Қазақ тілі латын әліпбиіне көшпейтін болды ма?

4441

Қоғам белсенділері жауапты тұлғалардың бұл істі жарға жыққанын айта бастады. 

Қазақ тілі латын әліпбиіне көшпейтін болды ма?

Украинаға басып кірген Ресей бұл елдегі қоғамның отаншылдығы, ауызбіршілігі керемет күшейгенін көріп, абыржып қалды. Сарапшылар ресейлік әскерді тіпті орыстілділердің гүлмен, нан-тұзбен қарсы алмағанына назар аудартуда. Осы орайда Қазақстан қоғамында да елдікті нығайтуға, жат идеологияға қарсы тұруға бағытталған батыл қадамдар жасау мәселесі өзекті бола түсті. Сондықтан азаматтар түрлі ұсыныс-пікірлер айтуда. Соның бір парасы қазақ тілінің кириллицадан кетіп, дамыған елдер қолданатын латын графикасына көшуін тездетуге қатысты болып отыр.  

Президент Қ. Тоқаев "Qazaqstan" ұлттық телеарнасына сұхбатында бұл істі асықтыруға құлқы жоқтығын аңғартты.

"Тілімізге келсек, оны да сақтап қаламыз. Басқаша болмайды, себебі тарихымыздағы ең күрделі кезеңдерде тіліміз көзі ашық ағаларымыздың, қарапайым халқымыздың арқасында аман қалды. Дегенмен тіл реформасын жасауымыз керек. Мәселе латын графикасына жедел түрде көшу емес. Бұл мәселеге байыппен қараған жөн. Сараптама жасалуға тиіс. Қисынсыз нәрсенің пайдасы жоқ. Әсіресе тілге келгенде, асығыстық танытуға болмайды. Себебі бұл өте нәзік дүние", – деп түйді Мемлекет басшысы.

Осыдан бір жыл бұрын, 2021 жылғы 28 қаңтарда, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында оның төрағасы, Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстан 2023 жылдан бастап латын әліпбиіне көшетінін жариялады. Сол жоспар орындалғанда, Қазақстанда жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу алдағы жылы басталып, 2031 жылы толық аяқталуға тиіс еді.

"Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек", – деген Мамин БҒМ-ге қазақ тілінің жаңа әліпбиін енгізу бойынша қазақстандықтар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеген еді.

Үкімет бекіткен "Латын графикасына көшу кестесіне" сәйкес, 2025 жылдарға дейін 0-сыныптан жоғарғы сыныптарға дейін кезек-кезегімен жаңа әліпбиде жазуға көшіру, сонымен бірге мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру жоспарланды. Қазақ сыныптарына сабақ беретін 192 мыңнан астам мұғалім латын графикасына байланысты біліктілігін арттыруы қажет еді. Биылдан бастап, барлық оқу пәні бойынша латын графикасында оқулықтар әзірленіп, оқу әдістемелік кешендерге сараптама жасалады деп көзделген. Бәрі жайына қалды.

Осы жоспар пандемия тұсында жасалған еді. Яғни оған пандемия және коронадағдарыс кедергі болған жоқ.

Әрине, биылғы "қасіретті қаңтар" оқиғасынан соң, одан беріде Кремль ашқан халықаралық соғыстан және Батыс әлемінің алапат санкциялық соққыларынан кейін Қазақстан Үкіметінің жаңа алфавитке мойын бұруға шамасы жоқ деп ақтауға болар. Дегенмен мамандар латыншаға ауысу ісі бұл оқиғалардан бірер ай бұрын, былтыр-ақ деградацияға ұшырағанын ашық айтады. Сондай-ақ Үкіметтегі дереккөздер Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиясы біраз айдан бері отырысқа жиналмағанын жеткізді.

Осы мәселеге мән беріп жүрген тараздық ұстаз Еркебұлан Саукенов латын қарпіне көшу науқанының соңы сиырқұйымшақтанып кеткеніне алаңдайды.

"Жаңа әліпбидің әлі күнге әріптері де бекітілген жоқ. Биылға арналған жоспар бойынша мектепке дейінгі, 0-дік сынып оқушылары латын графикасымен оқи бастауы қажет. Келесі жылы 1 сыныптағылар жаңа латын әліппесімен оқуы керек. Неге осы маселені жауапты тұлғалар Мемлекет басшысына жеткізбейді. Уақыт таяп қалды. Пікірталас, конференциялар қайда? Оның орнына жауапты институт басқа шаралармен әуестеніп кетті", – дейді ол.

Билік не дейді?

Қазақ жазуын латыншаға көшіру ісіне бұған дейінгі жылдары Мәдениет және спорт министрлігі жетекшілік еткен. Ал бүгінде БҒМ жауапты.

Семейлік шәкірт, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы Дамира Мұхамәдиеваның: "Латын графикасына көшу жоспары қалай іске асып жатыр?" деп төтесінен қойылған сұрағына Білім және ғылым министрлігі жалтарма жауап берді.

"Аталған бағыттағы жұмыстармен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары айналысуда. Әліпби жобасы қазақ халқының жазу дәстүрінде қалыптасқан "1 дыбыс – 1 әріп" қағидатына негізделген. Ғалымдар әліпби түзуде қоғам қайраткерлерінен, жеке азаматтардан, тіл жанашырларынан және басқалардан келіп түскен ұсыныстар мен пікірлерді, жүргізілген апробация нәтижелерін ескерді. Тіл реформасын жүргізуде терминдердің, шет тілінен енген географиялық атаулардың, кісі есімдерінің жазылуын біріздендіру, ықшамдап жазу нормасын қалыптастырумен қатар қазақ тілінің сөйлеу үлгісіне сәйкес келетін әріптерді таңдау, ұлттық кодты сақтау және дамыту мәселесі алға қойылған", – деп түсініктеме берді министрлік.

Яғни ведомство жауапкершілікті ғалымдарға сырғытып отыр. Ал ғалымдар неге бұл істі созбалаңға салып жіберді? Айналдырған 31 әріпті жасап шығу үшін 31 ай не 31 жыл керек пе?

Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ғалымдарда еш кінә жоқтығына сенімді. Себебі жоғарғы жақ жаңа әліпбиді толық бекітпей, не оған көшу, не оқулық жасау, не мектептерде балаларды оқыту ісі ілгерілей алмайды. Оның үстіне қоғамдағы қарсылық еңсерілмеген.

"Жетілдірілген әліпби нұсқасын ұлттық комиссия мақұлдап, Мемлекет басшысының назарына ұсынған болатын. Алайда қоғам арасында, сондай-ақ ғалымдар тарапынан әліпбидегі кейбір әріптердің таңбалануына байланысты сын-пікірлер мен ескертпелер легі әлі де тоқтар емес. Осыған және басқа жағдайларға байланысты әліпби және оның емле ережелері ресми түрде бекітілмей отыр", – деп түсініктеме берді "Тіл-Қазына" орталығы.

Ол латын әліпбиіне көшу жұмыстары біраз уақытқа созылатын, кезең-кезеңімен іске асатын процесс екенін еске салды.

"Қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша жұмыс жоспары болған, оған да қазіргі кезде толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп жатыр. Құзырлы орындар әліпби мәселесіне қатысты хабардар. Әліпби бекітілмей тұрып, латын әліпбиінде оқулық даярлау, білім беру жұмыстары жасалмайды", – деп мәлімдеді Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы.

Еске сала кетсе, 2021 жылы ел назарына ұсынылған қазақ тілінің латын әліпбиінің нұсқасы мынадай болатын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу