Қазақстан Ауғанстан жерінде ең ауқымды жоба бастағалы жатыр

1042

Жақын арада тәліптер Қазақстанға Ауғанстанның кен орындарын зерттеуге рұқсат бергені мәлім болды.

Қазақстан Ауғанстан жерінде ең ауқымды жоба бастағалы жатыр Фото: canva.com

Негізі бұған дейін ERG Exploration, Kazakhmys Barlau және "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының өкілдері, геологтар тәліптер басқаратын ауған жеріне арнайы барып, бір мәрте барлау жүргізіп қайтқан екен. Дегенмен Қазақстан таулы аймақтан нақты қандай қазбаларды өндіруге ниетті? Ежелгі Хорасан елінде арагідік қайталанатын саяси қақтығыстар бұл жобаларды аяқсыз қалдырмай ма?

Қабулдағы кездесу

Осы айда Қабул қаласында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстан Ислам Әмірлігінің кен өндіру және мұнай министрі Хедаятулла Бадри келісім жасасқан. Серік Жұманғарин алдымен ауған тарапы пайдалы қазбалардың әлеуетті кен орындарын зерттеуге қолдау көрсеткенін баса айтыпты.

"Қазақстан геологиялық барлау, қатты пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласында тәжірибесі бар кәсіби тау-кен компаниялары пулын құрды. Бұл компаниялар әлеуетті кен орындарын іздеуге және инвестиция салуға мүдделі. Осы бағытты талқылау үшін қазақстандық делегация құрамында ERG Exploration, Kazakhmys Barlau және "Қазатомөнеркәсіп" компанияларының өкілдері келді", – деген Серік Жұманғарин.

Енді алдағы мамыр айының соңында Қазақстан тарапы Ауғанстанның басқа провинцияларындағы әлеуетті кен орындарын зерттеу үшін тағы бір мамандар тобын жібермекші. Өз кезегінде, ауған тарапы қазақстандық тау-кен компанияларының сұранысы бойынша табиғи ресурстардың расталған қоры туралы мәліметтер беруге тиіс.

Жалпы, екі ел осы мақсатта 140 млн долларға келісім жасаған. Жақын арада Қазақстан мен Ауғанстан ауған пайдалы қазба кен орындарын зерттеу бойынша техникалық комиссия құрады. Дегенмен қайталап айтайық, еліміз таулы аймақтан нақты қандай металл түрін өндіретіні әзірге белгісіз.

Біздің болжауымызша, мыс, алтын пен уран негізгі бағыт болуы мүмкін. Өйткені кен орындарын зерттеуге Kazakhmys Barlau және "Қазатомөнеркәсіп" компанияларының қатысуы осыны меңзейді.

Ал Ауғанстан жерінде қандай пайдалы қазбалар бар? Негізі ежелгі Хорасан табиғи ресурстарға өте бай ел саналады. Геологиялық зерттеулерге сүйенсек, бұл елдің жер қойнауында көптеген стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар бар, олардың кейбірі қазіргі әлемдік технологиялар үшін аса құнды.

Мәселен, литий қорына байланысты Ауғанстан "екінші Сауд Арабиясы" атанған. Бұл металл қазіргі батарея өндірісіне өте қажет элемент. АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауы бойынша, Ауғанстанда триллиондаған доллар тұратын литий қоры бар.

Ал елдің оңтүстігінде әлемдегі ең ірі мыс қорлары орналасқан. Осыған дейін қытайлық компаниялар қызыққан. Оның үстіне Тәжі-Бамиан ауданында жоғары сапалы темір кендері бар. Бағалы металдар арасынан Ауғанстанда неодим, лантан, церий, иттрий сияқты элементтер кездеседі. Көбіне жасыл энергетика мен әскери техника өндірісіне керек.

Бұл қатарға алюминий, қорғасын, мырыш, мәрмәр, лапис-лазулиды қосыңыз. Көмір, газ, мұнай қоры да бар. Мұнай қоры Орталық Азия елдеріне қарағанда аздау, бірақ аймақтық тұтынуға толық жетеді.

Осынша байлыққа ие бола отырып, Ауғанстан неге дамуда кенжеледі? Оның бірнеше себебі бар. Аймақта инфрақұрылым – жол, электр, теміржол дегендер жоқтың қасы. Оның үстіне қауіпті ел саналады. Саяси тұрақсыздық және бар, сондықтан шетелдіктер инвестиция құяға беттей бермейді. Бұған қоса, кен орындарын заңсыз пайдалану, контрабанда мен жемқорлық жайлаған.

Аталған факторларға қарамастан, Ауғанстанда қазбаларды өндіріп жатқан бірнеше шетелдік компаниялар бар. Мысалы, мыс өндірісінде Mes Aynak кенішін игеру құқығын Turia жеке компаниясы алған. Жобаға 411 млн доллар инвестиция салу жоспарланған. Ал темір кені өндірісінде түркиялық Epcol, ұлыбританиялық GBM және AD Resources және ирандық Ahya Sepahan және Persian компаниялары жұмыс істейді. Бұл жобаларға 5,41 млрд доллар инвестиция құйылған.

Алтын барлауда China-Afghanistan Company және Zarawar Afghanistan Private Company бірлесіп 310 млн доллар инвестиция салуды жоспарлаған. Қытайдың CAPEIC компаниясы 2023 жылы Ауғанстанмен 540 млн долларға келісімшарт жасасып, мұнай және газ өндіруде.

Айтпақшы, Қырғыз Республикасы да біз секілді Ауғанстаннан алтын өндіруге қызыққан. Дегенмен нақты қандай келісімдер жасасқаны беймәлім.

Топтардың араздығы өндірісті тежеп келген

Теорияға сүйенсек, ұқсата алса жер байлығы тұрақты экономика мен ұлттық қауіпсіздік қорының, тіпті, мемлекет тұрақтылығының тірегі. Алайда ауған жерінде бұл теория керісінше, "басына бәле" болып келді. Тәліптерге дейінгі билік табиғи ресурстарды қажетті деңгейде бақылай алмады. Жергілікті лидерлер қазбаға таласып жүргені бұған дейін де айтылған.

2013 жылы Әмудария бассейнінде мұнай өндіріп жатқан Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының инженерлеріне жергілікті милиция шабуыл жасап, өндіріс тоқтап қалғаны бар.

Табиғи ресурстар, сыбайлас жемқорлық және қақтығыстар арасындағы байланысты зерттеген лондондық Global Witness компаниясының Ауғанстандағы жетекшісі болған Стивен Картер шиеленістің өте көп екенін айтқан.

"Кезінде Шығыс Ауғанстанда ағашты контрабандалық жолмен сатып, бүлікшілерді қаржыландырды. Жергілікті сарбаздар да хромитті саудалап, көтерілісшілерге ақша құйды. Үлкен мұнай операциясында ішкі бәсекелес топтардың да қақтығысуы мүмкін екенін естен шығармау керек", – деген ол.

2015 жылы Ауғанстан билігі жерінде 1,4 мыңнан астам пайдалы қазба кеніші ашылғаны жария етті. Мәлімдеуіндегі мақсат та сол – шетелдік инвесторларды тартып, ел экономикасына демеу беру еді. Мұнайдың, көмірдің, алтын мен әр түрлі металлдар мен қымбат тастардың жаңа кеніші барын қуана хабарлады.

Бірақ сол уақытта сарапшылар ауғандық геологтардың мәлімдемелеріне күмәнмен қараған. Яғни, кен бар, бірақ мөлшері асыра айтылуы мүмкін деген. Иә, американдық ғалымдардың есебінше, Ауғанстан үндістандық және Азияның субқұрлықтары түйіскен әлемдегі аса бай пайдалы қазбалар кеніштері орналасқан жерде тұр. 60 млн тонна мыс, 2,2 млрд тонна темір кені, 1,4 млн тонна лантан, церий, празедоим сияқты сирек кездесетін элементтер мен алюминий, алтын, күміс, мырыш, сынап пен литий элементтерінің кендері бар.

Пайдалы қазбалар кенін 2010 жылы Пентагонның жұмыс тобы 908 млрд доллар деп бағалаған. Бірақ ауған үкіметінің бағалауынша ол 3 трлн доллар. Демек, ауған тарапы асырып айтуға әуелден бейім. Осы ресурстарды тиімді пайдалану арқылы ел билігі экономикасын түбегейлі өзгертіп, жұмыс орындарын, инфрақұрылым ашып, Ауғанстанды кедейшіліктен, террорлық озбырлықтан шығаруға тырысып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу