Қазақстан билігі Интернетті бақылауға алатын кезекті заң қабылдамақ

1931

Үкімет осы мақсатта "адамдардың іргелі құқықтарына төнетін қатерлерге" жол бермеу дегенді сылтау етіп отыр. 

Қазақстан билігі Интернетті бақылауға алатын кезекті заң қабылдамақ Фото: yandex.kz

Былтыр Президент ел арасында "Сарым-Зәкиева заңы" аталып кеткен заңнамалық түзетулерге қол қойды. Себебі 2021 жылы бұл заң жобасына Nur Otan партиясы атынан сайланған депутаттар Айдос Сарым мен Динара Зәкиева бастамашы болған еді.

"Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды", – деп Ақорда 2022 жылғы 3 мамырда қысқаша ғана ақпарат таратты.

Балаларды залалды ақпараттан қорғау дегенді сылтауратып, әлеуметтік желілерді, сонымен қатар WhatsApp, Facebook және Telegram сияқты мессенджерлерді бұғаттап тастауды қарастыратын бұл заң жобасына бұқара да, сарапшылар да қарсы шықты. Былтырғы 2 сәуірде елімізде оған қарсы митингтер де өтті. Мамандар бұл құжат Қазақстанды 5 миллиард доллар шығынға отырғызатынын, елден батыстық инвесторлар теріс айналатынын ескертті. ЕҚЫҰ, Цифрлық құқықтарды қорғауға маманданған халықаралық GNI құқық қорғаушы ұйымы және басқасы Қазақстанды интернеттегі еркіндікті қатты шектейтін бұл заңнамалық түзетулерден бас тартуға шақырды.

Заң біршама жұмсартылғанымен, қабылданды. Жаңа Қазақстан билігі мұндай қадамдардан арланбайтынын аңғартты. Бұл Айдос Сарымның мансабына жақсы әсер еткенге ұқсайды: ол биыл жаңа Парламентке қайтадан жетекші партия атынан депутат болды, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы лауазымын қоса иеленді. Ал Динара Зәкиеваға мандат тиген жоқ.

Енді Үкімет Интернетке тағы да құрығын лақтыруға ниеттенген сияқты. Тіпті автократия саналған бірінші Президент тұсында да болмаған жаңа тұрпатты заң – "Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы" заң жобасы әзірленіп жатыр.

Ащы кекесін туғызуы мүмкін, бірақ бұл жолы да билік балаларды алға тартпақ.

Жаңа заң жобасын әзірлеуші Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің байламынша, технологиялардың дамуының қазіргі қарқыны "цифрлық жүйелердің адамның іргелі құқықтарына қауіп төндірмей, қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін құқықтық тетіктерді ұдайы жетілдіруді талап етеді". Сондықтан оны реттеу қажет дегенге келтірді.

Ведомство ұжымдық Еуропаның Digital Services Act (DSA) деп аталатын заңын үлгі етіпті.

"Соңғы жылдардағы әлемдік үрдіс неғұрлым қауіпсіз және ашық онлайн ортаны қамтамасыз ету үшін мемлекеттер мен онлайн-сервистер иелерінің үйлесімді іс-қимылы қажеттігін көрсетті. Қоғамдық қатынастардың онлайн форматта дамуы экономикалық қатынастардың дамуына әкеледі. Дәстүрлі экономикалық модельдердің материалдық емес "капиталға" және материалдық емес активтерге негізделген цифрлық экономиканың жаңа форматына трансформациялануы жүруде. Нәтижесінде, тауарлар мен қызметтерді ілгерілетудің негізгі құралы ретінде жарнаманың рөлін қайта қараудың шұғыл қажеттілігі туындады. Осы орайда мысалы, 2022 жылдың сәуірінде Еуропалық Одақ комиссиясы ЕО Кеңесінің және Еуропарламенттің мүшелерімен бірге DSA жаңа заң жобасы бойынша өзара келісті", – деп түсіндірді ақпарат министрлігі.

Ведомство еуропалық заң онлайн-платформалардағы жарнаманы реттейтініне назар аудартты.

"Ол заңда онлайн-платформалардағы балаларға бағдарланған немесе этникалық шығу тегін, саяси көзқарастарын, жыныстық бағдарын және адамның жеке деректерінің басқа да арнайы нышанын нысанаға алған, тергеттелген жарнамаларға тыйым салатын нормалар қарастырылған. Заң нормалары онлайн-платформалардағы барлық жарнаманың және инфлюенсерлердің коммерциялық коммуникацияларының ашықтығын арттыру тетіктерін көздейді. Әлеуметтік желілер, онлайн-платформалар енді Еуропада кәмелетке толмағандардың "мінез-құлқына" бағытталған жарнамаларды орналастырмайды, өз қолданушыларына олардың жеке деректерінің арнайы нышандарына негізделген жарнамаларды көрсетпейді", – деп дәйектеді қазақстандық министрлік.

Яғни, дамыған Еуропаның өзі ғаламтордағы жарнамаға, хабарландыруларға тыйым салатын қатаң заң қабылдап жатса, не қайран бар? Онда Қазақстанның тартынатын не жөні бар, озық елдер салған сүрлеумен алға жөңкіле жөнелуіне кедергі жоқ.

Бірақ бұл жерде үлкен бір гәп бар. Біріншіден, бұл заңды Еуропа ең бастысы, АҚШ-тың ішкі ісіне, сайлауына арам қолын сұққан Ресейдің тірлігіне және былтыр соғыс басталғалы, тоқтаусыз өршітіп жатқан дезинформациясына қарсы тұру үшін қабылдады. Бұл Еуропалық комиссияның 2022 жылғы 14 қарашадағы "Цифрлық қызметтер туралы заң: сұрақтар мен жауаптар" атты ағылшын тіліндегі нұсқаулығында айтылған.

Осы арқылы Еуропа интернет платформалардың, онлайн нарықтардың айқындылығының және есеп беруінің қуатты жүйесін құруға, еуропалық пайдаланушылардың интернеттегі құқықтарын қорғауға қадам жасады.

Екіншіден, ол – одақтық заң. Яғни, Еуроодақтың ресми журналында жарияланған соң 2022 жылғы 16 қарашада күшіне енген Цифрлық қызметтер туралы осы заң бүкіл ЕО аумағында қолданылатын ортақ тәртіп, регламентті бекітті. Ал осы жаңа тәртіптің егжей-тегжейін, бүгі мен шігін ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің әрқайсысы өзі анықтайды.

Үшіншіден, сарапшылар, айти қауымдастық қазақстандық заң тыйым салуға және оларды бұзғандарды жазалауға көбірек екпін түсіруі мүмкін деп қауіптенеді. Еуропалық заңда жаза нақтыланбаған.

"Digital Services Act интернетте ненің заңсыз, ненің заңды екенін айқындамайды. Жаңа заң заңсыз контентті табу, дәлелдеу және жою бойынша бүкіл ЕО елдеріне ортақ қағидаларды бекітеді. Сондай-ақ аталған заңсыз контент таралып жатқан ірі онлайн-платформаларға және іздеу жүйелеріне жүктелетін жаңа жауапкершілікті белгілейді. Ал заңсыз контентке не жататынын ұлттық деңгейлерде әр ел өзі, басқа заңында анықтайды. Мысалы, олар террористік контентке, балаларды сексуалды зорлауға қатысты материалдарға, немесе жеккөрінішті тұтандыратын контентке тыйым салуы мүмкін. Егер қандай да бір материал нақты бір қатысушы мемлекет аумағында ғана заңсыз болса, онда ірі онлайн-платформа немесе ірі іздеу жүйесі оны тек сол ел аумағында жойып отыруға міндетті болады", – деп түсіндірді Еурокомиссияның ресми өкілі Йоханнес Барке (Johannes Bahrke).

Ендеше Қазақстан билігі Батысты қалқан ете бермей, бізде нақты қандай контент заңсыз болып табылатынын нақты жариялауға тиіс. Әрине, тек жариялаумен шектелмей, өзімбілемдікке салынбай, заңсыз контент тізімін сарапшылармен және медиа қоғамдастық өкілдерімен талқылағаны, солардың пікірін толық ескергені маңызды. Әйтпесе, жаңа Қазақстан онсыз да сау-тамтығы қалмаған тәуелсіз журналистиканы өлтіріп тынуы мүмкін.

Тағы бір мысал: қазақтың руларының тарихын құжаттап жүрген зерттеушілер ұлт араздығын тудырды деп істі болудан қорқатыны жасырын емес. Шымкенте олардың бір әріптесі осы ауыр баппен істі болғаны да белгілі. Салдарынан олар зерттеулерін жария емес жүргізуге тырысып, көлеңке жағалайды, бастары қосылмайды.

Бұл ретте белгілі тарихшы, PhD доктор, Жошы ұлысын ғылыми-зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов қазақ руларының шежіресін жазып жүрген зерттеушілердің съезін өткізуді ұсынды. Ол сонымен бірге Шежіре сарайын ашу қажеттігін айтып жүр. Жеті атаға дейін қыз алыспай, генетикасын, тұқым, тегін мейлінше таза ұстаған ұлт қазақ қана. Демек, қазақ шежіресінің мәліметтерін генетика ғылымы арқылы дәлелдеп, бабамыздан қалған осы ұлы мирасты құжаттап, жіктеп, зерттеп, ғылыми тұрғыдан баға беруге тиіспіз. Ғалымның пікірінше, "Шежіре қазақты жікке бөледі" деген қате түсінік, қайта шежіресін білетін адам өзінің ұлтының шығу тегін біледі.

Яғни, "Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы" жаңа заң ғалымдарды, журналистерді, қоғам белсенділерін, бизнесті, IT мамандарды және басқасын қудалауға жол ашпауы шарт. Интернет платформаларда заңсыз контентке жататын тізім тым ұзын болмауға тиіс. Жаңа заңның баптары мен ұғымдары нақты емес, бұлыңғыр болса, онда олар Facebook және басқасындағы кез келген материалды заңсыз контент деп тануға негіз болуы мүмкін.

Заң жобасының оңды тұстары да болады деп болжануда. Мысалы, оның аясында бассыз кеткен блогерлердің қызметін реттеуге талап жасалмақ. Әйтпесе, кез келген нәрсені, соның ішінде қаржы пирамидаларын жарнамалауға жаман үйреніп алған блогерлер, вайнерлер жазадан құтылып кете береді.

"Мұның бәрі нақты белгіленген құқықтық аяда жұмыс істейтін кәсіби журналистер мен БАҚ-ты тең емес жағдайға қояды: олар аудитория үшін онлайн-платформалардың субъектілерімен бәсекелесуге мәжбүр. Сондай-ақ, соңғы жылдарда тексерілмеген тауарларды, қызметтерді және алаяқтық схемаларды жарнамалаған қоғамдық тұлғалардың қызметіне байланысты резонансты оқиғалар болды. Бұл күрделі проблеманы, атап айтқанда қоғамның, әсіресе балалардың осындай ақпараттан қорғалмағанын әшкереледі. Бұл ретте бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында пайдаланушылардың онлайн-платформа иелерімен өзара іс-қимылының тиімді тетіктері де жоқ. Қазақстан азаматтарының барлық өтініштері мен шағымдары іс жүзінде қанағаттандырылмаған күйі қалады немесе дәлелді жауап берілмейді", – деп мәлім етті ақпарат министрлігі.

Сарапшылар министрліктің ел тарихында алғаш рет әзірленіп жатқан аталған заңның жобасын қоғамдық талқылауға шығаруын күтіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу