Қазақ сайттарының оқырмандары бірден екі миллионға артқалы тұр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2071

Қазақстанда өзгесіне қарағанда, қазақша сайттардың әлеуеті әлдеқайда зор және алда олардың оқырмандарының қатары бірден 2 миллион адамға артады деп күтілуде.

Қазақ сайттарының оқырмандары бірден екі миллионға артқалы тұр

Бүгін ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елді елең еткізген осындай болжам жасады және осынша көп оқырманның тосыннан қайдан пайда болатынын түсіндіре кетті.

Парламенттің жоғарғы палатасының бүгінгі отырысында сенаторлар министр ұсынған БАҚ-қа қатысты жаңа құжатты – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады.

Талқылау барысында сенатор Дулат Құсдәулетов қазақ тілді интернет ресурстарының тағдырына алаңдаушылық білдірді.

"Дәурен Әскербекұлы, біздің комитетте осы заң жобасын қарағанда сіздің орынбасарыңыз менің қойған сұрақтарыма мемлекеттік тілді білмегендіктен, жауап бере алмады. Менің ойымша, сіздің министрліктегі ондай жағдайды "кәсіби кемшілік" деп санауға болады. Ал сұрақтарыма жауапты сізден күтемін. Орыс тілінде және қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарының арасы алыстап бара жатқандай. Бір мемлекетте отырып, еліміздің саясаты мен бағдарламасын жариялағанда, олардың көзқарастары да қарама-қайшы болып жатады. Осыған сіздер қандай шара қолданасыздар? Бәлкім, деңгейлерін жақындатарсыздар? Бұл проблема қалай шешіледі?" – деп, сұрақтың астына алды депутат.

Ақпарат министрі әп дегеннен-ақ, қазақ тілді ақпарат құралдарының болашағына зор үмітпен қарайтынын айтты. Мұны министрліктің тапсырысымен арнайы жүргізілген зерттеу қорытындылары дәлелдепті.

"Қазақ тілді және орыс тілді БАҚ елімізде екі түрлі, екі бөлек дамып жатыр деп айтуға болмайды. Өйткені біздің соңғы зерттеулеріміз көрсеткендей, қазақ тілді ақпарат құралдары керісінше, әлдеқайда жақсы дамуда. Бір мысал келтірейін, ел үкіметі биыл "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын қолға алып, жүзеге асыруға кірістік. Бұл – елбасының тікелей тапсырмасы болып табылады. Оның аясында мыңдаған ауылдық жерлер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз еткеннен кейін оларда тұратын 2 миллионға жуық азамат біздің ақпарат құралдарын интернеттен оқып, көре алатын болады және де ауылдағы сол 2 миллион қандастарымыздың барлығы дерлік, 90 пайызы қазақ тілді. Ендеше олардың бәрі қазақ тілді сайттардың оқырмандарының қатарын көбейтеді деп күтудеміз", – деді министр Дәурен Абаев.

Ол мемлекеттік саясат тұрғысынан БАҚ-ты қазақтілді не орыстілдіге бөле-жармай, бірдей қолдау көрсететіндерін қосты.  

Осыдан біраз бұрын сенатор Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутат дабыл қағып, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын (қараңыз: abctv.kz/kz/news/%C2%ABotau-tv%C2%BB-abonentteri-tegin-telearnalar-toptamasynan-ajyrylyp-kaluy-mumkin).

Онда жоғарғы палата депутаттары "OTAU TV"-ның миллионнан асқан абоненттерінің барлығын жеке компанияға – "Caspio HD"-ге тапсыру жұмыс жүргізіліп жатқанын, бұл ретте меншік иесін ауыстыру клиенттердің жабдықтарын да ауыстыруды талап ететінін мәселе етіп көтерді. Бұған қоса, олар осы өзгерістердің ақыры "тегін топтама-пакеттің, яғни 55 телеарнаның ағытылып тасталуына әкеліп соғатынына" алаңдаған еді.

Бүгін бұл сауалға ақпарат және коммуникациялар министрінің өзі жауап берді.

Айтқандай, Дариға Нұрсұлтанқызы сол сауалына сабақтас тағы бір мәселені көтерді.

"Таяуда біздің комитет OTAU TV-ға қатысты депсауал жолдаған еді, бірақ оған әлі күнге жауап ала алмадық. Оған жауапты тікелей сіздің аузыңыздан естуге ықыластымыз. Тағы бір жайт, жақында бізге белгілі болғанындай, OTAU TV абоненттерін иемденген Caspio HD компаниясы Оралдағы "Қазтелерадионың" қабылдаушы-таратушы стансасын өз басқаруына алған немесе жекешелендіруге дайындалып жатқан көрінеді. Дәл осы станса арқылы Қазақстан барлық шетелдік арналардың дабыл-сигналдарын қабылдайды. Ал ұлттық қауіпсіздік мүдделері тұрғысынан, бұл қадам қаншалықты дұрыс болып табылады?" – деді Дариға Назарбаева. 

Министр дәл қазір OTAU TV-ның отандық негізгі арналар кіретін базалық топтамасын ақылы ету жоспарланып отырмағанын жеткізді. Алайда шетелдік арналар кіретін толық топтаманы квазимемлекеттік компанияның басқару шығыннан басқа ештеңе де әкелмей отырған көрінеді.

"OTAU TV қос топтамадан тұрады, бұлар – базалық және толық пакеттер. Базалық топтама шамамен 60 отандық телеарнадан құралған және Отау ТВ қондырғысын орнатқан абоненттерге тегін таратылады. Бүгінде Қазақстанда осы базалық пакетті шамамен 1 миллион отбасы пайдаланады. Бұл ірі әлеуметтік жоба, тиісінше, оны ақылы ету туралы ешқандай әңгіме жоқ. Екінші топтамаға шамамен 130 телеарна кіреді және олардың көбісі танымал шетелдік телеарналар. Қазақстанда өкінішке қарай, толық пакет "Қазтелерадио" мекемесі үшін шығынды болып отыр. Өйткені шетелдік телеөнімдер үшін доллармен төлеуіміз қажет. Ал барлық контрактілер девальвацияға дейін бекітілген", – деді Дәурен Абаев.

Оның мәліметінше, 2016 жылдың қорытындысы бойынша "Қазтелерадионың" жалпы шығыны тура жарты миллиардты – 500 миллион теңгені құрады. Соның "60-70 пайыздайы Отау ТВ-ның ақылы контентіне тиесілі" екен. Ол елімізде 70 мыңдай абонент қана сол ақылы пакетті пайдаланатынын жеткізді. 

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде Отау ТВ-ның ақылы контентін мүлдем жауып тастау нұсқасы да қарастырылуда. Тәуелсіз кеңесшілер осындай ұсыным беріпті. Бірақ оған қатысты мәселенің түпкілікті шешілмегені, алда "қосымша пысықталатыны" айтылды.

Оралдағы "Қазтелерадионың" қабылдаушы-таратушы стансасына қатысты мәселені де министр жеке қарайтынға ұқсайды.

"Осы отырыстан шыққаннан кейін бұл мәселенің байыбына барып, басын ашайын. Мен бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынына сенімдімін", – деді Дәурен Әскербекұлы.

Министр Қазақстанның шетелдік, соның ішінде негізінен ресейлік компаниялар және олардың еліміздегі бөлімшелері ауылдарымыз бен қалаларымызда өз беттерінше қаптатып қойып шыққан "қарақшылық" спутниктік тарелкалар жайына да тоқталды. Бұл кесір құбылыс отандық спутниктік операторлар болмаған немесе еңсе тіктей алмаған 90-шы жылдары және 2000-шы жылдардың басында қалыптасқаны мәлім. Салдарынан, қазақстандықтар шетелдік және ресейлік телеарналарды тікелей көру үшін жатжұрттық компаниялардың спутниктік тарелкаларын өз үйлеріне орнатып, телесигналдарды өз беттерінше Ресейден тікелей қабылдай бастады. Бұл бір жағынан, ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізуі де мүмкін. Бұған министрлік те назар аудартады. Мәселен, ондай спутниктік тарелкалар ұсынатын топтамаға қазақстандық, қазақ тілді арналар кірмейді.

Үкіметтің Отау ТВ-ның шетелдік арналардан тұратын ақылы пакетін еш қиналмастан, бірден жауып тастай алмауының бір себебі де осында сияқты. Өйткені Отау ТВ-ның жерсеріктік тарелкалары арқылы ресейлік және батыстық танымал арналарды тамашалау мүмкіндігінен айырылған шалғайдағы аудан-қалаларымызда "қарақшылық" тарелкалар одан сайын көбейе түсуі мүмкін. Яғни, дәл қазір Отау ТВ өзінің ақылы топтамасы арқылы ресейлік спутниктік телеоператорларға балама болып отыр.

"Бұл бір үлкен проблема. Ол сондай-ақ жанама түрде OTAU TV-ның ақылы топтамасына қатысты болып тұр. "Сұр" тарелкаларды Қазақстанда шамамен 600 мың отбасы пайдаланады. Бұл дегеніміз, 600 мың қазақстандық отбасы қазақстандық телеарналарды қарамайды және ұлттық ақпараттық өрістен тыс қалған деген сөз. Өйткені олар шетелдік, офшорлық компаниялардың спутниктік тарелкаларын орнатады және абоненттік төлемді "Qiwi-кошелек" секілді "электронды әмиян" арқылы төлейді. Ал бұл компаниялар біздің құқықтық өрісімізге кірмейді", – деді ақпарат министрі.

Оның түсіндіруінше, мемлекет сенат қабылдаған жаңа заң жобасы арқылы бұл мәселені шешуге талпынбақ.

"Дәл осы заң жобасының көмегімен "сұр" тарелкалардың таралуын құқықтық өріске шығармақпыз. "Сұр" тарелкалар орнатып алған азаматтарға ешқандай әкімшілік жаза қолданылмайды, айыппұл салынбайды. Ондай жазалар тек таратушыларға қатысты қолданылатын болады!" – деп түйді министр Дәурен Абаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу