Атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін елімізде 18 гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқыда сынақтар ашық жасалып, адамдарға жануарлар мен табиғатқа зардабы тиіп, кейін сынақ жер астында жасала бастады.
Семей ядролық полигонындағы 456 ядролық және термоядролық жарылыс сынақтан өткен. Олардың 116-сы ашық болды. Жарты миллионға жуық адам осы сынақтардың зарбадын тартты. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған.
Ең алғаш рет 1949 жылы 29 тамызда таңғы жетіде болған алғашқы сынақ жүргізілді. Қарапайым халық дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған.
Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді. Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана айтыла басталған. Сол кезден бастап қана адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе кепелерге жасыру болды. Кейінірек сынақ алдында уақытша көшірілген адамдар полигон жанындағы туған жерлеріне қайтып орала бастағанда, олардың көбісі үйінің орнын сипап қалды, не қақырап кеткен қабырғаларды көрді. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ ССР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынды.
Семейдегі атом полигонын жабу үшін күреске алғашқы қадам ретінде 1989 жылы ақпанда Олжас Сүлейменовтің ұйымдастыруымен "Невада - Семей" қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Осы уақытқа дейін тығылып, үндемей келген халық та бұл қозғалыс жұмысын қолдап, ядролық қаруға қарсы шыға бастады. Сөйтіп КСРО үкіметі сынақтар санын азайтып, кейін ядролық қаруды сынауға тыйым салу мораторийін жасау туралы шешім қабылдады.
Арада 42 жыл уақыт өткеннен кейін ғана 1991 жылдың 28 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлық шықты. 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны толығымен жабылып, 1992 жылы мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылды.