"Қазақстан-2050"-мен бірге барыс символынан бас тартуымыз мүмкін

2086

Қазақ елінің ғасыр ортасына дейінгі жаңа даму Стратегиясы қандай болуы керек? 

"Қазақстан-2050"-мен бірге барыс символынан бас тартуымыз мүмкін Фото: inbusiness.kz

Таяуда, жаңа сайланған Парламенттің жаңа сессиясының ашылу салтанатында Президент Қ.Тоқаев бірінші Президент Н.Назарбаевтан мұраға алып қалған "Қазақстан-2050" стратегиясынан бас тартатынын білдірді. Үкімет Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының жаңарған стратегиясын, Тоқаев стратегиясын әзірлеп шығуға тиіс. Бірақ енді ғана, әзер дегенде қалыптасып біткен Смайылов Үкіметі ұзақ мерзімді даму бағдарламасының жобасын жазу жұмысына әзірге кіріскен жоқ.

Сондықтан сарапшылар оның айналасындағы түрлі тақырыпты талғажау етіп, тұспал, тұжырым түзуде. Мысалы, стратегиялық даму жөніндегі маман, ACG компаниясының негізін қалаушы Аида Әлжанова назарбаевтық стратегияның символы болған барыс бейнесінен бас тарту идеясын ұсынды.

"Қазақстанның жаңа, көпжылдық стратегиясын жасаумен бірге Қазақстанның өзінің төл символын да өзгерту, яғни барысты алып тастау қажет. Бұл жерде ребрендинг жүргізген маңызды. Қазақстанның жаңа рәмізі жарқын болашақпен үйлесетін болғаны, соны көзге елестеткені жөн. Осы мақсатта зерттеу жүргізіп, содан соң бренд жасау мамандарын тартқан, ұсыныс, кеңестерін тыңдаған жөн", – деді А.Әлжанова.

Сарапшылар чатында бұл бастама қолдау тауып отыр. Жалпы, Қазақстанды барысқа теңеген Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Ол Корея, Тайвань, Сингапур, Малайзия, Индонезия және Тайландтың бірнеше онжылдық ішінде ғана ғажап, ғаламат табысқа жеткенін алға тарта келе, олардың күллi әлемде "Азия Жолбарыстары" ретiнде танылғанына назар аудартты. Соған ұқсастырып, алдымен "Қазақстан-2030" стратегиясында еліміздің символы ретінде Барысты ұсынды.

Н.Назарбаев мұны былайша дәйектеді. Біріншіден, бiзде жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тiршiлiк ететiн қар барысы дүниежүзiлiк қоғамдастыққа онша таныс емес. Сондықтан барыс деп алған қолайлы.

Екіншіден, оның байламынша, жануарлар әлемiнде жолбарыспен туыстас болғанымен барыстың өзiндiк ерекшелiктерi де бар. Барыс – өзiне тән тектiлiгiмен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды бiлмейтiн тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланады.

"Барыс ешкiмге бiрiншi шабуыл жасамайды әрi тiкелей соқтығыстардан бой тартады. Егер өзiнiң еркiндігi мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады. Осы сыптай да серпiндi болуға және семiздiк пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиiс: әйтпеген күнде ол қатаң табиғи ортада өмiр сүре алмайды. Ол жаңа асулар мен шыңдарды бағындыруда, мақсатына жетелейтiн елеусiз, бiрақ сенiмдi соқпақтарды iздестiруде табанды да бiрбеткей болуға тиіс. Ол қауiп-қатерден қаймықпауға, тоқшылықтан босаңсымауға тиiс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан кейін билік барысты дәріптей бастады. Оны Алматы, Астана қалаларының төлтаңбаларында бейнеледі. Бертінде Иманғали Тасмағамбетов елорда әкімі болғанда, бас қала эмблемасынан барыстың бейнесін алып тастады. Дегенмен, еліміздің басты хоккей клубы да "Барыс" аталады.

Бір жағынан, тау-таста тығылып, саяқ жүретін, сонымен бірге құрып, жоғалудың аз-ақ алдында тұрған аң жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың символы бола алмайтын да шығар. Оның үстіне қазақтар Назарбаев айтқандай, тоқшылықтан, семіздіктен шалқымады, тұрмысы төмендегендіктен "сыптай" болып арыды.

Ескіні жаңарту емес, жаңа құжат қабылдау қажет

Әйтсе де, халық үшін дәл қазір символ емес, Қазақстанның ғасыр ортасына дейінгі жаңа Стратегиясының мазмұны маңызды болса керек.

Мемлекет басшысы онда не болуы керектігін нақтыламады, жалпылама айта салды. Ол мемлекеттік жоспарлау жүйесін сынап өтіп, оны жаңғыртуды жүктеді. Тоқаев соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болғанын еске салды. Осыған орай стратегиялық құжат та өзектілігін жоғалтыпты. Сол себепті "Қазақстан–2050" стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажет" көрінеді. Президент бұл құжатты "қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыруды" тапсырды. 

Ондағы кез келген жұмыс мұқият жоспарлануы керек. Сонда мемлекеттік саясат стратегиялық сипатқа ие болады және тұрақты жүзеге асырылады. Еліміз де сонда кез келген сын-қатерге төтеп бере алады. Жалпылама сипатта – осылай. Ары қарай Смайылов Үкіметі, соның ішінде қайта тағайындалған ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың командасы бас қатыруға тиіс.

Саясаттанушы Жұлдызай Ысқақова әзірге еліміздің мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басты құжаты "Қазақстан-2050" стратегиясы екенін айтты. Ол жаңғырмаса, оның салқыны, салдары, залалы жаңа стратегиялық құжаттарға жұға береді.

"2050 жылға дейінгі стратегия 2012 жылғы тоқшылық заманында қабылданде және еліміздің алдағы 38 жылғы дамуына деген көзқарас та сол шамадан бағаланып, айқындалды. Ол кезде пандемия, соғыс болатынын кім болжаған? Енді Президент ол стратегияны қайта қарап, кең ауқымды ревизия жасауға тапсырма беріп отыр. Құжат шынымен тез ескіріп қалды. Көптеген сарапшылар өз салаларына қатысты талдай келе, осыдан бірнеше жыл бұрын "Қазақстан-2050"-ді өзекті емес деп таныды. Мен мысалы, отбасылық саясат тұрғысынан да осыны айта аламын. Стратегияда отбасылық саясат бағытында бірнеше шара қарастырылған. Нақтыласам, оны жүзеге асыруға арналған жоспардың 98 пунктінің үшеуі тікелей отбасылық саясатты қамтыды. Олардың бәрі 2016 жылы орындалды", – деді саясаттанушы.

Бұл ескертпе басқа баптарына да қатысты. Ж.Ысқақова Президенттің осы құжатты қайта қарау керек деген ойымен келіспейді. Оның байламынша, оның орнына толығымен жаңа құжат қабылдаған абзал.

Үкімет бес жылдан әріні көрмейді

Жасыратыны жоқ, бұл стратегия бұрынғы билікке мол көлемде бюджет қаржысын әлдебір жобалар арқылы игеруге жол ашты. Мысалы, "Қазақстан-2050" жалпыұлттық қозғалысы, "Қазақстан-2050" Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы құрылды, оның жетекшілерінің қаптаған идеялары, отырыстары, іс-шаралары қаржыландырылды.

Белгілі экономист Алмас Чукиннің тұжырымдауынша, стратегияда басымдықтардың дұрыс белгіленбеуі кесірінен Қазақстан Азия жолбарыстарының соңынан қуып жетемін деп, "көпіршік" жобалар мен зауыттарға қыруар қаражат пен алтын уақытты босқа шығындап алды.

"Барлық стратегияның мақсаты бір: мемлекетті дамыту, халықтың ауқатын арттыру. Бірақ міндеттер қате қойылса, мақсат жолында адасады. Мысалы, әртараптандырылған экономика құру міндеті бекітілді, орындалды ма? Адамдарға жалақы, қолжетімді бағалар маңызды, ал оны қандай экономика жасайды, бәрібір. Бізде қолданыстағы стратегия он жылдан астам уақыттан бері күшінде. Бірақ 2050 жылы Қазақстан қандай болатынын әлі күнге түсінбейміз. Сонымен қатар Үкімет те қаншама қателік жасады, миллиардтар "көпіршік" зауыттарға, қажетсіз сарайларға текке жұмсалды", – деді А.Чукин.

Оның пікірінше, қолданыстағы стратегияның негізгі қателігі сол, ол Қазақстаннан Сингапур, Тайланд, Гонконг сияқты озық технологиялар шығаратын алдыңғы қатарлы экономика жасамақ болды.

"Яғни, Қазақстанның артықшылығын түсінбеді. Аталған елдердің мол табиғи ресурсы жоқ, сондықтан олар Hi-Tech және басқа технологиялармен айналысуға мәжбүр. Менің ойымша, Қазақстанның болашағы – табиғаттың берген байлығын ұқсатып жұмсап, табыс табумен байланысты. Шикізатты экономикамен де дамыған елге айналуға болады. Канада, Австралия, Норвегия сияқты. Тек шикізат сатумен шектелмеуіміз қажет. Жапсарлас, сабақтас салаларды өркендетейік. Мұнай секторында мұнай сервисі, мұнай химиясы және басқасы дамытылсын. Таукен металлургия саласында қосылған құны жоғары өнімдер шығару керек. Ауыл шаруашылығын да басымдықты дамытқан жөн. Малды, астықты, дақылдарды, жеміс, көкөністі шикізат түрінде сатпай, одан көптеген өнім жасап, жаһандық нарықты игеруге болады", – деді экономист.

Енді Үкімет бұған дейін не жасалғанын бағамдап, бүгінде не істеуге тиістігін нақты түсініп алуға тиіс. Сонда ұзақ мерзімді перспективада қайда және қалай қозғалуға болатыны айқындалады. Егер қайтадан бұрыс жолды таңдаса, тағы ешқандай нәтижеге қол жеткізбейді. Яғни, нақты қандай бағыттарда және салаларда мемлекеттік қолдау мен халықаралық ынтымақтастықты өрістететінін анықтап алғаны жөн.

Бірақ сарапшылар ғасыр ортасына дейін өзекті болатын стратегия дайындау оңай болмауы мүмкін екенін ескертеді. Себебі, ТМД көлеміндегі ірі соғыс немен аяқталатыны белгісіз. Тіпті ресейлік сарапшылар оның соңында соғысушы алып ел ыдырап тынуы ықтимал деп отыр. Мұның Қазақстанға ықпалы, кесірі не пайдасы қандай болмақ?

"Болашақтағы Қазақстанды мен қалай елестетемін? 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары. Қазақстан – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Онда заң үстемдік етеді", – делінген "Қазақстан-2050" стратегиясында.

Шынында, мемлекеттің стратегиялық құжаты қиялға құрылмауға тиіс. Әрбір бабы қаржы көздері айқындалған нақты шаралардан тұруы шарт.

Ұлттық экономика министрлігі жаңа стратегиялық құжатқа қатысты тұжырымдарының шет-жағасын шығарды. Ведомство қолданыстағы мемлекеттік стратегиялық жоспарлаудың басты бір кемшілігін атады. Ұзақ мерзімді жоспарлар бюджеттік жоспарлаумен қабыса бермейді. Ал барлығы ақыр соңында қаржыға тірелетіні мәлім.

"Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның қолданыстағы модельдеу әдістері макроэкономикалық тәуекелдердің әсер ету тетіктерінің тар ауқымын талдаумен ғана шектеледі. Салдарынан елдегі және әлемдегі экономикалық шок-күйзелістердің бюджетке әсер ету дәрежесі жете бағаланбайды, бұл бюджетке қауіп төндіреді. Бұған қоса, Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері небары 5 жылға ғана болжанады, бюджет параметрлері тек 3 жылға жасалады. Қолданыстағы жүйеде 10 жылдан асатын кезеңге ұзақ мерзімді болжамдарды әзірлеу талабы бекітілмеген", – деп түсіндірді министрлік мамандары.

Салдарынан кез келген Үкімет тым әрідегі болашақта не болатынына үңілмейді.

Ведомство сарапшыларының тұжырымдауынша, Қазақстанның ғасыр ортасына дейінгі стратегиясы халықтың қартаюын, бала туудың ұлғаюын, климаттың өзгеруін, әлемде, көрші елдерде байқалатын үрдістерді де ескеруге міндетті. Өйткені мұның бәрі экономикалық өсуге, зейнетақымен қамсыздандыруға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік бағдарламаларына, салық салуға және басқаларына әсер етеді.

Жаңарған стратегияда мемлекеттік қаржы параметрлерінің ұзақ мерзімді болжамы, мысалы, Ұлттық қордың активтерін 100 млрд доллардан асыру, сондай-ақ көміртекті бейтараптылыққа жету сияқты стратегиялық жаңа мақсаттар көрініс тапқаны маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу