Қазақстан 2028 жылы ғарыш саласында ғаламат жетістікке жетуді көздеп отыр

Соңғы қазақ ұшқышы Айдын Айымбетовтың де ғарышты бағындырғанына 10 жыл өте шығыпты.  

Қазақстан 2028 жылы ғарыш саласында ғаламат жетістікке жетуді көздеп отыр Фото: www.m24.ru

Биыл жыл соңына таман Байқоңырдағы "Бәйтерек" ғарыш кешені алғашқы зымыранын көкке ұшырмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы күні байқоңырлық студенттер қаладағы ірі кәсіпорындарға кедергісіз жұмысқа тұрып жатыр. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жоқтың қасы еді. Аталған келелі келісім бірнеше ай бұрын жұлдызды қалашықта өткен халықаралық форумда жасалды.

Желтоқсан айында бірінші зымыран ғарышқа ұшады

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ғарыш айлағының бүгіні мен ертеңі сөз болған маңызды жиында С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі мен "Инфракос" және "Бәйтерек" кәсіпорындары арасында меморандумға қол қойылды.

Қазіргі уақытта оқу ошағында 300-ден аса студент кәсіптік-техникалық бағытта білім алуда. Кәсіпорындармен жасалған келісім олардың кедергісіз жұмысқа орналасуына мүмкіндік сыйлайды.

– "Бәйтерек" жобасы биыл желтоқсан айында бірінші зымыраны ғарышқа ұшады деп жоспарланып отыр. Қазір бұл қазақстандық мекемеде ел мамандары жұмыс істеп жатыр. Бірақ, негізгі жұмыс басталған кезде одан екі есе көп маман қажет болады. Сол себепті, Байқоңыр колледжімен екіжақты келісімшартқа отырып, осы мекемелерге маман иелерін дайындап, әрі қарай "Байқоңыр" ғарыш айлағын дамытуға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – дейді ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай.

Ал В.Челомей атындағы халықаралық ғарыш мектебінің директоры Дмитрий Шаталов "бұл келісім маман тапшылығын жояды" деп сеніммен айтып отыр.

– Біз биыл бірігіп "Бәйтерек" кешенінен "Союз-5" зымыранын ұшыруымыз керек. Бұл тұрғыда бізге жұмысшы мамандардың керек екені анық. Сондықтан, Байқоңыр жоғары колледжі маңызды рөлге ие. Бітірушілер колледж қабырғасынан алған білімін енді кәсіби алаңда қолдануға мүмкіндік алады. Сол себепті, оларға сәттілік тілеймін! – деді ол.

Ғарышқа ұшқан адам баласының тең жартысы қазақ жерінен көкке көтерілді

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек осы жылдың 8 сәуір күні бірқатар әріптесімен бірге "Байқоңыр" ғарыш айлағына арнайы барғанын, Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге қатысты заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысын өткізгенін айтады. Ол іссапар аясында "Бәйтерек" кешенін жаңғырту жұмысымен де танысқан.

– Биыл "Байқоңыр" ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды. "Байқоңыр – жердің кіндігі" деп бекер айтылмаса керек. Осы күнге дейін ғарышқа ұшқан адам баласының тең жартысы қасиетті қазақ жерінен көкке көтерілді.

Бұл жоба Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан коммерциялық мақсатта зымырандарды ұшыру еліміздің әлемдік зымырандар тасу нарығына кіруіне үлкен мүмкіндік береді.

Алғашқы коммерциялық мақсаттағы зымыран тасығыштарын ұшыру 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. Бәрі сәтті іске асса, 2028 жылдан бастап жылына 4 рет зымыран ұшыру көзделіп отыр. Бұл жаңа дәуірге жол ашпақ, – деді депутат.

Болат Бақбергенұлы бір ғана зымыранмен бірнеше спутникті ғарышқа ұшыруға болатынын айтып отыр. Әрі зымыранды ғарышқа ұшырудың өзі – қып-қызыл ақша. Оның сөзінше, бұл салада бәсекелестік те көп емес.

– Қазіргі цифрландыру заманында спутникке деген сұраныс өте жоғары. Біз бір зымыранмен бірнеше спутникті ғарышқа жеткізе аламыз. Мәселен, 1 зымыранды ғарышқа шығару 50-60 миллион доллар тұрады. Яғни, 25-30 миллиард теңге. Ал оны ғарышқа тасымалдаумен санаулы елдер ғана айналысады. Осы ретте, еліміздегі "Бәйтерек" кешенінің мүмкіндігі зор. Әсіресе, ол отандық ғылымның дамуы мен бюджет қазынасын толтыруға ерекше ықпал етер еді, – деп сөзін нақтылай түсті халық қалаулысы.

Басқа елдер Қазақстанның ғарыш саласының даму деңгейіне сенім білдіреді

Болат Керімбек Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында "Байқоңыр" ғарыш айлағын тиімді пайдалану және дамыту үшін бірнеше мәселені шешуді ұсынды. Әлбетте, оның арасында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің маңызы зор. Оның сөзінше, ең біріншісі – кадр мәселесі және ондағы мамандар жалақысының аздығы.

– Бүгінгі күні "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені объектісінде 150 адам жұмыс істейді. Ондағы қызметкерлердің жалақысы өте төмен, бұл білікті мамандардың кетуіне әкеліп соғып жатыр және кадр тапшылығын тудыруда.

Сонымен қатар, 2025 жылдың желтоқсанынан кейін "Союз-5" зымыран тасығышын дайындау және ұшыру бойынша қосымша 155 инженер маман қажет. Ондаған жылдар бойы миллиардтаған қаражат жұмысалған бұл жобаның одан әрі іске асуы үшін бюджеттік бағдарлама шеңберінде 590 миллион теңге қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді ол.

Депутат екінші ұсынысын Ішкі істер министрлігіне жолдайды. Ол "Байқоңыр" ғарыш айлағының объектілеріндегі Қазақстан Республикасының меншігіндегі көлік құралдарына техникалық паспорт беру, тіркеу жұмыстарын реттемесе болмайды" деген пікірді алға тартады.

Мәжіліс депутатының үшінші ұсынысы да – өте маңызды. Ол қазіргі кезде Қазақстанның ғарыш саласының даму деңгейіне әлемнің көптеген елі сенім білдіріп отырғанын мысал етті. Бір әттеген-айы отандық мердігерлер ондағы техниканы жөндей алмайды, бөлшектерін шығаруға тағы қауқарсыз.

– Астана қаласындағы құрастыру-сынау кешенінде отандық тапсырыспен 3 спутник құрастырылуда. Онымен қоса, экспорттық шарттарға Моңғолия, Конго Республикасы елдерімен қол қойылған. Ол дегеніміз – басқа елдердің біздің елдегі ғарыш саласының даму деңгейіне сенім білдіргені. Бірақ та, мұндай инновациялық техниканы жөндеуге, оның бөлшектерін шығаратын отандық мердігерлер жоқ болғанына байланысты шетелдік мердігерлерді алуға мәжбүр. Біз осы кешеннің дамуына ерекше назар аудара отырып, оған мемлекеттік сатып алу, салық жүктеу, технологиялық процесс саласындағы жеңілдіктер беріп, оны тиімді жұмыс жағдайын жасауымыз керек, – деп атап өтті Б.Бақбергенұлы.

Төртінші ұсыныс кадрларды даярлау мәселесіне қатысты. Мәжілісменнің айтуынша, мамандарды толығымен қайта қарау қажет. Аэроғарыш саласында кез келген жобаның орындалуы 90% ғылыми және техникалық кадрлармен қамтамасыз етілуіне байланысты болады. Сол себепті, аэроғарыш саласын кадрлармен қамтамасыз ету, мектеп жасынан бастап даярлау мен іріктеудің жеке және дәйекті жүйесі арқылы мамандардың сабақтастығын қамтамасыз етудің пайдасы міндетті түрде тиеді.

Төртінші қазақ ғарышкері қашан ұшуы мүмкін?

Бұл – елдің көкейінде сұрақ. Айдын Айымбетов 10 жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 2 қыркүйегінде ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанған еді. Бірінші және екінші ғарышкердің Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев екенін күллі қазақ біледі.

Депутат Болат Керімбек "ғарыш саласында арнайы кадрлық резервті қалыптастыру керек" деп есептейді. Нақтылай түскенде, дарынды жастарға жоғары оқу орындарында грант бөлу, студенттер үшін практикалық алаң беру, арнайы стипендиялар тағайындау, әлеуметтік қолдау шаралары, бәрі-бәрі болашақ ғарышкер-ғалымдарды тәрбиелеу болып саналады. Сондықтан, бұған басымдық беру қажет.

– Үшінші космонавт Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшқанына 10 жыл өтті. "Байқоңыр" ғарыш айлағы бар еліміз, одан бері бірде-бір космонавты ғарышқа ұшырмады. "Келесі космонавтымыз кім болмақ? Алдағы 5-6 жылда төртінші қазақ ғарышкері аспанға ұша ма?" деген сұрақты халық жиі қояды. Орынды. Осыған байланысты, қазірден біз өзіміздің ғарышкерлерді дайындайтын және "Байқоңыр" кешенінде туризмді дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама ұсынуды сұраймыз, – деп сөзін қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу