Қазақ шай ішуден қалып барады

3737

Қазақстандықтар арасында шай танымалдылықтан айырыла бастады.

Қазақ шай ішуден қалып барады

Елімізде халқымыздың сүйікті бір сусынының өндірісі де, шетелден тасылатын көлемі де, тіпті тұтынысы да құлдырауда.

Атап айтқанда, жыл басынан бері Қазақстанда қапталатын осы өнімнің көлемі де, сырттан әкелінетін импорты да 3 пайыздайға кеміген.

Сонымен бірге, осы тауарды жеткізушілер де жыл ішінде сауданың көрігі қызбай, керісінше, сатылымы 6 пайызға құлағанына шағымдануда. Бұл ретте шайдың бағасы да былтырғымен салыстырғанда 2 пайызға арзандаған. Ауыз толтырып айтарлықтай мөлшер емес, дегенмен, сарапшылар ең бастысы, осындай үрдістің белең алғанына назар аудартады.   

2018 жылдың аяқталуына бір айдай ғана уақыт қалды, алайда елімізде шай мен кофенің тек 14,3 мың тоннасы ғана қорапталып, саудаға жіберілген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,1%-ға аз.

Дәстүрлі түрде Қазақстанда осы екі сусынның "шикізаты" негізінен Алматы қаласында өңделеді: оның үлесі 12,5 мың тонна немесе 87,4%. Алатау бөктеріндегі алып мегаполисіміз еліміздің әр өңірін қара және көк шаймен, сондай-ақ кофемен қамтуда жыл сайын жаңа асуларды бағындыратын. Бірақ кейінгі жылдары тренд өзгерген. Биыл Алматы бұл өндірісін бар-жоғы білінбес 0,1%-ға ғана ұлғайта алды. Бұған сұраныстың төмендеуі себеп болған көрінеді.

Қалада шай мен кофені өңдеумен айналысатын "Tea Нouse" ЖШС, "RG Brands Kazakhstan" ЖШС-ның Tealand бөлімшесі секілді кәсіпорындар жұмыс жасауда.

Жағдайды биыл орталық Қазақстан шамалы түзегендей болды. Нақтырақ тоқталсақ, Қарағанды облысында жыл басынан бері шай өндірісі бірден 75%-ға ұлғайып отыр. Бірақ сонда да болса, көлемі шағындау – небары 35 тонна ғана. Бұл айталық, бір облыс тұрғындарының бір ай бойы шай ішуіне де жетпейді.

Бұлардан басқа, елімізде тағы екі өңір шай жапырағынан дайын шай жасайды: Алматы облысы биыл 1 мың 366 тонна өнім шығарған, ал Шымкент қаласына 398 тонна тиесілі.  

Айта кету керек, жалпы алғанда шай мен кофе өндірісі 2013 жылдан бері құлдырауда. Егер әр жылдағы өндіріске үңілсек, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы шай мен кофе жасаудың шағын рекорды 2013 жылдың еншісінде: ол жыл қорытындысында 22,3 мың тоннасы қапталған. Одан кейін өндіріс тек құлдырап келеді. 2014 жылы 4,7 пайызға кеміп, 21,2 мың тоннаны, 2015 жылы 6,8 пайызға тағы кері кетіп, 19,8 мың тоннаны құрады. 2016 жылы бұл көрсеткіш бірден 10,2 пайызға – 17,8 мың тоннаға дейін азайды. Ал 2017 жыл қорытындысы бойынша шай мен кофе өндірісі небары 16,8 мың тонна болды, бұл алдыңғы жылғымен салыстырғанда, 5,7 пайызға кем. Биыл да өндірістің құлауы жалғасатын түрі бар.

Сарапшылар осы үрдіс әрі ұласса, қазақстандықтар шай мен кофе ішуді он жыл ішінде он мың тоннадан да азайтып жіберуі ықтималдығын айтады.

Біраз ғасырдан бері әр қазақ дастарханының әрін келтіретін шайдың тұтынысының төмендеуі мамандарды алаңдатады.

"Халық шайдан айран, қымыз, шұбат ішуге кетіп жатса, қуануға болар еді, алайда жұртшылық қазір газдалған тәтті сусындарға бастары байлануда. Адамдар қазір жұмысбасты, шай қайнатып ішіп отыруға уақыт таппайды. Жол-жөнекей фаст-фуд пен газды сусын іше салады. Балалар да үйде ыстық тамақ, сорпа ішу орнына сусын мен тәттілерді жеуге құмар. Салдарынан, олар арасында гастрит, қант диабеті, немесе семіру белең алуда. Негізі, біз, Қазақ тағам академиясы, газды сусындарды, чипсыларды, фаст-фудты, шоколадтарды балаларға сатуға тыйым салуды ұсынғанбыз. Өйткені олар асқазан-ішек жолы жұмысының бұзылуына соқтырады, ас қорыту процестеріне теріс ықпал етеді, мұндай өнімдерден балалардың тәбеті жойылады. Үлкендер де, балалар да олар орнына шырын, компот, сорпа, сүт өнімдерін көбірек ішкені жөн", – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Юрий Синявский.

Осыдан бірер уақыт бұрын саяси шешімдер институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде анықталғандай, Қазақстан тұрғындарының тек 17,4%-ы ғана үнемі ыстық шай ішуге құмартып тұрады екен. Шайға басымдық берушілер арасында негізінен жасы 60-тан асқан адамдар көп.

Қалғандары бөтелкеленген сусындарды таңдайды. Мәселен, 14,3%-ы көбіне су іше салумен шектеледі. Газдалған сусындарға сұралғандардың 12,5%-ы ықылас білдіреді. Тағы 11,6%-ы "шай" деп аталатын әртүрлі маркадағы бөтелкеленген сусынды тұтынады. Ал айран, кофе, сүт ішетіндер үлесі 1 пайыз айналасында ғана екен.

Шай мен кофенің отандық өндірісінің азаюын импорт алмастырып отырған жоқ. Биылғы жылы шетелден қапталған күйде әкелінген бұл өнімдер ішкі сұраныстың тек 29,6%-ын өтеген. Бұл өткен жылғыдан 3,9%-ға аз.

Қазақстанға бұрынғыдай Үндістан не Қытай емес, қазір Кения негізгі шай жеткізуші болып отыр: 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында барлық шай импортының 48%-ы (36,5 мың доллар тұратын 10,2 мың тоннасы) Африкадағы осы елден тасылған. Үнді елі 33,7%-дық үлесімен (21,9 мың долларға бағаланған 7,2 мың тоннасы) екінші орында. "Үштікті" Ресей тұйықтайды: қапталған шайдың көбін солтүстік көршіміз жібереді және тиісінше жалпы импортымыз көлемінде 10,3%-ды иеленді (ақшалай көлемде – 13,5 мың доллар, көлемі бойынша 2,2 мың тонна).  

Бірақ таяуда импорт ауқымы тағы азаюы мүмкін. "Tengri Bank" басқарма төрағасының орынбасары Динеш Кумар Universal Tea атты жаңа шай фабрикасының ашылуын қаржыландыруға кіріскендерін мәлім етті. Бұл фабрика "Рахмет", "Легенда" және "Золотой" брендтерімен нарыққа шықпақ ниетте.

Кәсіпорын Алматы облысында, Айнабұлақ шағын ауданы аумағында орналасады. Жұмысының негізгі бағыты Үндістан, Кения, Шри-Ланка (бұрынғы Цейлон) және Қытайдан шай тасымалдап, оны қаптау болады. Компания ішкі нарықпен шектелмей, таяу шет мемлекеттерге экспорттаумен айналыспақ.

Қазақстандықтар тұтынысының құлауы аясында отандық өңдеу өнеркәсібі өз назарын шетелдік нарыққа бағдарлауда. Нәтижесінде, 2018 жылдың тоғыз айы қорытындысында елімізде өңделіп, даяр тауарға айналдырылған шай мен кофенің экспорты 41,6%-ға артып шыға келді. Осылайша, 2017 жылғы 2,4 мың тоннадан осы жылы 3,4 мың тоннаға дейін жетуде.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу