Қордайдағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы жанжал 11 адамның жанын жалмады. 180 адам түрлі жарақатпен медициналық көмекке жүгінді. Олардың 19-ы құқық қорғау органдарының өкілі болды. Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер ауылдарында 15 ғимарат пен 30-дан астам үй қиратылып, 23 көлік өртенді. Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздікі ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп, 120 қылмыстық іс қозғалды. Оның 11-і адам өлтіру фактісіне қатысты болды.
"Бүгінге дейін 100-ден астам адамнан жауап алынды, процессуалдық іс-шаралар жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тиісті процессуалдық дәлелдерді алған соң кінәлілер жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық істің саны күн сайын өсіп жатыр. Осы уақытқа дейін 120 қылмыстық іс қозғалды", – деді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде адамдарды арандатқан тұлғалар да тезге салынып жатыр екен. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчи: "200 арандатушы анықталды. 8 қылмыстық іс қозғалды. Әкімшілік құқық бұзғандар жауапкершілікке тартылды. Басқа тұлғаларға тәртіптік түсіндіру жұмысы жүргізілді. Күні бүгінге дейін Қордайдағы қақтығысты қазбалап, ел арасына іріткі салғысы келіп жүрген арандатушылар анықталып жатыр. Мұндай адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады", – деді.
Қазақ-дүнген жанжалы ұлт пен ұлыс арасындағы қарым-қатынастың қылы нәзік екенін көрсетті. Оны тағы да үзіп алмай, қазақ пен дүнгенді татуластыру үшін не істеу керек екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының алғашқы күнінде Қордай ауданына жұмыс сапарымен барғанда айтты.
"Қордайда болған оқиға халқымыз үшін ауыр соққы болды және әлем назарын өзіне аударды. Бұл қақтығыс мемлекетіміз бен халқымызға нұқсан келтірді. Біз біртұтас ұлт ретінде келеңсіз құбылыстан сабақ алуға тиіспіз. Бізге мұндай оқиғаның болашақта қайталануына жол бермеу керек", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қақтығыс орын алып, қан төгілетін жерге береке мен бірлік орнамайды.
"Өкініштісі, облыстың бұрынғы басшылары осыны түсінген жоқ. Сондықтан мен өңірдің барлық басшыларын, оның ішінде құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларын ауыстырдым. Тағайындалған жаңа басшылардың арасында Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев бар. Сіздер оны жақсы білесіздер, ол өте тәжірибелі мемлекет қайраткері. Оған өңірді тұрақтандыру мен дамыту міндеті жүктелді", – деді Президент.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларына жергілікті шенеуніктер арасындағы парақорлыққа және заңсыз трансшекаралық саудаға тосқауыл қоюды тапсырды.
Кім кетті, кім келді?
Қазақ-дүнген қақтығысының салдарынан Президенттің пәрменімен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен босатылды. Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев, Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков жылы орнын "суытты".
Оқиға орнына үкіметтік комиссияның басшысы болып барған вице-премьер Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Ал ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы лауазымын атқаруға кірісті. Қордай ауданының әкімі қызметі Тараз қаласының бұрынғы әкімі Рүстем Дәулетке сеніп тапсырылды.
Кім, не айтты?
Қордайдағы қақтығысқа әркім әртүрлі пікір білдірді. Оларды "биліктің сөзін сөйлеп отыр" деп даттағандар да, "халықты тыныштыққа шақырып отыр" деп мақтағандар да болды.
КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов: "Қандастарым менің, жерлестерім, бауырларым, қабырғам қайысып, іштен күйініп отырмын. Бұл – өзіміздің ел! Төбелесқұмар емес, жуас ел едік. Жігіттердің шамына тиген әлдебір топтың жетегінде кетіп қалғаны белгілі болып жатыр. Сондықтан, азаматтарға, бауырларыма тоқтау айтамын. Елдің, жердің басында отырған халық емеспіз бе?" – деді.
"Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" деген сөзді алға тартқан еңбек ері "жігіттер ақылға салмай, намысқа беріліп кеткен болу керек" деп ойлайтынын жеткізді.
"Мен қазақтың жігіттерін кінәламаймын, шыдамы таусылған тұста шарт кететін қасиет қанымызда бар. Ежелгі бабаларымыз жоңғарлармен соғысты, кешегі аталарымыз фашистермен шайқасты. Әкемізді бердік сол майданға. Бірақ ол – басқа соғыс еді. Ал мынау – ауыл арасындағы төбелес. Алайда, резонансы жаман. Көрші елдерге күлкі боламыз, мазаққа айналамыз. Осыларды ескеру керек. Қаны қызып алған адамдар қайдан ескерсін?! Оны да түсіну керек. Бірақ тоқтату қажет қанқызбалықты", – деді Асанәлі Әшімов.
Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев: "Қадірлі халқым! Жамбыл өңіріндегі жерлестерім! Кешелі бері айқай-шу көбейіп, естуімше ұлтаралық келіспеушілік болып жатқан көрінеді. Айналайындар, біз қазақ деген кең халықпыз. Құшағымыз да кең. Біз өте саналы да ақылды, барлық жағынан – сауда болсын, өнер болсын бейім халықпыз. Кішкене сабыр сақтаңыздар. Ел ішінде бір-екі бұзық болуы мүмкін. Ол бізде де, басқада да бар. Баяғы соғыс кезінде немістерді, шешендерді, қарашайлар мен украиндарды құшағымызға алған елміз. Әкем тіптен екі бөлмелі кішкентай қоржын тамына алты баласымен бірдей Мұхамет деген қарашай азаматын паналатқан. Ал олар қазір қазақ десе жанын береді. Өткенімізге қарап, ақылға тоқтайық. Жұдырық біздікі екен деп, өктемдік жасамай-ақ қояйық, ағайын. Ақылға тоқтаңдар!" – десе, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров: "Ел болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Біздің бабаларымыз қаншама ғасыр бойы қиыншылықты басынан кешірді. Бабаларымыздың әр уақытта өзінің ұстамдылығымен, сабырлығымен, даналығымен, ауызбіршілікпен елді ұстап отырғанын ұмытпасақ деймін. Сабырлылық сақтай отырып, осындай кикілжіңді бірге тоқтатып, жастарға үлгі болатындай сөз айтып, қазақтың ынтымақсүйгіш ел екенін көрсетуіміз керек", – деді.
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков біреудің мүлкін қиратып, үйін өртеп жіберу жақсылыққа апармайтынын айтты.
"Еліміздің татулығын, бірлігін сақтау үшін күш салу қажет. Жас емеспіз, өмірден алған азды-көпті тәжірибеміз бар. Алла Тағала мейірімді, адам баласының барлық күнәсін кешіреді. Ал оның алдында біз кімбіз, бір-бірімізді кешіре алмайтындай? Қордай ауданы тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа шақырамын. Әрине, әр ұлттың намысы бар. Намысқа тиетін де жайттардың орын алатындығы жасырын емес. Кінәлілерді анықтап, жазалау керек. Бұл мәселені жақсылықпен шешу қажет", – деді Ислам Байрамуков.
Өз кезегінде Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та халықты бірлікке шақырды.
"Жалпы, біздің халқымыз қонақжай, баршамыздың бойымызда кеңшілікті, бауырмалдықты ту етіп ұстанатын мінезіміз бар. Қордай ауданының да тұрғындарын жақсы білемін, мұндайда жанжалға бара бермейтін адамдар. Өкініштісі, келеңсіз оқиға орын алыпты. "Жаман ұлт жоқ, жаман адамдар бар" дейді ғой, сабырсыздық танытқан бір-екі адам үшін қайғылы жағдайға жол берілді. Осы орайда халқымызды, облыстың әрі ауданның тұрғындарын сабырлыққа шақырамын. Осындай дау-дамайға кіргізген адамдардар жазаларын алады деп ойлаймын. Президент тапсырмасы бойынша Үкімет комиссиясы құрылды ғой. Енді бұл бағытта тәртіпке салып, кім қандай жазаға тартылатынын құзыретті органдар өзінің бағасын береді деп ойлаймын", – деді Ақжүрек Таңатаров.
Елдің, ердің сөзі айтылып жатқанда әнші Қарақат Әбілдина да қалыс қалмады. Ол: "Әрине, айдың-күннің аманында әлімжеттік көрген әлсіз қарияға араша түсу - ардың ісі, азаматтың борышы, ұлттың намысы. Мұндайда жұмылған жұдырықтай бірігіп, елдігімізді танытқан ағайынға алғыстан басқа айтар жоқ. ‘Неге өйттің?’ - деп айып тағуға болмайды еш. Десе де, ғасырлар бойы бір нанды бөліп жескен дүнген бауырлардан дүрбелең шықпаған еді ғой. Болмысынан момын, жуас, жанашыр ұлт. Әсілінде, ұлттың жаманы болмайды, адамның ғана нашары бар. Сол бірен-саран жаманның әрекетіне бола, тұтас бір дүнген ұлтын қалайша қиып жібереміз? Болған оқиғаға кінәлілерді жергілікті халық өзі-ақ жазалады, қазақ намысты қолдан бермейтінін көрсетіп, артық кеткендерді орнына қоя білді. Дүнген ұлты 8 азаматынан айырылды, оңай емес. Өте өкінішті. Мұны бақылаған өзге ұлт өкілдері де сабақ алды. Болды емес пе?! Сабырға келейік, ағайын. Береке-бірлік, тыныштығымыз қымбат.Біз қазақ намысты елміз, бірақ өте азбыз. Жүздеген ұлт пен ұлыс жерімізді мекендейді, тағдырымыз бір. Олардың бізге, біздің оларға деген құрметіміздің арқасында бүгінгі бейбіт күнге жеттік. Өз алдына жері, отаны жоқ шағын ғана ұлттар мен ұлыстарды ішімізге сыйдыра алмасақ, кей тентегін кешіре алмасақ, елдігімізге сын емес пе?! Сондықтан арандатушыларға еріп кетпей, еліміздің амандығын, тұтастығын ойласақ екен деймін. Ішкі бірлігі мықты ел ғана, сыртқы қысымнан ада болады. Кешірімді, сабырлы болайықшы", – деп сөз саптады.
Айтыскер ақын Ринат Зайытов түлкібұлаңға салған жоқ. "Аса қадірлі, қадірсіз екені белгісіз мырзалар, кеше Қордайда болған оқиға онсыз да алаң-елең болып отырған қазақты тағы бір сілкіді. Ол шындық. Сол жағдайға Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның шұғыл назар аударғаны да жақсы. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасынан бір салқын сөз шықты ол "арандатушылар жазаланады" дегені. Біздің елде аспаннан жауған жаңбырға да қарапайым халықты кіналай салатын биліктің жаман әдеті бар екені баршаға мәлім. Содан келіп зар жылаған көпбалалы ананы, ұлтының намысы үшін, өз жерінде қытайға есе бермеген қазақ жігіттерін, т.с.с. қит етсе "Арандатушы", "Бұзақы" дейсіздер. Өз басым Қордайдағы оқиғаға кінәлі қарапайым қазақ көріп тұрған жоқпын. Арандатушы да, кінәлі де шаңыраққа қарамай шалқайған дүнгендер мен сіздердің форма киіп алып, қолынан дым келмеген полицияларыңыз. Ар жағын өздеріңіз ойларсыздар", – деп тіліп түсті.
Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшесі, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл майдан қыл суырғандай ақты ақ, қараны қара деп әлеуметтік желіге қазақ пен дүнген арасындағы жанжалдың себебін талдап жазды.
"Дүнген көлігімен келе жатса, қазақтың көлігіне жол беруін талап ететін көрінеді. Жергілікті қазақтар жағы: "Басқа жол салып беріңіздерші, бұл жолды дүңгендер алып қойды, өткізбейді" деген шағым айтты. Оған ашына айқай салуға тура келді: "Қай жерде отырсың? Сен қазақ, өз жеріңдесің! Күре жолды басқаға беріп, қымсына айналып жүретін құл ма едің?". Қосымша жол ашылмайды. Дүнгенлерге көлігін жолға қоюға тыйым салынады. Қара жол қалпына келтіріліп, баршаның ортақ игілігіне айналуға тиіс. Дүнгендердің балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді. Наным-сенімі солай. Осыған орай құқық қорғау органдарына нақты талап қойдық: егер сол жігіттері ерігіп, есіріп, өзгеге қол көтерсе, басынса, құқық пен тәртіпке қарсы әрекет қылса, қатаң жазалау керек. Қолы артына қайырылып, кісен салынып, түрмеге тоғытылсын. Елге қорған болмай, қорлаушы болса, торда отырсын. Дүнгендерге тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды. Дүнген тілінде уағыз айтылып жатады. Ол не айтып жатыр? Бәлкім, бізге қарсы үгіт жүргізіп жатқан болар?! Дүнгендер тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Сондықтан мен еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен сөйлестім. Ол облыстық имамды Қордай ауданына жіберді. "Діни бағыттағы сала бақылауда болады. Бірақ дүнгендердің жаман жері – Нью-Йорктегі және басқа елдер қалаларындағы "Чайна-таун" сияқты жинақы әрі жеке тұрады, араларына өзге этностарды көп жібере қоймайды. Бірақ біз қазақ елінде біреудің отау ішінен отау тігуіне жол бере алмаймыз. Олар мемлекеттік тілді білуі, салтын сыйлауы шарт. Салтымызды сыйламаса, халқымызды балағаттаса, қартымызды тепкілеп жатса, оған қалай бей-жай қарап отырамыз? Осыған байланысты қойылуға және орындалуға тиісті талаптардың барлығын айттық. Бұл бағытта да үлкен жұмыс істелуі қажет.
Жалғыз дүнген ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құрушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйтпесе, әрқайсысы әр жаққа тартып, жерімізді ту-талақай ету қаупі бар. Дүнгендер әз-Наурыз секілді ұлттық мерекелерімізді тойламайды. Олар үшін бұл жат. Әкімдіктің ішкі саясат бөлімі "ұрпағы көз үйретсін" деп Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді талап етеді, мәжбүрлейді. Бірақ бұлар ондай мерекеге шақырғанға келмейді. Тек Ораза мен Құрбан айтты ғана мейрам санайды. Қазақтың қанымен келген жер заңымен қорғалады. Қазақ бағынған заң дүнгенге де, басқасына да ортақ. Мемлекет ішінен мемлекет құру деген қара пиғылдың тамырына балта шабылуға тиіс!", – деді Бақытбек Смағұл.
Экс вице-премьер не істеді?
"Желдің өтінде, жардың шетінде" жүруге еті үйреніп алған кризис-менеждер, үкіметтік комиссияның басшысы, экс вице-премьер Бердібек Сапарбаев Сортөбе, Масаншы ауылдарын аралады. Қаза тапқандардың отбасыларына барып, көңіл айтты.
Ол тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен тұрғын үйлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар қалпына келтірілетінін, мемлекет жапа шеккендерге көмек көрсететінін жеткізді.
Аудан халқына есептік кездесу өткізгенде Бердібек Сапарбаев өңірде түйіні тарқамаған мәселе көп екенін жеткізді.
"Өзімізді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Импортты, басқа өңірден келетін азық-түлікті азайтуымыз қажет. Мен Тараздың негізгі базарларында болдым. Сонда Жамбыл облысында өсірілген пияздан басқа бір де бір өнім көрген жоқпын. Картоп, сәбіз, қырыққабат, барлығы сырттан келеді. Кеше ғана зиялы қауым өкілдерімен кездескенде айтып едім, Павлодардан картоп алатын болсақ, не болғанымыз?! Одан кейінгі мәселе – қант қызылшасы. Әрине, бұл жерде мәселе бар. Қант қызылшасын өндірушілердің өнімін қант зауыттары алуы керек. Біз кешеден бері бұл мәселе жөнінде ауыл шаруашылығы министрімен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бір жолын табармыз. Бірақ ондай қиындықтарға қарамастан, біз қызылша алқабын көбейткеніміз жөн. Пайдаланылмай жатқан жерлерге байланысты өңірде біраз жұмыс жасалған. Енді біз соны ары қарай жалғастырып, биыл ең кем дегенде 70 мың гектар жерді мемлекеттің меншігіне қайтаруымыз керек", – деді Бердібек Сапарбаев.
Оның сөзінше, тұрғын үйдің құнын төмендету керек.
"Өңірімізден шығып жатқан құрылыс материалдарын толығымен пайдалануымыз қажет. Құмды, қиыршық тасты, әктасты айтпағанда, мұнда цемент, гипс бар. Осы құрылыс материалдарын пайдалану арқылы құрылыстың бағасын төмендетуге болады", – деді экс вице-премьер.
Жамбыл облысының жаңа әкімі жергілікті халықтың табысын көтеру қажет екенін атап өтті.
"Өкініштісі, қазіргі таңда халықтың табысы, жалақысы жөнінен Жамбыл облысы басқа өңірлердің ішінде Солтүстік Қазақстаннан кейінгі орында тұр, яғни ең соңындамыз. Біз қазір осыған байланысты жұмыс істеуіміз керек. Биылдан бастап мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет, спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-дан 30%-ға дейін өсті. Біз өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдаланайық. Яғни қалай біз жалақыны өз есебімізден көбейте аламыз?! Бұл жерде біз кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен жұмыс істеуіміз тиіс. Халық тарапынан наразылық бар, оқу жөнінде. Мысалы, неге былтыр 4 мың адам оқытылса, биыл 2608 адаммен шектелдік? Оған да талдау жасадық. Біріншіден, оқытқан адамдар жұмысқа орналаспайды. Екіншіден, кейбіреулер стипендия алу үшін 3-4 рет оқиды. Енді оқыту тек қана жұмыс берушілердің сұранысына қарай болады. Тапсырыс берді ме, оқытамыз. Олар оқуын бітірген соң барып жұмысқа орналасады", – деді Бердібек Сапарбаев.
Түймебаевтың түйіні
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Қазақстан халық ассамблеясы өкілдерінің Қордай ауданына жасаған сапарының қорытындысын жариялады.
Жансейіт Түймебаевтың түйінінше, қазақ пен дүнгенді татуластыру үшін Қордай ауданындағы ұлтаралық қатынас мәселесін ел аумағында қайта қарау қажет.
"Бұл жерде дүнгендердің әлеуметтік-мәдени оқшаулануы, ал жастарының жалпықазақстандық әлеуметтену бағдарламасынан тыс қалуы белең алған.
Этникалық белгілері бойынша әлеуметтік-экономикалық жіктелу, контрабанда, құқық қорғау органдарында жемқорлық бар. Дүнген халқы жастарының Қырғызстан мен Қытайда білім алуға ұмтылуы, қырғыз ұялы байланыс операторлары мен орыс, қырғыз және қытай телеарналарын көруі құптарлық іс емес", – деді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары.
Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, Қордай ауданында көрші елдердің ықпалы сезіледі.
"Қордай қақтығысы ықшам отырықшы немесе жабық этникалық топтар мәселесін ашық көрсетті. Жанжалдың себептері туралы нақты түсінік бар. Этникалық жағынан жабық қауымдастықтарда әлеуметтік, тұрмыстық, еңбек және қылмыстық қақтығыстар көбінесе этносаралық сипатқа ие болады. Көптеген жағдайларда құқық қорғау органдарының күдіктілерді жедел ұстауы жанжалдың алдын алады. Әйтпесе жиналған этноәлеуметтік шиеленіс сыртқа шығады", – деді ҚХА хатшылығының меңгерушісі.
Жансейіт Түймебаевтың пікірінше, елімізде этносаралық қатынас саласын реттейтін заң болуы керек.
"Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заң оның қызметін реттейтін негіздік нормаларды ғана қамтиды", – деді ол.
Абылай Бейбарыс