Қазақ жеріне заңсыз енген "Путин күзетшісінің" тағдыры Астанада шешілуде

2934

Оның үстінен Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Қазақ жеріне заңсыз енген "Путин күзетшісінің" тағдыры Астанада шешілуде Фото: forum.r-rp.ru

РФ президентінің 2004 жылғы №1013 жарлығына сәйкес, РФ Федералдық күзет қызметі бірінші кезекте Ресей президентінің қызметін ақпараттық-технологиялық және ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету функциясын атқарады. Путиннің оққағарлары да соның құрамында: РФ президентінің қауіпсіздік қызметі сол ФКҚ-ның бір бөлімшесі.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты РФ Федералдық күзет қызметінің майоры, 36 жасар Михаил Жилинің ісін қарады. Ол Қазақстаннан аластатылмақ. Оның өзі елімізден кеткісі келмейді: босқын мәртебесіне қол жеткізуге тырысуда. Отанына қайтудан зәресі ұша, қорқады.

Оның өз президенті жанындағы жылы орнын тәрк етіп, басын ала қашуының себебі неде? Михаил соғысқа жігіт алу жарлығынан қашқандардың бірі. Отанында оны РФ мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені (РФ қылмыстық кодексінің 322-бабы: 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) және дезертирлік жасағаны (338-бап: 15 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін) үшін айыптауда.

Биылғы 21 қыркүйекте В.Путин мобилизация жариялағанда, жүздеген мың ресейлік Қазақстанға лап қойды. Ресми мәлімет бойынша Мәскеу Украинаға шапқыншылық жасаған биылғы жылдың басынан 1,6 миллион РФ азаматы қазақ еліне келген. Оның 300–400 мыңдайы елде қалған, қалғаны өзге мемлекеттерге кетті.

Михаил да соғысқа алынатыны туралы хабар түсісімен, 26 қыркүйекте Қазақстанды бетке алады. Бірақ шекарадан өзін өткізбейтінін күнібұрын түсініпті. Өйткені солтүстік көршідегі тәртіп бойынша мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтін қызметкерлер қашпақ түгіл, тіпті саяхаттау үшін де елден сыртқа шыға алмайды.

"Михаил 18 жылдан бері ФКҚ-да жұмыс істейді. Ол федералдық күзет қызметінің Арнайы байланыс және ақпарат орталығының инженері. Үкіметтік байланысты қамтамасыз ететін де сол. Бірақ оның мамандығы азаматтыққа көбірек жақын", – деді Латвияда шығатын "Novaya Gazeta Europe" басылымына сұхбатында оның әйелі Екатерина Жилина.

Оның айтуынша, жұбайы бұл қызметтен бас тартуды Донбастағы қақтығыс басталған 2014 жылы ойластырыпты. Бірақ тұрмыс пен отбасын асырау мәселелеріне бола, қалған. Ал Украинаға қарсы соғыс басталғанда, бұл қызметтегілерге жұмыстан шығуға тыйым салынған.  ФКҚ-дағы қызмет іс жүзінде әскери қызметпен теңестіріліпті. Заңнамаға енгізілген соңғы түзетулерге сай, президенттің күзетіне және қауіпсіздігіне жауап беретін органдардан тек 3 негізде жұмыстан босатылады: шекті жасқа жетіп, отставкаға шықса, әскери қызметке денсаулығы жарамай қалса, сондай-ақ үстінен қылмыстық іс қозғалса.

Мұның ешқайсысы Михаилға жарамаған, сондықтан ол 26 қыркүйек күні зайыбын және екі баласын ертіп, Новосібірден қазақстандық шекараға аттанады. Отбасын шекарадан ресми түрде кесіп өтуге жолдап, өзі заңсыз, айналма жолға түскен.  

"Біз оны Ресейден шығармайтынын о бастан білдік. Сол себепті мен балаларыммен Алтай жақтағы Қоянбай шекаралық өткізу пункті арқылы өттім. Ал жұбайым Ерназар ауылы жанындағы орманға кірді. Орманнан Қазақстан жеріне енгенде жолай жергілікті ауыл тұрғынын кездестіреді. Сол шекарашыларға хабар берсе керек. Біз Михаилды келіскен жерде күтіп алдық. Бірақ жолай машинамызды шекарашылар тоқтатып, құжаттарымызды көрсетуді сұрады. Паспорттан Михаилдың елге өткізу пунктінен емес, заңсыз кіргенін анықтады", – дейді Екатерина.

Егер құзырлы органдарымыз қырағылық танытпағанда, бұлар сол бойы елді шығысынан солтүстікке не оңтүстікке дейін кесіп өтіп, Астанаға немесе Алматыға жетуді жоспарлапты. Елімізде қазақстандықтардың көбі ресейлік көлік айдап жүргендіктен, РФ нөмірлік белгісі бар бұл автомобилді полицейлер тоқтатпауы мүмкін еді.

Әрине, мобилизациядан Қазақстанда жан сауғалағандар арасында жансыздар да, жасырын диверсанттық ұяшықтарды қалыптастыруға тапсырма алғандар болуы да ықтимал екенін бірқатар сарапшылар ескертті. Бірақ олар заңға қатысты проблемасы болмауы, алдын ала ұсталмауы үшін негізінен заңды түрде кіруге тырысатын болса керек.

Жалпы, Қазақстанға заңсыз енген Михаил Жилин паспортында тиісті мөрі болмағандықтан, елден шыға алмас та еді: әуежайда паспорттық бақылаудан өте алмайды. Оның әйелінің сендіруінше, олар Қазақстанда қалуды жоспарлапты, ұсталып қалған соң бұл жоспарлары адыра қалған.

Екатерина тағы бір сырдың шетін шығарды. Елде босқын ретінде пана сұрайтынын хабарламағанда, Михаил ұсталмауы мүмкін еді. 

"Михаил көлікті тоқтатқан шекарашыларға Қазақстаннан пана сұрауға ниетті екенін мәлімдеді. Әйтпесе, бастапқыда олар оны өз бетінше депортациялай салмақ болды: шекараға жеткізіп, ары өткізіп жіберетін еді. Себебі, Ерназар ресейлік селоларға жақын орналасқан: деревня тұрғындары саңырауқұлақ теру немесе жоғалған малды іздеу сылтауымен Қазақстан территориясына кіріп кете береді екен. Қазақтар да солай адасатын көрінеді. Содан менің түсінуімше, шекарашылар мұндай "айырбасқа" жиі барады. Яғни, тіпті әкімшілік іс те қозғамай, адасқанды жай ғана еліне аттандыра салады. Мен күйеуімнің әскери билетін көрсеткенге дейін, олар оны әдеттегі саңырауқұлақ теруші ретінде Ресейге тып-тыныш қайтара салуға дайын болды. Ал құжаттан алдында тұрған адам РФ федералдық күзет қызметінің майоры екенін білгенде, қолдарына кімнің түскенін түсінді. Бірақ олар саяси пана беру мәселесін шешу құзырларына кірмейтінін мәлім етіп, Семейден басшылығын шақырды", – деді Екатерина Жилина.

Нәтижесінде, ресейлік қаһарлы ұйымның офицерінің тағдырын шешуге алдымен қазақстандық шекара әскерлерінің подполковнигі, содан соң полковнигі талаптанып көреді. Шекаралық өткізу пунктіне шұғыл сапарлаған олар ресейлік майормен түні бойы әңгімелеседі. Оның өзіне де, отбасына да барынша қамқорлық жасалған: өз қалталарынан ақша шығарып, тамақтандырған, әдетте нарядтан қайтқан шекарашылар тынығатын төсектерді босатып, оларды соған жатқызған.  

Ертесіне Екатерина балаларды алып, Семейге жол тарады. Абай облысының орталығында ол Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюросына қоңырау шалып, болған жайтты баяндаған, Босқын ретінде пана алуға көмектесуді сұраған. Құқық қорғаушылар Жилинге жәрдемдесуге белсенді араласуда. Михаилдың шекара жақтан әкетіліп, Семейдегі шекара қызметінің басқармасына жеткізілгенін солар анықтап берді. Артынша Михаилға Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту туралы қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Қашқын майор Семейдегі басқарма ғимаратында 3 күн болған: қамалмаған, қайта ол ұйықтауы үшін тергеушінің кабинеті босатып беріліпті. Содан кейін оған қаладағы қонақүйге көшуге рұқсат етілген. Оны қорғауға екі қызметкерді бөлген. Екатеринаның айтуынша, тергеушілер оның жеке басына қауіп төніп тұрғанын, өйткені "Ресей жағы оны індете іздестіріп жатқанын" хабарлапты. ФКҚ лауазымды қызметкері қонақүйде бір апта тұрған. Отбасы мүшелеріне онымен жасырын кездесіп тұруға мүмкіндік жасалыпты. Соңыра елден кетіп қалмау туралы қолхат алып, жібере салған.  

Бірақ ақыр соңында елден кетуге тура келетін түрі бар: біріншіден, Қазақстан мен Ресей арасында қылмыскерлерді ұстап беру, реадмиссия туралы келісім күшінде. Екіншіден, мобилизация Қазақстан түгіл, Еуропада да босқын деп танып, пана беруге негіз саналмайды.

Соған қарамастан, Екатерина Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның қолдауына сүйеніп, босқын мәртебесін беру туралы өтініштің қабылдануына қол жеткізіпті. Қазақстанда босқындар мәселесімен, оларды әлеуметтік қолдаумен жергілікті Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы айналысады.

Нәтижесінде, Жилиндерге Қазақстан аумағында пана іздеуші тұлғалардың куәлігі берілген. Дегенмен, олардың мәселесін түпкілікті түрде тек сот шешетін еді.

Айтқандай, 30 қарашада бүкіл Қазақстан бойынша босқын мәртебесін тағайындау, ұзарту рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссиялардың отырыстары өткен. Ұқсас жағдайда қалып, пана сұрағандардың бәрінің өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды.

Сонымен, 2 желтоқсанда қазақстандық сот үкім шығарып, Михаил Жилинды жарты жыл шартты түрде бас бостандығынан айырды және құзырлы органдарға оны Қазақстаннан тыс шығаруды жүктеді. Бірақ оған елден өз еркімен шығуына мүмкіндік берілген. Содан ол Армения астанасына ұшып кетпек болады, бірақ құзырлы органдар Михаилды қайтадан ұстап алды. Сонда ол Ресей өзіне халықаралық іздеу жариялағанын білді.

Мәскеу ФКҚ офицерін қайтару үшін ғаламат белсенділік танытып жатқан көрінеді. Ресейлік журналист Иван Жилиннің хабарлауынша, федералдық күзет қызметінен генералдың өзі бастаған делегация ол тұрған үйге сау ете қалып, Михаилдың көршілерінен оның қайда кетуі, қайда тығылуы мүмкін екенін сұрастырыпты. Тіпті оның балалары оқыған мектепке барып, шәкірт әкесінің қайда екенін мұғалімдерінен сұраған. Қыркүйекте мобилизациядан бас сауғалаған, бірақ кейін елге оралған Михаилдың достарын да бірнеше сағат ұстап, оған қатысты тергеген.

Бүгінде РФ ФҚК майоры Михаил Жилин елімізде, тергеу изоляторында отыр. Ресей оны өзіне экстрадициялауды талап еткен екен.

Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага оның ресейлік органдардың құрығынан құтылатынына үміт аздығын ашық білдірді. Бұл ретте Қазақстан бәрін халықаралық құқық аясында жасап отыр.

"Тіпті халықаралық құқық тұрғысынан қарасақ, Босқын мәртебесі туралы конвенцияға сәйкес, әскери қимылдарға қатысуды қаламау – өзге елде пана табуды кепілдендіретін негіз болып табылмайды. Оның Қазақстан территориясында ары қарай қалуына да негіз жоқ. Прокурорлар мен судьялардың байламынша, Жилин – армиядан қашқан адам, ал Қазақстанда бұл қылмыс саналады. Әрине, Қазақстанның ресми тұлғалары Украинадағы қарулы қақтығысты қолдамайтынын әлденеше рет мәлімдеді. Бірақ ол мәлемдемелердің заңды күші жоқ. Сондықтан Қазақстан босқын мәртебесін алғысы келетіндердің өтінішін қанағаттандырудан жаппай бас тартуда", – деді Денис Дживага.

Оның байламынша, Жилиндер тек бір нәрседен – Қазақстан билігінің оған үшінші елдерге қашып кетуіне мүмкіндік беруінен ғана үміттене алады. Мұндай тәжірибе бар.

Мысалы, Қытайдағы қатал режимнен, қудалаудан қашқан қазақтарға – ҚХР азаматтарына Қазақстан халықаралық құқық және екіжақты келісім аясында босқын мәртебесін бере алмады. Бірақ оларға бір түннің ішінде ары қарай Еуропаға, соның ішінде Данияға қашып шығуына жол берді.

Алайда бұл дипломатиялық қатынастарға кесірін тигізуі де ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу