Қазақстан билігі трансформациялануға шешім қабылдады

1584

Бұрынғы билікпен сабақтастықты сақтау заманында қабылданған 10 ұлттық жоба "Жаңа Қазақстанға" керексіз болып шықты. 

Қазақстан билігі трансформациялануға шешім қабылдады Фото: inform.kz

2021 жылғы 7 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ұлттық жобаны ресми мақұлдады. Ұлттық жобалар бұрынғы билік тұсындағы түсініксіз, тиімсіз әрі аса көлемді саналған мемлекеттік бағдарламаларды ауыстырды. 

Мемлекеттік бағдарламалармен салыстырғанда ұлттық жобалар "нақты, шынайы, халыққа түсінікті және олардың тұрмысын жақсартуға бағытталған" болатыны нықталды.

Ұлттық жобаларды сол кезде Қайрат Келімбетов басқарған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Үкіметпен бірлесіп әзірлеген еді. Он ұлттық жобаны тегіс мақұлдаған Мемлекет басшысы оларды жүзеге асыруға өте көп қаржы бөлінетінін айтты. Қ.Тоқаев осыған байланысты өзін жемқорлық мәселесі қатты алаңдататынын мәлімдеген еді.

"Ірі жобаларды жүзеге асыруға, әсіресе, инфрақұрылымдық құрылыс саласына мол қаржы салынатыны туралы ақпарат шыға салысымен-ақ, мұндай жобалар "әккі аңшылардың" назарына бірден ілігеді. Олар бөлінген қаржының бір бөлігін қалталарына басып қалуға тырысады. Әңгіменің ашығын айтайық. Мұны бәріміз білеміз. Сондықтан Үкімет пен тиісті агенттікке аталған мәселені мұқият қарауды ескертемін. Ұлттық жобаларды жүзеге асырудың пайдасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Үкімет бұл үдеден шыға алды ма?

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунованың айтуынша, ұлттық жобалар биліктегі басқарушылық процестің осал тұсына, талмау жеріне айналып кетті. Шынында да оларға триллиондаған қаржы бағытталды. Бірақ олардың мемлекетке тиімділігін, халық өмірін жақсартуға қаншалықты әсер еткенін бағалау күрделі.

"Билік ұлттық жобалар және министрліктердің даму жоспарлары арқылы бюджет шығыстарын алға қойылған жалпыұлттық мақсаттармен тығыз қабыстыруға тиіс еді. Кезекті рет қайталауыма тура келеді: бүгінде мемлекеттік бағдарламаларды ықшам әрі түсінікті құжаттарға толыққанды қайта форматтау сол бойы жүзеге аспады. Сол бұрынғыдай индикаторлық көрсеткіштердің оралымсыз жүйесі сақталып қалды. Олары шикі болғандықтан, үнемі әрі жиі түзетуге ұшырап отырады. Үкіметтің ұлттық жобаларды әзірлеп, Президенттің бекіткеніне 2 жыл да өткен жоқ, енді біз оларды жаппай күшін жоюға шығаруды талқылап жатырмыз. Барлық қаржы игерілген, ал нәтижелері нашар, төмен. Жұмыс орындары қағаз жүзінде құрылып қойды, ал жұмыссыздар бәрібір азаятын емес", – деді Наталья Годунова.

Сондықтан шенеуніктер ескі жырына басты: егер жоба тиімсіздігін көрсетсе, не істеу керек? Не жұмысты жөндеу, не Үкіметті жаңарту керек шығар? Жоқ, жаңа жоба қабылдай салуға болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жобалық басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп жатыр.

Жаңа құжаттың басты мақсаты – мемлекеттік органдардың қызметіне жобалық басқаруды енгізу болмақ. Бұл "орталық және жергілікті атқарушы органдардың, даму институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттырады".

Бұған Үкіметті не итермеледі?

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысында тиімсіз жұмсалған бюджет қаражатының сомасы 421,2 миллиард теңгені құрады.

2022 жылы 10 ұлттық жоба іске асырылды. Құпиясы көп "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасын есепке алмағанда, соның тоғызын орындауға 8,1 триллион теңге қаржы шығындалыпты. Үкімет сол ұланғайыр ақшаның 98,1% игерді. Содан Қазақстан дамыған елдерге бір табан жақындап, халықтың ауқаты да күрт жақсарған болар? Оны Годунованың командасы толыққанды анықтай алмапты.

Бұл ретте кейбір ұлттық жобаларға жоспарланғаннан да көп ақша жұмсалғаны белгілі болды. Мемлекеттік органдардың ақпаратына сәйкес, 2022 жылы ұлттық жобалар жоспарлы қажеттіліктен орта есеппен 106%-ға артық қаржыландырылды. Нақтыласақ:

  • "Салауатты ұлт" ұлттық жобасы – 120,6%,
  • "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту" – 117,4%,
  • "Кәсіпкерлікті дамыту" – 111%,
  • "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" – 102,9%,
  • "Білімді ұлт" – 101,8%.

Аутсайдерлерге де қомақты қаржы тиді: "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу" ұлттық жобасы – 99,7%, Елбасы кезеңінен қалған "Ұлттық рухани жаңғыру" – 98,1%, "Күшті өңірлер – елдің даму драйвері" – 96,3%, "Жасыл Қазақстан" – 80% қаржыландырылды.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата жүргізген талдау көрсеткендей, 2021 жылдан бері "мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған стратегиялық құжаттарында айқындалған нысаналы параметрлерден артта қалуына байланысты" 10 ұлттық жобаның 7-еуінің тиімділік деңгейі төмен болып шықты. Олардағы жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізбеу тәуекелдері күшейді.

Үкіметтің олардың күшін жоюға асығуының астары да сонда жатуы ықтимал.

Бірақ соған қарамастан, Үкімет пен әкімдіктер өз жұмысын жобалық басқаруға бәрібір көшіреді. Бұл әрбір министрлік пен әкімдік жанынан Жобалық кеңсе құруды қарастырады.

Орталық мемлекеттік органның жобалық кеңсесінің құрамына кемінде 18 адам, жергілікті атқарушы органның жобалық кеңсесіне 21 адам кіруге тиіс.

Жобалық басқарудың ұлттық жүйесі біріншіден, әрбір мемлекеттік органның ұйымдық құрылымының жобалық бағдарлануын көздейді.

Екіншіден, жобалық басқару жөніндегі нормативтік құқықтық және әдіснамалық база әзірленеді. Жалпы, оны шарқ ұра іздеудің қажеті жоқ. Әлемде бұл тұрғыда дайын әдістемелер, мол тәжірибе бар. PMI, IPMA, OGK1, ISO, Gapps, APK, PMAJ және басқа да халықаралық және ұлттық кәсіби ұйымдар стандарттарында жобаларды басқарудың жалпы қабылданған әдістері мен тәсілдері тұжырымдалған.

Үшіншіден, әр мекеменің персоналының құзыреттілік деңгейін арттыру жүйесі қалыптастырылуға тиіс. Әйтпесе, мұның не екенін әзірге билік өкілдері де, басшылар да жете түсінбейді.

Мысалы, Америка Үкіметінің әрбір дерлік қызметкерінен жобаны басқарудың бағдарламалық құралдарын практикада қолдану дағдыларына ие болуы талап етіледі. Тіпті АҚШ Қорғаныс министрлігінде арнайы дайындықтан өткен және жобаларды басқару бойынша кәсіби сертификаттар (PMP PMI) алған қызметкерлер ғана жобаларды басқаруға жіберіледі.

Цифрлық даму министрлігінің түсіндіруінше, тағы бір басты мәселе – жобалық басқару жүйесіне көшкенде, Жобалық басқарудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру керек болады. Онда мониторингтің, деректерді жинау мен өңдеудің ақпараттық-талдамалық платформалары және цифрлық жүйелері өзара интеграцияланады.

Жалпы, "дәстүрлі бюрократия мен функционалдық басқарудан" –"мемлекеттік сектордағы басқарудың тиімді құралдары мен әдістеріне" көшу сайып келгенде, мемлекеттік басқару жүйесінің салмақты трансформациялануын қарастырады.

Бірақ Үкімет тартқан сарапшылар биліктің өзі өзгермесе, жаңғырмаса, "жобалық тәсіл дискредитацияланып, беделден жұрдай болады" деген тоқтамға келіпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу