Қазақстан адам саудасы бойынша екінші санатта тұр – ІІМ өкілі

2743

Із-түссіз жоғалғандар саны 1200-ге жеткен. 

Қазақстан адам саудасы бойынша екінші санатта тұр – ІІМ өкілі

Қазақстанның 15 азаматы шетелге сатылып кеткен. Осындай қылмыспен айналысқан екі топ ұсталған. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев осындай деректер айтты.

"Қазір із-түссіз жоғалғандар саны 1200 адамға жетіп отыр. Оның 22-сі бала. Із-түссіз жоғалатындарың көбі ер адамдар. Қызметтік іссапарға шыққандар, өзге өңірлерге маусымдық жұмыс іздеп кеткендер, автокөлік айдап жеткізушілер, жүк тасымалдаушылар жиі жоғалып жатады. Ал әйелдер ішімдік кесірінен жиі жоғалады. Жеткіншектердің көбі тұрмысы тұрақсыз отбасынан қашады. 100 оқиғаның 80-інде жоғалған адамдар табылып, туысқандарына қайтарылады",  деген ІІМ өкілі қазір әлемге адам саудасы өршіген ел ретінде атымыз шыққанын жасырмады. 

"Адам саудасы бойынша Қазақстан әлем бойынша екінші рейтингте тұр. Кейінгі жылдары шетелге  адам саудасы мақсатымен шығарылған 15 тұлға анықталды. Былтыр осындай іспен айналысқан екі ұйымдасқан топ ұсталды. Оның бірі адам ағзасының органдарын сатып, тасымалдаумен айналысса, екіншісі притон ұйымдастырғаны үшін қылмысты болған. Кейінгі жылдары біздің азаматтарды Бахрейнге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға құлдыққа шығару каналдарының жолы кесілді. Адам саудасының ішкі трафигімен де, сыртқы тарфигімен де бетпе-бет келіп отырмыз. Биыл адам садуасымен айналысқаны үшін 26 адам сотталды", –дейді Думан Таев.

Ішкі істер министрлігінің кеңесшісі Нұрділдә Ораздың айтуынша, әлемде адам саудасын бағалаудың үш санаты бар екен.

Бірінші сатыда адам саудасы бойынша қауіпсіз елдер орналасқан. Ал үшінші сатыда Ауғанстан, Сирия сияқты тұрақсыз елдер кірген. Ал Қазақстан осы екі санатқа да кірмеген. Яғни, ІІМ өкілі Думан Таевтың екінші рейтинг деп отырғаны осы бағалаудың екінші санаты болып отыр. 

Адам саудасын табыс көзіне айналдырған қылмыскерлер халықаралық топтармен ауыз жаласып үлгергенге ұқсайды. ІІМ өкілінің мәліметтері осындай ойға жетелейді. Думан Раевтың айтуынша, өз азаматтарымыз адам саудасының "сыртқы нарығына" жиі шығарылса, "ішкі" нарықтың "сұранысын" көршілес елдердің азаматтары толықтыруда.

"Жыл сайын елімізде және шетелде адам саудасының құрбаны болған 80-ге жуық отандасымыз анықталып, шашамен 180 іс қозғалады. Адам саудасына байланысты қылмыстар карантин уақытында да байқалды. Карантин кезінде күрт өсті немесе төмендеді деп айта алмаймыз. Еліміздегі адам саудасының құрбандарына айналғандардың ішінде өз азаматтарымыз да, шетелдіктер де бар. Практика көрсетіп отырғандай, оның көбі Орталық Азия елдерінің азаматтары. Пайызға шақсақ, құлдыққа тартылғандардың 90 пайызы Қазақстан азаматтары", – деді ол.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу