Сіз кімсіз, Хусей Дауров?

9471

Қазақстан дүнгендері қауымдастығының төрағасы деген дардай лауазымы бар бұл азаматтың Қордайдағы ахуалды реттеуге ел Үкіметінің дәрмені жетпей жатқандай, шетелден көмек сұрауының астарында не бар? 

Сіз кімсіз, Хусей Дауров?

"Қазақстан азаматы болып табылатын Хусейдің екіжүзділігіне, бір  бармағын ішке бүккен жымысқылығына осыдан он-он бес жыл бұрын ауданда жылыжай шаруашылығы жүргізілген кезде-ақ көзіміз жеткен", – дейді жергілікті тәжірибелі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжан.

Оның сөзіне қарағанда, 1960 жылы туған Хусей Шимарұлы жаппай қақтығыс орын алған Сортөбе ауылында тұрады екен, сондағы "Щэнси" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарды. Ел тәуелсіздігін алысымен шетелдермен байланыс орныға бастағанда-ақ, Дауров Қытайға жол салған. Қысы-жазы көкөністен екі-үш қайтара өнім алатын жылыжай шаруашылығының тәжірибесіне  қаныққан.

"Оны өз егістігінде қолға алып, көл-көсір пайдаға кенеле бастады. 1999 жылы сол кездегі аудан әкімі Қ.Уәлимен бірге Елбасының қабылдауында болып, қытайлық үлгідегі жылыжай шруашылығын ортақ игілікке айналдыру туралы мәміле жасайды. Осыны бетке ұстаған Дауров ауданның бертіндегі әкімі М.Жолдасбаев бастаған бір топ шаруашылық басшылары мен мамандардың Қытайға жұмыс сапарымен баруына сеп болып, оларға жылыжайдың түр-түрін көрсетіп қайтқан-ды. Соның нәтижесінде 2009 жылы күзде "Қордай-жылыжай" ЖШС құрылды", – дейді қордайлық журналист.

Содан кейін Дауровтың бастамасымен бір орталықтан басқарылатын 25 жылыжай салуға Қасық ауылдық аймағынан арнайы жер де бөлінген. Жылыжай шаруашылығына үгіттеп қатыстырылған 20-ға тарта агроқұрылымның есебінен "Ауылшаруашылығын қолдау қорының" Жамбыл облыстық филиалы арқылы 50 млн теңге несие алынады. Қытайлық гелиожылыжайлар жабдықтарын әкелу, құрылысын жүргізіп, жабдықтарды құрастырып іске қосып беруге "Щэнси" ЖШС мердігер ретінде анықталып, шаруашылықтардың әрқайсысы онымен жекелей келісімшартқа отырған.

Қ.Әлімжанның айтуынша, осы келісімшарт бойынша агроқұрылымдар жылыжайлар құнының 85 %-ы болатын 37 млн теңгені 2010 жылдың көктеміне дейін мердігерге алдын-ала төлеуі, ал мердігер, яғни, "Щэнси" ЖШС тоқсан күннің ішінде барлық жұмысты аяқтап, қыркүйек айында жылыжайларда көкөністің алғашқы көшеттері отырғызыла бастауға тиіс болатын. Бірақ тоқсан күн былай тұрсын, арада тұтас бір жыл өткенде де бұл жұмыс бітпеген. Ал агроқұрылымдар банктен алған несиесінің игілігін көрудің орнына, босқа шығынданып, оны 11 %-дық өсімпұлмен қайтара бастайды. Алғашқы өнімдері түгелімен несиені жабуға жұмсалып, бір-екі жылда-ақ пайдаға жұмыс істей бастайды деген жылыжайлар ақыры сол салынып бітпеген күйі жайрап қалған. "Қордай-жылыжайға" мүше шаруашылықтар мен мердігер арасындағы өршіген дауды бұл кезде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне өскен М.Жолдасбаев та шеше алмай, өңірдегі экономикалық соттың араласуына тура келген.

"Дауров  қырық сылтаумен құрылысты әдейі сағыздай созып, ақыры оған үміт артқан әріптестерін сазға отырғызып кеткен болатын. Бұл туралы 2010-2011 жылдары жергілікті басылымдарда "Дауровтың  дандайсуы", "Дандайсыған  Дауров... дабыл  қақты дау-дамай", "Глиняный колосс" деген мақалалар жарияланған еді. Мұндағы менің айтпағым, Дауровтың бірге  жүрген өзіндей агроқұрылым басшылары былай тұрсын, өзіне сенім артқан аудан, облыс басшылығын құрметтемейтіні, келісімшарт түріндегі заңдық актілерге пысқырып та қарамайтыны сол кезде-ақ белгілі болған. Кезінде оның бұл әрекеттерін өзінің жеке жылыжайларына бәсекелестікті болдырмауға тырысқан пендешілігі дейтін болсақ, енді оны басқа қырынан көріп отырмыз", – деді журналист.

Қ.Әлімжан Дауровтың Қытай билігінен көмек сұрап жазған хатында дүнгендер жәбір көруші, қазақтар бүлікші етіп көрсетілген деген пікірде. Бұл оның мемлекетімізді мойындамауының айқын көрінісі.

"Қазақстан азаматы, дүнгендер қауымдастығының төрағасы ретінде алдымен еліміздің Президентіне, ҚХА-ға қайырылса бір сәрі. Біздің Үкімет оның қайырылуына үн қатпай жатса бір сәрі. Оқиға болған күннің ертеңіне-ақ Президент Тоқаев Қордайдағы оқиғаның салдарын жою жөнінде комиссия құрып, осы комиссияның жан-жақты талдауларынан кейін бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге бөлді. Бұл Дауровқа аз көрініп "Қытайдың вируспен күресіп жатқан кезінде біздің бұлайша қаржылық көмек сұрағымыз келмеген" деп көлгірсіп алады да, "бірақ, Қытайдың әр өңірінен көптеген достар, әріптестер бізге тілеулестік білдіріп, көмектескісі келетінін білдіруде. Біздің дүнген қауымдастығының есепшоты бар. Бірақ көпшілікке қолайлы болуы үшін өзімнің жеке банк шотымды жариялап отырмын", – дейді.

Осы жерде көзі қарақты адам Дауровтың арғы беттегі қалың қытайдың да, өз дүнгендерінің де көзін байлап тұрып кезекті қулыққа қадам басқанын байқамауы мүмкін емес. Дүнген  қауымдастығының есепшоты бола тұрып, өзінің жеке есепшотын жариялауында жеке бас пайдасын көздеген бақай есеп жатпасына кім кепіл?", – деген пайым жасайды қордайлық тәжірибелі тілші.

Оның сөзіне қарағанда, Дауровтың әлеуметтік желідегі парақшасында қытай көсемінің жүрген-тұрғаны, сөйлеген сөздері туралы ақпараттар тұнып тұр. Дауровтың ықпалымен дүнген жастары жыл сайын Қытай жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

"Қытайшаға жетік олар әлі-ақ Қазақстанға оралып, жерлестеріне қытай  тілін жан-жақты оқытуға кірісіп жатса, таң қалмаңыз. Дауров Қытайға алғаш барған 1994 жылы ұшақтан түсер-түспестен "ата-бабамының жері" деп жата қап асфальтты сүйгенін естіп, бір жаға ұстаған едік", – дейді Құрманбек Әлімжан.

Әсел Мұратбекқызы            

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу