Қазақ пен поляк "Агроқала" салмақ

Бек Темір Бек Темір
2510

Жақын уақытта Екібастұз қаласында жалпы құны 144 млрд теңгені құрайтын "Агроқала" жобасы бастау алмақ.

Қазақ пен поляк "Агроқала" салмақ

Павлодар облысында кез келген елдің инвесторы үшін қаржы салып, пайда табуына барлық жағдайлар жасалған. Бұл бірінші кезекте облыстың экономикалық жағдайын жаңа сатыға көтеру үшін және жергілікті халықты отандық өніммен қамтамасыз етудің жолы болып табылады. Солардың бірі – өңірде аграрлық секторды дамытуға алақанын ысқылап, білегін түріп отырған "Агроқала" ЖШС. Аталмыш кәсіпорынның бас директоры Николай Карташевтің сөзіне қарағанда, Павлодар облысында азық-түлік нарығындағы сұраныс жоғары тұтыну тауарларын өндіруге қажетті жағдайлар бар. Аталмыш тауар түрлері тек қана Қазақстан емес, сол секілді көршілес Ресей мен Қытай нарығына да экспортталатын болады. Бүгінгі күні Польша мемлекетінің қаржылық институттарымен келісімдерге қол жеткізілген, сол секілді Польша және Ресей Федерациясындағы әлеуетті серіктестермен мәмілеге келген. Жалпы "Агроқала" жобасына жүзеге асыруға 144 млрд теңге қаржы қажет болса, соның 80 пайызын польшалықтар инвестиция ретінде құймақ.

"Бағдарламаның басты мақсаты Қазақстанға озық польшалық технологиялар, құрал-жабдықтар, техника, мамандарды әкелу. Жоспарда аумағы 55 мың гектер жерді құрайтын суармалы алқапты қалпына келтіру бар. Көзделген аумақ еліміздің Қазсу шаруашылығы  және Сәтбаев атындағы каналдың басшыларымен келісілген", – дейді Николай Карташев.

Аталмыш алқапта инвесторлар мал азығын, қант қызылшасын, көкөніс, күнбағыс, бақша дақылдары және жеміс-жидектер өсірмек ниетте. Одан кейін "Агроқала" құрылысын бастап, оған өнім сақтайтын  қоймалар, тоңазытқыштар, қант және май шығаратын зауыттар, ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындар, кептірілген және мұздатылған көкөніс пен жемістер өндірісі секілді бірқатар нысандар енбек. Жалпы агроқала жобасының бірінші кезеңі Екібастұз қаласында жүзеге асырылады деп күтілуде. Қаланың иелігіндегі жер төрт түлік малға да, егістікке де қолайлы.

Тағы да бір айта кетерлігі, инвесторлар сол кешенде жұмыс істейтін мамандарды дайындау үшін білім беру орталығын ұйымдастыруға да бейіл. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аймақтағы аграрлық колледждердің бірін сенімді басқаруға беріп, сол жерде қажетті мамандарды дайындауға болатындығын алға тартуда.  

Жаңадан бой көтеретін "Агроқала" жобасын жүзеге асыру жақын уақытта басталады деген сенім зор. Қазір жауапты мамандар жобаның тиімді жақтарын пысықтауда. Олардың соңғы уәжінен кейін ауыл шаруашылы саласы тағы да бір белесті бағындырмақ.

Бек Темір, Павлодар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу