Сондай-ақ, тазыны дәріптеген бейнероликтер көшелердегі алып экрандардан көрсетіліп тұрады.
Қазақ тазысын ұлықтауға бюджеттен де қомақты қаржы бөлінуде. Соған қарамастан 2023 жылдан бері қазақы итті салалық жаһандық ұйым сол бойы толыққанды мойындамады. Бұған не себеп? Бұл мәселе Парламентке дейін жетті.
Қазақтың құмай тазысы – қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан иттердің бірегей тұқымы. Ол мәдени мұраның бір бөлігі, жеті қазынаның бірі, ұлттық бірегейліктің маңызды символы.
Мемлекет басшысы қазақ тазысын қорғау бағытында нақты шара қабылдау қажеттігін бірнеше рет айтты. Арнайы заң қабылданып, бірқатар мәселе қамтылды.
Мамандардың айтуынша, тазы тұқымының тазалығын сақтау, оның шетелге бақылаусыз әкетілуіне тосқауыл қою үшін қосымша өзгерістер, пәрменді тетіктер қажет.
"Әлемде көптеген елдер жергілікті бірегей ит тұқымдарын қорғау үшін арнайы заңдар қабылдады. Мысалы, Жапонияда акита-ину мен сиба-инуды, Түркияда кангалды, Түрікменстанда алабайды сыртқа әкетуге қатаң тиым салынған. Бұл тұқымдарды әкету мемлекеттік лицензия болған жағдайда ғана мүмкін болады. Қазақстан да бұл бағытта қатаң шараларды қолға алғаны жөн. Соның ішінде құмайды экспорттауға толық тыйым салу немесе тиісті меморгандардан арнайы рұқсат алуға міндеттеу керек", – деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.
Сонымен қатар, қазақтың құмай тазысын басқа тұқымдармен будандастыру оның бірегей қасиеттерін сақтап қалуға елеулі қауіп төндіреді. Зоолог Константин Плаховтың айтуынша, егер бұл тәжірибе жалғаса берсе, елде де, әлемде де тазақанды құмай тазы қалмайды.
Депутаттар елімізде ұлттық тазы тұқымдарын будандастыруға шектеу қоятын әкімшілік тетіктерді іске қосуды, ол шектеуді бұзғаны үшін қатаң жауапкершілікті белгілеуді ұсынды.
Бірақ мамандардың айтуынша, бұған Үкімет қарсы көрінеді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенатқа хатында мұндай тыйым шараларын құптамайтынын ашық айтты.
Оның сендіруінше, қандай тұқым болса да, оны әлем жақсы білген жағдайда, дүниежүзіне таралғанда ғана жаһандық кинологияда дәріптеліп, құнды болатын көрінеді.
"Егер біз қазақы ит тұқымдарын экспорттауға тыйым салып тастасақ, бұл мынадай салдарларға соқтырады. Біріншіден, халықаралық қоғамдастық тарапынан қызығушылық жоғалады. Екіншіден, күшіктерді шетелге сату арқылы табыс табатын селекционерлердің бұл істі ары қарай жалғастыруға қызығушылығы төмендейді. Үшіншіден, шетелдік нарықтан айырылған, ал, отандық нарықтан жеткілікті сұраныстың болмауы салдарынан елде асыл тұқымды ит саны азайып кетеді. Қорыта айтқанда, тыйым салу тұқымды өсіру мен танымал ету жұмысын едәуір қиындатуы мүмкін", – деді Бектенов.
Оның үстіне Үкімет басшысы қазақы иттердің тұқымын халықаралық деңгейде тану рәсімі аяқталмай тұрған кезде, оларды экспорттауға тыйым салу орынсыз екенін мәлімдеді.
Премьер-министр сала мамандары мен сенаторлардың әр мінберден айтып жүрген бір ақпаратын жоққа шығарды. Ол "бүгінде Жапонияда немесе Түркияда кангал, акита, шиба ит тұқымдарын экспорттауға ресми тыйым салынғаны туралы сенімді ақпарат жоқтығын" нықтады.
Биылғы ақпанда Экология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа мемлекеттік мереке пайда болғанын, Қазақстанда 3 қыркүйек "Тазы мен төбет күні" ретінде ресми бекітілгенін хабарлаған болатын.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл мерекені енгізу – қазақ халқының мәдени мұрасын, тарихын және дәстүрін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ, мереке этнография мен ұлттық мәдениетке қызығатын туристердің назарын аударуға ықпал етеді.
"Тазы мен төбеттің маңызын арттыру, кинология саласын дамыту және онымен байланысты салалардың өркендеуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, салықтық түсімдерді арттыруға және экономикалық өсімге оң әсерін тигізеді", – деп сендірді министрлік.
Ведомствоның дерегінше, қазақы ит тұқымдары күні аясында дәрістер, семинарлар, көрмелер мен жарыстар ұйымдастырылады. Бұл шаралар ит асыраушылар мен кинологиялық ұйымдарға тәжірибе алмасуға, қазақы ит тұқымдарының ерекшеліктерін зерттеуге және оларды сақтау мәселесін көтеруге мүмкіндік береді.
Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай бұл бастама шикі екенін және дау тудырып отырғанын айтады.
Ұлттық кинологтар қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, елімізде тазы мен төбет күнін 3 қыркүйекке белгілеу – тарихи және мәдени дәстүрлерге толығымен, мүлдем сәйкес келмейді.
"Қазақтың аңшылық мәдениетінде тазы мен төбет – тек ит тұқымы ғана емес, көшпенділердің серіктері, аңшылық пен дала өмірінің символы. Дәстүр бойынша Қазақстанда аң аулау маусымы қыркүйекте емес, қараша айында, алғашқы қалың қар түскен кез – қансонарда басталады. Сондықтан тазы мен төбет күнін осы кезеңге орайластырып, қарашаның бірінші жексенбісіне белгілеген жөн. Бұл – мерекенің аңшылық, саятшылық дәстүрлерімен байланысын күшейтеді және далалық аң аулау, ұлттық спорт түрлерін қоса алғанда, тақырыптық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді", – деді сенатор.
Жалпы, 2023 жылғы 3 қаңтарда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ел тарихындағы тұңғыш заңы қабылданды.
Онда қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленген. Сондықтан "Тазы мен төбет күнін" 3 қаңтарға көшіруді ұсынатындар да бар.
Дегенмен, бір топ сарапшы мен депутаттардың байламынша, қазақы иттер мерекесін дәстүрлі аңшылық маусымының ресми ашылуымен байланыстыра отырып, қарашаның бірінші аптасына ауыстыру қажет.
Бұл мерекенің мәнін арттыру мақсатында осы датаға орайластырып, "Қансонарда" атты арнайы халықаралық фестиваль өткізсе, қазақ тазысының халықаралық бренд ретінде қалыптасуына жол ашар еді.
"Тазы мен төбет күнін белгілеуге келсек, 3 қыркүйекті осындай күн ретінде белгілеу бекітілді. Бұл мәселе салалық қоғамдық ұйымдармен, кинологтармен және тазы мен төбет селекционерлерімен талқыланғанын хабарлаймыз. Бұл осы күні – 3 қыркүйекте қазақы ит тұқымының халықаралық деңгейде алғаш тіркелуіне, сондай-ақ "қазақ тазысының" алдын ала ресми халықаралық деңгейде танылуына байланысты", – деп мәлім етті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Дегенмен, дәл осы "халықаралық деңгейде тіркелуге" қатысты проблема барын Үкімет басшысының өзі мойындады. Қазақстан алдын ала тіркеуден әрі аса алатын емес.
"Бүгінде басты проблеманың бірі – Халықаралық кинологиялық федерацияда (FCI) қазақы ит тұқымын тануға қатысты болып тұр. FCI – әлемдегі ең ірі және беделді кинологиялық ұйым. Ол нақты құрылған жұмыс жүйесі бар, ең кең ғаламдық желіге ие. Қазақы ит тұқымдарын дәл осы ұйымда толық мүшелігі бар ұлттық қоғамдық кинологиялық ұйым арқылы ғана FCI-ге тіркеуге, мойындатуға болады. Бұл ретте жаһандық ұйым бір елден бір ғана ұйымды тіркейді. FCI құрамына кірген "Қазақстан кинологтар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі осындай ұйым болып табылады", – деді Бектенов.
Айта кету керек, 2023 жылдың тамызында Қазақстан кинологтар одағы толыққанды мүше мәртебесін алды және "Қазақ тазысы" тұқымын мойындау туралы бірден өтінім берді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Генетика және физиология институты 2023 жылы "Тазы ұлттық қазақы иттері тұқымының гендік қорын зерттеу" жобасын іске асырып, бюджеттік грант қаржыны игерді. "Қазақ тазысы" биоматериалдарын алып, ДНҚ банкін құрыпты.
2024 жылғы 3 қыркүйекте FCI Бас комитеті қазақтың тазы тұқымын "алдын ала халықаралық тану" туралы шешім қабылдады.
Сол күннен бастап Қазақстан "Қазақ тазысының" шыққан елі және оның стандартын ұстаушы ретінде ресми бекітілді. Алайда бастама әзірше одан әрі ілгерілемеген.
Үкімет басшысының айтуынша, "Қазақ тазысы" тұқымын тану рәсімі толық аяқталуы үшін Қазақстан FCI-дің бірқатар талаптарын орындауы қажет. Соның ішінде:
- тұқымды әлемдік ауқымда өсіру,
- тазы санын молайту,
- популяциясын саулықта ұстау,
- жүріс-тұрысы мен темпераментін үнемі ғылыми бақылау,
- стандартты нақтылау үшін FCI стандарттары жөніндегі комиссиямен ынтымақтастықты дамыту және басқасы бар. Бұл бағыттарда қызу жұмыс байқалмайды.
Жұмыс мұнымен де бітпейді.
"Осы кезеңде Қазақстанда және FCI Еуропалық секциясына кіретін 53 елде тазылардың күшіктеуі туралы жыл сайын статистика жүргізу, сондай-ақ ұлттық, әлемдік және секциялық көрмелерде тазы санын көбейту, әлемдік кинологиялық қоғамдастық тарапынан қызығушылықты нығайту қажет", – деді Бектенов.
Сондықтан "Қазақ тазысы" тұқымын тану рәсімінің толық аяқталатын нақты күнін, датасын сенаторларға Премьер-министр де нақты айта алмады.