллион тоннадан қаңтарда 550 000 метрикалық тоннаға дейін екі еседен астамға қысқарған.

"Шеврон" бағытын өзгертетін нақты кемелер жайында түсініктеме беруден бас тартты. Айта кетсек, "Шевронның" қазақстандық "Теңізшевройл" компаниясы – қазақтың CPC Blend сұрыбын ең көп экспорттаушы.

"Шеврон" Қызыл теңіздегі және бүкіл Таяу Шығыстағы маршруттардың қауіпсіздігін белсенді түрде бағалауды жалғастырады және соңғы оқиғаларға негізделген шешімдер қабылдайды", – деп жазылған компания таратқан мәлімдемеде.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – Қазақстан шикі мұнайының негізгі экспорттаушысы. КҚК-нің басты акционерлері – ресейлік құбыр операторы "Транснефть", "ҚазМұнайГаз" және Chevron Caspian Pipeline Consortium Company. Осылардың біріншісіне КҚК-нің 24 пайыз, екіншісіне 19 пайыз, үшіншісіне 15 пайыз акциясы тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу