Ел аумағы түгіл, көрші елдерді де қамтиды деп дәрежелейтін мемлекеттік OTAU TV-ның бұл өңірлерге таралуы айтуға да тұрмайтын мардымсыз деңгейде екені анықталды.
Бұрыннан қалыптасқан бұл проблема қазіргі сайлау науқаны тұсында өзекті болуда. Себебі бұл өңірлердің тұрғындары Ресейде не болып жатқанын жақсы, тіпті бүге-шігесіне дейін біледі де, Қазақстандағы жағдайдан хабары шамалы. Бұлай бара берсе, төрт облысымыз қай елде отырғанынан жаңылуы ғажап емес.
Сондықтан идеологиялық күрес жаңа деңгейге шықты.
Қазіргі кезде қазақстандық көрермендерге солтүстік көршінің бірнеше спутниктік операторы заңсыз қызмет етеді. Олар мемлекетіміздің заңнамасын айналып өтеді, ұлттық мүдделерге шекеден қарайды: бірде-бір қазақстандық арнаны өз топтамасына қоспайды. Әрі күн сайын шеткері өңір тұрғындарының құлағына нені құйып жатқаны беймәлім.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бүгінде Қазақстанда тіркелмеген шетелдік спутниктік операторлардың елімізге хабар таратуына қатысты салмақты проблема барлығын растады және олар қатарында "РадугаТВ", "Триколор ТВ", "НТВ+", "Орион Экспресс", "Ямал", "Hotbird", "Платформа HD", "Телекарта" секілді операторларды атады.
Арнайы жүргізілген талдау нәтижелері Қазақстан аумағында тіркелмеген шетелдік спутниктік операторлардың (ТШСО) ену үлесі 15%-ды құрайтынын паш еткен. Бірақ бірқатар облыста бұдан бірнеше есе жоғары.
Бұл жайында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңының жобасына тұжырымдамада айтылған.
"Спутниктік хабар таратудың таралуына жүргізілген талдау Ресей федерациясымен шекаралас 4 өңірде ТШСО-лардың ену деңгейі жоғары болып отырғанын көрсетеді. Бұл ретте OTAU TV-ның хабар тарату деңгейі ТШСО-мен салыстырғанда төмен болып қалуда. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында – OTAU TV үлесі 30%, тіркелмеген шетелдік спутниктік операторлар үлесі – 40%. Қостанай облысында OTAU TV– 17%, ТШСО – 19%. Павлодар облысында "OTAU TV" – 18%, ТШСО – 26%. Солтүстік Қазақстан облысында OTAU TV – 16%, ТШСО – 27%", – делінген осы құжатта.
Жалпы алғанда, мемлекеттік цифрлық эфирлік теле, радио хабарларын тарататын "OTAU TV" ресейлік заңсыз операторлармен бәсекелестікте небәрі бірнеше өңірімізде ғана жеңімпаз шығады екен.
Бірінші тұғырда қазақы Атырау облысы тұр, OTAU TV-ға шаңырақтардың 72%-ы қосылған, тағы 16%-ы ресейлік идеологияны жатсынбайды.
Екінші орында Шымкент қаласы орналасқан. OTAU TV-мен жаңа мегаполистің 71%-ы қамтылған, ал отандық арналардың бірін менсінбейтін ресейлік операторлар қызметін отбасылардың небәрі 17%-ы ғана пайдаланады.
"Үштікті" батысымыздағы тағы бір өңір – Ақтөбе облысы тұйықтайды: мұнда отбасылардың 40%-ының төріне OTAU TV, тағы – 30%-ына – ТШСО-лар шығыпты.
Төртінші орынға астаналық облыс – Ақмола жайғасты, онда OTAU TV еншісіне 34%, ресейлік операторларға – 27% тиесілі.
Қазақстанда кеңес кезіндегідей шатырға антенна қадай салып, теледидар көру тәжірибесі жойылғаны мәлім: не сапасы тым нашар болады, не мүлдем көрсетпейді. Қазақстандық арналарды тегін әрі сапалы көру үшін міндетті түрде OTAU TV спутниктік тарелкесін сатып алу шарт. Әрине, мұның сыртында елімізде IDTV, Alma-TV секілді көптеген отандық оператор да сым тартып, телеарналарды тамашау қызметін көрсетеді. Дегенмен олар санаулы ірі қалаларымыздан әрі аспайды.
Сәйкесінше, өзге елдімекендердің, соның ішінде Ресеймен шекаралас өңірлердің жұртшылығына спутник орнатуға тура келеді. Бұл ретте отандық "ақпарат майданында" ресейлік спутниктік компаниялардың қазақстандықтарға көп жерде сөзі өтімді екені аңғарылады.
"ТШСО-лар қазақстандық телеарналарды таратпайды, сондай-ақ олар телерадио хабарларын тарату, БАҚ және жарнама саласындағы отандық заңнаманы, "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі заңының талаптарын орындамайтынын атап өту қажет. Осылайша, шетелдік спутниктік қабылдау құрылғыларын пайдаланатын Қазақстан азаматтары еліміздің ақпараттық кеңістігінен тыс өмір сүреді", – делінген тұжырымдамада.
Әрине, өзін сыйлайтын мемлекет бұған бей-жай қарап, қапы қалмаса керек. Сол себепті "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңында ресейлік операторлардың елімізде қаптатып жасырын әрі заңсыз орнатып жатқан спутниктік тарелкелерге қарсы жойқын күрес көзделуде.
Айта кету керек, шетелдік спутниктік операторлардың қызметін реттеу мақсатында 2017 жылғы 28 желтоқсанда "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданған болатын. Ол бойынша телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы жоқ және Қазақстан аумағында меншікті жерсеріктік хабар тарату жүйелері жоқ операторлар қызметіне шартты қолжетімділік картасын сатуға тыйым салынды.
Алайда министрліктің мәлімдеуінше, былтыр сынақтан өткен бұл талап "тиімділігінің тым әлсіз" екенін танытқан. Өйткені бұл талапты бұзғаны үшін жеке тұлғалар мен компанияларға жаза мен жауапкершілік көзделмеген.
ТШСО бойынша жоғарыда айтылған проблемаларды ескере отырып, жаңа заң жобасында шетелдік спутниктік қабылдау құрылғыларын таратқаны және заңсыз орнатқаны үшін әкімшілік санкциялар белгіленетін болады.
Бұған қоса, осындай бұзшылық фактілерін анықтау бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін толықтыру ұсынылып отыр. Бұл "телерадио хабарларын тарату және БАҚ саласындағы заңнаманың орындалу тиімділігіне әсер етеді". Яғни, әкім өзіне сеніп тапсырылған ауыл, кент не қалада заңсыз спутниктердің орнатылғанын байқаса, оны мәжбүрлі түрде алғызып тастатқызуға құзырлы болуы керек.
Жанат Ардақ