Қазақстан билігі Далатау қаласын жаңаша дамытуға шешім қабылдады

2465

107 миллиард теңгеге жуық қаражат бұрынғы "құпия шаһардың" жұмырығына жұқ бола ма?

Қазақстан билігі Далатау қаласын жаңаша дамытуға шешім қабылдады Фото: inbusiness.kz

Қазақшаға атауы "Далатау" болып аударылатын бұл қала Астанадан 200 шақырым жерде орналасқан. Кеңес заманында ол туралы барлық ақпарат, соның ішінде орналасқан жері мен аты да құпияда ұсталды. Кеңестік құжаттарда шаһар "Целиноград-25" немесе "Макинск-2" деген атаумен белгілі болды. Оны кеңестік карталарда да көрсетпейтін.

Себебі, кеңес кезінде осы өлкеде Мәскеу жаһан жұртынан, соның ішінде қазақстандықтардан жасырын түрде бактериологиялық қаруды әзірлегені туралы деректер айтылады. Ашық дереккөздердегі мәліметке жүгінсек, Степногор ғылыми тәжірибелік-өнеркәсіптік базасының құпия зертханаларында күйдіргінің (Сібір жарасының) әскери штаммының жаппай өндірісі жолға қойылыпты. Басқа да індет үлгілері, мысалы, Марбург вирусының қару ретінде пайдаланылатын "У нұсқасы" сынақтан өткізілген. Бірақ оның бәрі жерастында орналасқан базаларда жүзеге асырылған. Тәуелсіздік жылдары БҰҰ қадағалауымен, Американың қолдауымен бұл кәсіпорында, сол құпия базаларда залалсыздандыру, технологияларды әкету шаралары қабылданыпты.

Кәсіпорынның жұмысымен сырттай таныс тұрғындар 90 метр тереңдікте тұтас қала болғанын, мамандар онда айлап сыртқа шықпай жұмыс істегенін әңгімелейді. Бүгінде жерасты жолдары жабық, ол қала су толтырылып, батырылған екен. Ал оның үстіндегі ғимараттары кәсіпкерлердің өндірістік цехтарына берілген көрінеді.

Қалада КСРО-ның аса маңызды қорғаныс кешені – Целинный тау-химия комбинаты жұмыс істеді. Онда атом қаруына арналған уран рудасы өңделетін. Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы тоқырауда алдымен Кеңес одағы, содан соң Қазақстан ядролық сынақты доғарды. Артынша, қазақ елі ядролық арсеналынан бас тартты (кейбір сарапшы оның ағат іс болғанын бұрыннан айтып жүр). Сондықтан бұл қаланы құпияда тұмшалаған шымылдырығы да тозып, "жыртылды".

Қазақстан картасында Степногор қаласы пайда болды. Алайда сол зұлмат заманның жаңғырығы қала көшесіндегі әрбір ғимараттан менмұндалайды. "Кеңестің көзіндей" болып, көнерген көп қабатты тұрғын үйлер тұр. Тіпті тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік органдары да ескі үлгідегі ғимараттарда қызмет көрсетеді. Кеңестік идеологиядан хабар беретін бірқатар ескерткіштер сақталған.

Мемлекеттік тіл де көп естілмейді.

Қаланың жолдары кеңес кезіндегідей ойдым-ойдым. "Далатаулықтардың" ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанын көшелерді толтыра бастаған шетелдік маркадағы көліктер, дүкендердегі импорттық тауарлар паш етеді.

2017 жылы қаланы аралаған Tengrinews.kz тілшілері қалаға тек рейстік автобустармен ғана жетуге болатынын жазыпты. Содан бері алты жыл өтті. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы әлі күнге дейін Степногорға пойыз қатынамайтынын хабарлады. Астанадан бұл шаһарға автобуспен 3 сағат жүріп баруға болады.

Айтпақшы, ел Үкіметінің енді ғана жариялап отырған, 2023 жылғы 26 шілдедегі №610 қаулысымен бекітілген "Ақмола облысының Степногор қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында" да оған теміржол тартып, пойыз жүйткіту жоспарланбаған.

Кеңес кезеңінде, 1989 жылғы санақ бойынша Степногорда 86 950 тұрғын тұрыпты. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда біраз адам Ресейге, өзге өңірлерге қоныс аударды. 2000 жылдары 62 мыңдайы ғана қалған. Миграция сонымен тоқтады. Содан бері ешкім қаладан көшпеген, тұрғындар саны бала туу есебінен табиғи өсуде. Қазіргі дерек бойынша халық саны – 68,5 мың адам.

2022 жылы бала туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 13,6 сәбиден келді.

Жалпы өлім-жітім 1000 адамға шаққанда 11,9 адамды құрады.

Егер билік халқы тығыз оңтүстік өңірлерден қазақтарды қоныстандыру бағдарламасына белсенді тартса, Степногордың жүзіне қазақы қан жүгірер еді.

Шаһардың болашағы бар, оның жері қазыналы, алтынға да толы.

Степногорск қаласы – Ақмола облысының индустриялық орталығы саналады. Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі Степногор қаласының үлесі – 25,3%. Қаланың әкімшілік бағынысында 1 ауылдық округ және 9 елді мекен – 4 кент, 5 ауыл бар. Степногорск қаласының және оған іргелес аумақтардың ауданы 290 мың гектардан асады.

"Ақмола облысының индустриялық орталығы Степногор қаласы жаңа серпінмен одан әрі дамымақ. Қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Ол әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі мәселелерін шешуге, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Құжатта денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканың нақты секторын, өнеркәсіпті, АӨК, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту, тағы басқа 83 шара қарастырылған", – деп хабарлады Үкімет.

2027 жылға дейін жоспарды іске асыруға жалпы сомасы 107 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Соның ішінде 62 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар.

Шығындардың басым бөлігі немесе 58,3 млрд теңгесі тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға және тозуын азайтуға бағытталады: бірден 23 жоба іске асырылады. Атап айтқанда, апатымен елге танылған, жеке қолдағы Степногор қаласының ЖЭО-сы жеке инвестициялар есебінен күрделі жөнделеді.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай қаладағы өнеркәсіптік өндіріс орындарында жалпы көлемі 550 миллиард теңгенің өнімі шығарылуға тиіс. Мұндағы өңдеуші сектор өнімінің үлесі кемінде 70% болмақ. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10%-ға артады. Салыстырсақ, 2022 жылы тауар өнімінің көлемі 413,6 миллиард теңгені құрады

Осынша өнімді қандай кәсіпорындар беруде?

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, қаланың өнеркәсіп құрылымында өңдеу саласының үлес салмағы басым – 75,3%. Оған мынадай кәсіпорындар кіреді:

  • "Степногор тау-кен-химия комбинаты" ЖШС,
  • "Степногор подшипник зауыты" АҚ,
  • "ASTANA-NAN CHEMICALS"-тың Степногор филиалы,
  • "SSAP" ЖШС,
  • "ALFA ORGANIC" уыт спирт зауыты" ЖШС,
  • "Sareco" ЖШС,
  • "Степногорск машина жасау зауыты" ЖШС,
  • "Целингормаш" ЖШС,
  • "Промзащита" ЖШС.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2021 жылы "Ақсу Technology" компаниясы қуаты жылына 6 тонна Доре қорытпасын шығаратын алтын өндіру фабрикасын пайдалануға берді.

Далатау өлкесі алтын қоймасы екені айтылды. Бүкіл Қазақстанның тау-кен өндіру саласының жетекші кәсіпорындары саналатын "Алтыналмас АК" АҚ, "Қазақалтын" ЖШС да осында әрекет етеді. 2022 жыл қорытындысында құрамында алтыны бар 7 млн 361,4 мың тонна кен өндірілген. Алтынды заңсыз өндіретін "қара старателдер" де осы өңірдегі шахталарды жағалайды.

Энергетика саласында "Степногорск ЖЭО" ЖШС жұмыс істейді, 2022 жылы ол 642,3 миллион кВТ/сағат электр энергиясын, 918 мың Гкал жылу қуатын өндірді.

Ауыл шаруашылығы саласында "Қазақстанның жылыжай технологиялары" ЖШС көкөніс өндіреді. "МАЭС" Жылыжай кешені" ЖШС филиалының гүл өсіретін жылыжай кешендері туралы телеарналар сюжет түсірген.

Қаланы бесжылдық дамытудың жаңа құжатында жұмыспен қамту мәселесі, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге көңіл бөлінген.

Денсаулық сақтау саласында Медициналық колледж ашу арқылы кадрлық әлеуетті арттыру жоспарланған. Сондай-ақ Орталық қалалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу және техникалық жабдықтау медициналық қызмет сапасын жақсартуға әсер етуге тиіс.

Тұтастай алғанда, осы бесжылдықта Степногор көркейген, жұртшылыққа жайлы, экологиясы тазара түскен қалаға айналуы шарт.

Бұл жерде экологиялық проблемаларды шешу шаралары қабылданбақ. Оның арасында атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын 2022 жылғы – 14,8 мың тоннадан бес жылда 9,8 мың тоннаға дейін азайту, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау бойынша міндеттемелерін орындауда жауапкершілігін арттыру шаралары бар.

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін белгіленген мерзімге дейін 74%-дан 90%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Шағын қалалар дегенде жұмыссыз сенделген, ішкілікке салынған адамдар елестейтіні жасырын емес. Бұл көрініс Степногорға тән емес. Жұмыспен қамтылған халық саны – 36 мың адам, жұмыссыздар саны – 1,4 мың адам. 2022 жылы жұмыссыздық деңгейі – 3,8% болыпты. Жастар жұмыссыздығы – 1,5% көрінеді. Былтыр 1,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Әртүрлі нысандарда 558 адам жаңа жұмыспен қамтылыпты. 2023 жылғы қаңтардағы орташа жалақы 272 413 теңгені құрады.

Білім беру жүйесінде 21 мектеп, 13 балабақша бар. Оның ішінде 9 мемлекеттік, 4 жекеменшік, 4 қосымша білім беру ұйымдары.

Орта білім беру мекемелерінде 10 219 оқушы оқыған. Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі тәрбиеленушілер саны – 2485. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар балабақшамен 100% қамтылыпты. Осылайша, Степногордың өткір тұрған екі проблемасының бірі шешілді.

Екінші проблемасы – тұрғын үй тапшылығы. Қаланың тұрғын үй қорында 288 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Үй кезегінде 2 мың адам тұр. Оларды баспанамен қамту үшін кеңес кезінен қаңырап қалған көп қабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары да, жаңа үйлерді тұрғызу жұмыстары да жоспарланған.

Қалада мәдениет мекемелерінде 24 әуесқой шығармашылық бірлестік, 64 халық шығармашылығы ұжымы жұмыс істейді. Олардың 11-і "халықтық" және "үлгілі" атағына ие.

Өңірді дамыту аясында негізінен 2024–2026 жылдары жаңа жобалар қолға алынады. Мысалы, уран өндірісінің өнімділігін жылына құрамында ураны бар материалдардың 7 мың тоннасына дейін ұлғайту үшін Гидрометаллургиялық зауыттың (ГМЗ) экстракция және топтап шаймалау цехы реконструкцияланады. Аммоний сульфатын өндіру зауыты, суспензия концентраттарының өндірістік желісі, көлемі 5, 10 литр полиэтилен канистрлерін өндіру желісі салынбақ.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жыл сайын 8 млн (миллиард емес) теңгеден бөлінеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша сыйақысы жалпы сомасы 100 млн теңгеге субсидияланады. Жылыжайлар өркен жаюы үшін 500 гектар алаңда суару жүйесі іске қосылады.

Тұтастай алғанда, Үкіметтің сендіруінше, кешенді жоспарда өңірдің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуы көзделген. Бұдан не шығатынын уақыт көрсетеді. Бірақ жоспарда Степногорды қарқынды гүлдендіретін батыл қадамдар, креативті жобалар байқалмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу