Елімізде барлық операторлар ұсынуы, барлық ақылы пакеттерде де болуы міндетті телеарналардың тізімін қалыптастыратын комиссия олардың мазмұн-контентінің қазақстандықтар үшін әлеуметтік маңыздылығына және қазақ тіліне қатысты тілдік теңгерімді сақтауына басты назар аударыпты.
Ал өзін "бірінші еуразиялық ақпараттық телеарна" деп насихаттайтын "Мир" бұл өлшемдердің біріне де жауап бермейтін болып шықты. Нәтижесінде, қойылатын осы өлшемшарттарға сәйкес болмауы комиссия мүшелерінің дауыс беруі кезінде оның жеткілікті көлемде дауыс жинай алмауына әкелген.
Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров хабарлады.
"Міндетті телеарналар тізімі қолданыстағы ережелер бойынша конкурстық негізде қалыптастырылады. Биылғы жылы байқау нәтижелері бойынша және комиссия мүшелерінің дауыс беруінің қорытындылары негізінде ақырғы тізім анықталды. Оған "Мир" телеарнасы кірмей қалды", – деп мәлімдеді ол.
Михаил Комиссаровтың айтуынша, "шешім қабылдау кезінде комиссия мүшелері әр арна ұсынатын телевизиялық контенттің әлеуметтік маңыздылығына, тілдік теңгерімді сақтауына, қазақстандық телеөнімдер мен бағдарламаларының болуына мән берген".
"Осы критерийлерге сәйкес келмеуі "Мир" телеарнасына жеткілікті көлемде дауыс жинауына кедергі болды. Себебі, соңғы жылдары "Мир" телеарнасы өзінің хабар тарату желісінде Ресейде жасалған телесериалдар мен мелодрамаларды көбірек трансляциялайды. Сөйтіп, ол бастапқы мақсатынан, яғни тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, халықаралық ақпарат алмасу міндеттерінен алшақтап кетті", – деп ашығын айтты ақпарат комитеті төрағасының орынбасары.
Ең сорақысы сол, бұл арна ресейлік жалаң үгіт-насихатты таратып, посткеңестік кеңістіктегі елдер арасына іріткі салуға үлесін қоса бастаған.
Әрі тәулік бойы хабар таратқанымен, ондағы бағдарлама-жаңалықтардан Қазақстан туралы мардымды ештеңе таба алмайсыз. Оның үстіне, мысалы, заты ресейлік "Бірінші Еуразия арнасынан" айырмашылығы сол, үкімет "Мир"-ға қазақ тілін салмақты ендіре алмады. Ал еліміздегі заңнама бойынша телеарна кем дегенде, өз өнімдерінің тең жартысын қазақ тілінде көрсетуге міндетті.
Бірақ Ресей тарапымен бұл мәселеде тайталаспауды жөн санайтын Қазақстан аталған арнаны тыймай, бәрібір оны елімізде кең таратуды жалғастырмақ.
"Біз "Мир" халықаралық телерадио кешенімен арадағы халықаралық келісімдер аясында Қазақстан өз мойнына алған міндеттемелерді сақтаудамыз. Дәл сол конкурс қорытындысы бойынша "Мир" телеарнасы "OTAU TV" ұлттық спутниктік оператордың пакетіне енгізілді. Ал Отау ТВ Қазақстанның бүкіл аумағын жүз пайыз қамтиды", – деп басу айтты министрлік өкілі.
Әйтпесе, "Қазақстан ресейлік арналарға тосқауыл қоюда" деп ресейлік ақпарат құралдары біраздан шулап жатыр.
Рас, Отау ТВ-ның "Тегін" топтамасына бұл арна бұрыннан кіретін. Яғни, бұл жерде "ары қарай қалдырылды" деген дұрысырақ.
Өз кезегінде, "Мир" телеарнасы өз міндеттемелерін сақтамағаны туралы тіс жармай, оның орнына халықаралық міндеттемелер бойынша "Мир"-дің еуразиялық экономикалық одаққа кіретін барлық елдерде – Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Арменияда трансляциялауға міндетті болып табылатынын ғана ескертті. Телеарна өзінің 1992 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын еске салады.
Әрине, сол кезден бері бұл арнада қазақ тіліндегі сапалы, тұрақты бірде-бір бағдарламаның пайда болмағаны қынжылтатын жайт.
Жақында Қазақстан үкіметі "Міндетті теле, радиоарналар тізбесін бекіту туралы" ақпарат және қоғамдық даму министрі бұйрығының жобасын жариялаған болатын. Құжат осы салада бұған дейін қолданыста болған инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 13 сәуірдегі №368 бұйрығының, ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы №246 бұйрығының күшін жояды.
Сондай-ақ ол өзіне қоса беріліп отырған "міндетті теле, радиоарналардың" жаңа тізбесін бекітеді.
Тізімге "QAZAQSTAN", "Хабар", "Хабар 24", "balapan", "Ел арна", "QAZSPORT", "Kazakh TV", "TamashaTV", "Астана", "Первый канал Евразия", "Жетінші арна", "КТК", "31 арна", "НТК", "СТВ", яғни барлығы 15 арна кіріп отыр.
Тізімнен биыл үш бірдей арна тыс қалды. Оның біріншісі 2014 жылдың қаңтарында "Білім" және "Мәдениет" телеарналарының қосылуы нәтижесінде құрылған, алайда кейін жабылып, "Kazakh TV"-ға қосылып кеткен "Білім және Мәдениет" арнасы. Екіншісі, өңірлік "Алматы" арнасы болса, үшіншісі "Мир".
Олардың орнына шетелге таратылатын және Қазақстанды ұсынатын "Kazakh TV" арнасы, қазақстандық кинематография өнімдерін насихаттау үшін құрылған фильмдік арна – "Еларна" және "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясының құрамынан 2018 жылы ашылған әзіл-сықақ арнасы "Tamasha TV" келіп отыр.
Міндетті түрде көрсетілетін телеарналардың тізімі үш жылда бір рет конкурс негізінде жаңадан жасақталып отырады.
Жанат Ардақ