"Kazakh TV" орнын ресейлік "Мир-24" арнасы басты

2989

Үкімет таратылуы міндетті арналардың жаңа тізімін жариялады.

"Kazakh TV" орнын ресейлік "Мир-24" арнасы басты

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Дәурен Абаев қабылдап кеткен бұйрықты өзгертті.

Тиісінше, жаңа министр "Міндетті теле, радиоарналар тізбесін бекіту туралы" ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 17 маусымдағы №171 бұйрығына өзгеріс енгізетін жаңа бұйрық жобасын жариялап отыр.

Жаңа құжатқа сәйкес, қазақтың мәдениетін, тілін, дәстүрін насихаттауға арналған халықаралық "Kazakh TV" арнасы және "TamashaTV" ойын-сауық арнасы міндетті телеарналар тізбесінен алып тасталды.

Оның орнына Қазақстанның барлық өңірлерінде, бүкіл елді мекенде міндетті түрде әрі ел бюджеті қаражатына таратылатын арналар тізіміне аты ТМД-лық, заты ресейлік "Мир-24" арнасы кіріп отыр. Д.Абаев тұсында Мәскеудің теріс саясатын посткеңестік кеңістік елдеріне тықпалауымен аты шыққан телеарнаның Қазақстанда міндетті түрде таратылуы доғарылып, ол кабельді жүйеде ғана қалған болатын.

Бұдан бөлек, тізімге биыл ғана ашылған "Abay TV" қосылды.

Нәтижесінде, елімізде эфирлік және цифрлық телевизиядан міндетті түрде көрсетілетін арналардың жаңа тізімі келесідей болады:

1.      "QAZAQSTAN"

2.      "Хабар"

3.      "Хабар 24"

4.      "Balapan"

5.      "Ел арна"

6.      "QAZSPORT"

7.      "МИР"

8.      "Abay TV"

9.      "Астана"

10.    "Первый канал Евразия"

11.    "Седьмой канал"

12.    "КТК"

13.    "31 канал"

14.    "Независимый Телевизионный канал"

15.    "СТВ"

"2015 жылғы 24 сәуірде инвестициялар және даму министрінің №488 бұйрығымен бекітілген "Міндетті теле, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларына" сәйкес, таяуда міндетті телеарналардың және радиотолқындардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізілді. Конкурс қорытындысын шығару жөніндегі комиссия отырысының хаттамасында осындай шешім бекітілді", – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Сарапшылар мұны қынжылыспен қабылдады.

Құқықтанушы Зейін Сабырқұлов мұндай конкурстарды халыққа жария, ашық өткізіп, комиссия отырысын онлайн тарату керек деген пікірде.

"Тегін эфирлік мультиплекске қандай арналар кіруі керектігін халықтың өзі дауыс беруі арқылы шешкені жөн. Мысалы, "ATAMEKEN BUSINESS" арнасын сол тізімге қосса, одан халыққа әлдеқайда көп пайда, игілік келер ме еді. Халықты кәсіпкерлікке үйрету керек қой. Ал ресейлік телеарналардан бүкіл әлем, тіпті Мәскеудің одақтастары да бас тартуда. Биылғы тамызда Армения мен Беларусь шектеді. Балтық елдері, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина және басқа да бұрынғы 15 одақтас республиканың басым көпшілігі тыйым салып тастаған. Қырғызстан екеуіміз ғана қалдық. Ресей телеарналарының әсіресе, пандемия кезінде халыққа зиянды ақпарат таратқаны белгілі. Батыс ресейлік БАҚ-тың мемлекеттің ішкі ісіне, сайлау процесіне қол сұғатынын ескертіп жүр", – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев ресейлік БАҚ Кремльдің рупорына айналып кеткеніне назар аудартады.

"Елімізде орыстілділер көп. Олар Ресей ақпаратын көп тұтынады. Мұны Мәскеу Қазақстан жағына қысым көрсету құралы ретінде пайдалануы ықтимал. Қырымды қосып алғалы, БАҚ арқылы өзгеге қысым жасауды ресейлік тарап жақсы меңгеріп алды", – дейді ол.

Мамандар міндетті тізімге кірген "Мир-24" телеарнасын енді мемлекеттік тілдегі бағдарламалар үлесі бойынша заңнаманы мүлтіксіз сақтауға иліктіру қажеттігін айтады.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу