Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Терминологиялық комиссия "правилоны" "ереже" деп аударып бекіткені мәлім. Нәтижесінде, ПДД "жол қозғалысы ережелері" деп қабылданды. Мысалы, бүгінде "Жол қозғалысы ережелерін әкімшілік бұзу туралы істер жөніндегі шешімдерді өзара тану және орындау туралы конвенция" және басқа заңдар, қаулылар мен құжаттар күшінде.
Тіл мамандарының үлкен бөлігі өткен ғасырдан бері қолданылып келе жатқан "ереже" деген аударманың дұрыстығын дәлелдеп әлек. Мысалы, "правило игры – ойын ережесі" деген тәржіма әлі күнге қолданылады. Тіпті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген Termincom сайтында "Правило 1 процента – 1 пайыз ережесі" деп берілген. Өзге мысалы да толып жатыр.
Алайда, бертінде "правило" "қағида" болып бекітілді. Содан 2014 жылғы 17 сәуірде "Жол жүрісі туралы – О дорожном движении" заңы қабылданды. Онда "правила дорожного движения" сөзі енді "жол жүрісі қағидалары" деп алынды. Салдарынан, бүгінде заңнаманың бір бөлігінде правиланы – ережелер деп жүр, қалған бөлігінде – қағидалар деп жазылған.
Мұндай былық "заявление" (арыз немесе өтініш), объявление (жарнама немесе хабарландыру), истец (талапкер немесе талап қоюшы) және басқа да көптеген терминжасамдарға қатысты қалыптасқан.
Қолданыстағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 4-бабында: "талап қоюшы (истец) – өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам..." делінген. Сонымен бір мезгілде, қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексiнде "Азаматтық талапкер" (гражданский истец) деген тұтас 73-бап бар. Салдарынан, ұлттық заңнаманың жартысында "истец" талап қоюшы, басқа жартысында талапкер деп беріледі. Бүгінде талапкер "абитуриент" деп те қабылданады.
Қазіргі кезде "Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды... жүргізу қағидалары" қолданылады. Орысшасы "Правила приема и регистрации заявления". Сонымен қатар Әділет министрінің бұйрығы: "Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым аккредиттеуден өту үшін ұсынатын өтініштің нысанын және құжаттар тізбесін бекіту туралы" деп аталады. Мұндағы өтініші де – заявление.
Мұндай кереғарлық-қателіктер заңдардың мемлекеттік тілдегі нұсқасында өріп жүр. Кейде қолданыстағы қазақша заңдардағы терминдерді түзеу үшін Парламент жаңа заң жобасын әзірлеп жатады.
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан тараптардың талабымен қазақ тілінде өтетін соттарға заңдардың орыс тіліндегі нұсқасымен дайындалғанын еске түсірді. Өйткені соттар да шешім-үкім шығарғанда кез келген заңның орыс тіліндегі нұсқасын басшылыққа алады екен. Оның үстіне мемлекеттік тілдегі заңдарда сөйлемдер, терминдер қате аударылуы мүмкін. Немесе, ұғымын дұрыс бермейді, сөйтіп, адвокатты жаңылыстырады. Қазақша заңдарды қазақ тілділердің өздері түсіне бермейді. Заң тілі онсыз да күрделі, оны қазақ тіліне күрделі тілмен немесе жаңсақ аудару салдарынан "қойыртпақ" бірдеңе шығады.
Осының кесірінен, Абзал Құспанның байламынша, сот процестерінің басым көпшілігі орысша өтеді. Судьялар мен прокурорларға да сол тіл қолайлы. Бұған қоса, мемлекеттік тілде түсінікті, сауатты, жатық сөйлейтін тергеуші таппай қиналатын жағдайларға куә болыпты. Заңгер бір жолы Антикордың мемлекеттік тілде сөйлейтін тергеуші іздеп, ол адамды Түркістаннан алдыруға мәжбүр болғанын еске түсірді. Қазақша заңдардың тілінің ауырлығы, ондағы сөйлемдер мен терминдердің қате аудармасы сот пен құқық қорғау органдарын орыс тіліне итермелейді.
Жасыратыны жоқ, ел Үкіметі мен Парламент депутаттары сол бұрынғыдай заң жобаларын орыс тілінде әзірлейді. Содан кейін ғана дайын, пысықталған құжат мемлекеттік тілге аударылады. Бұл ретте аудармашыларды асықтырып, қысқа мерзім белгілейді. Ал, кейбір заң жобалары, мысалы, кодекстер бірнеше жүз беттен тұрады. Айталық, 700 беттен тұратын әдеби жанрдағы кітапты бір аптада аударуды талап етсе, оған бірде бір жазушы келіспес еді. Заң жобасының мән-маңызы кітаптан жоғары: ол мемлекеттің, ұлттың және азаматтардың тағдырын айқындайды. Салдарынан, асығып, сасқан аудармашылар Google-аудармашының қызметіне жүгіне салады.
Әділет министрлігі мемлекеттік тілге жойқын соққы беріп жатқан бұл тұйық-тығырықтан шығар жолды іздеуде. Сарапшылар ұсынған және пысықтаудан өткен бірқатар ұсыныс ведомство әзірлеп жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасында қарастырылған.
"Халыққа түсінікті болу үшін біріншіден, заңның, нормативтік-құқықтық актілердің мәтініндегі әрбір сөйлемдегі сөздер санын шектеу ұсынылып отыр. Екіншіден, қазақ тіліндегі заңгерлік терминологияға ресми статус беру қажет. Үшіншіден, заң жазатын органдарға, заң әзірлеушілерге тек ресми бекітілген, баршаға бірдей қазақша заңгерлік терминологиялық сөздіктер мен әдістемелік ұсынымдарды пайдалану талабы нормативтік түрде бекітілуі керек", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.
Ведомствоның ұстанымынша, бұл біріншіден, НҚА-лар тілінің ұғынықтылығын арттырады. Екіншіден, мемлекеттік тілдің дамуына дем береді. Үшіншіден, НҚА мәтіндерінің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларының аутенттілігін қамтамасыз етеді. Төртіншіден, қазақ заңгерлік терминологиясының өркендеуіне жол ашады.
"Бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия бекіткен және Termincom.kz-те орналастырылған терминдер баршаға, әсіресе, НҚА жобаларын әзірлеуші органдарға міндетті емес, небары ұсынымдық сипатта болып келеді. Салдарынан, тіпті терминді Терминком бекітіп қойғанның өзінде, оның дұрыс аударылғанына және қолдану-қолданбауға қатысты заңгерлер мен филологтар арасында пікірталастар жиі туындайды. Осыған байланысты енді қазақ терминологиялық сөздіктеріне "ресми мәртебе" беру және оларды норма шығарушылық процесте қолдануға міндеттеу қажет деп санаймыз!", – деді Әділет министрлігінің сарапшылары.
Олардың пікірінше, мұндай жаңа мәртебе бір жағынан қазақ терминдерінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, екінші жағынан мемлекеттік органдардың оларды норма шығарушылық процесте қолдануы бойынша "институционалдық жадты" қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни, Терминком бекітсе, өзгелер қаласын-қаламасын, ұнасын-ұнамасын – қолдануға тиіс. Заң жүзінде сондай талап қойылмағандықтан, филологтар, тіл мамандары, аудармашылар, корректорлар әрбір терминнің дұрыс аударылған-аударылмағанына қатысты шет-шегі жоқ айтысқа түседі, сол арқылы білікті маман болып көрініп қалуға тырысатындар аз емес.
Ұқсас тәжірибе дамыған елдерде қолданылады. Мысалы, Deutsche Welle хабарлауынша, таяуда, биылғы 20 тамызда Германияда Duden неміс тілінің жалпыға ортақ орфографиялық сөздігінің кезекті, 29-шы басылымы шықты. Оған бірден 3 мың жаңа термин енді.
Оған сәйкес, музейлерде – әлемдік кескіндеме шедеврларына, көшеде – асфальтқа, тротуарға, әуежайларда – ұшу-қону жолағына өздерін желімдеп тастап, бұл ұйымдардың жұмысына кедергі келтіретін радикалды экобелсенділер бұдан былай неміс тілінде Klimakleber деп аталатыны бекітілді. Тура мағынасында бұл "климаттық желім" деген сөз. "Бұл не масқара? Адамды солай атауға бола ма? Дені дұрыс басқа термин таппағаны ма?" деп бірде бір германиялық тұрғын не тіл маманы қарсы дау айтып жатқан жоқ.
Тағы бір мысал: бұдан былай Gemüsekiste (көкөніс толы жәшік) ұғымы отандық өнімдерді қолдаудың маңыздылығын көрсететін болады. Өйткені жергілікті өндірушілер әдетте тек көкөністерді ғана емес, сондай-ақ жаңа сауылған сүтті, жаңа сойылған етті, хош иісі танауды жаратын тоқаштарды және басқасын жәшікке салып, тұрақты клиенттерінің табалдырығына дейін жеткізеді. "Оу, онда неге тек көкөніс?" деп сұрақ қойған неміс жоқ.
Мұнда тәжірибе Терминологиялық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін де күшейтуі мүмкін. Олар "сөз тапқанға қолқа жоқ!" деп сүйсіндіретін сауатты термин бекіту арқылы ұрпаққа игі мұра қалдыру жайын ойлауы керек. Ұлт пен ұрпақ алдында ондай жауапкершілік танытпаса, ел қабылдамас нашар терминді бекітіп, абыройдан айрылмақ, мемлекеттік тілдің тоқырауына түрткі болмақ.
Жалпы, Әділет министрлігінің сарапшылары бұл тұрғыда бір проблеманың барына назар аудартты: күні бүгінге дейін ресми бекітілген қазақша заңгерлік сөздік жоқ. Тіл мамандары өз бетінше еңбектеніп, жұмыс қорытындыларын өздері кітап қылып басуда. Сондықтан белгілі, білікті тіл мамандарының басын қосып, баршасы мойындайтын ортақ заңгерлік сөздік шығару қажет көрінеді. Оның жалпы пайдаланатын электронды сөздіктерге де толыққанды енгізілгені маңызды.
Сондай-ақ ведомство өкілдері заң, ресми құжаттар мәтіндерінің аутенттілігін қамтамасыз ету және аудармадағы адами факторларды жою мақсатында нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын аударудың Бірыңғай ресми жүйесі жоқтығын, оны да жасау қажет болатынын қаперге салды.