Қазақстан "дамыған 30 елдің қатарына кіру" міндетінен бас тартпапты

4445

Үкімет бұған енді жасыл экономикаға көшу және экологияны жақсарту арқылы жетуге талаптанып көреді.

Қазақстан "дамыған 30 елдің қатарына кіру" міндетінен бас тартпапты Фото: canva.com

Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының" жобасын әзірледі.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл бағдарлама 2030 жылға дейін экономиканың бірден 9 секторын "жасыл экономикаға" көшіруге бағытталған мақсаттарды, міндеттерді, нысаналы индикаторларды және іс-шараларды бекітеді. Нәтижесінде, бағдарлама аяқталатын тұста Қазақстан озық 30 елдің қатарына барынша жақындауға тиіс. Кіру мерзімі ретінде 2050 жыл қалады.

"Жалпы, "Жасыл экономикаға" көшу біріншіден, орнықты даму міндеттеріне белсенді қол жеткізудің, екіншіден, Париж келісімі аясында Қазақстанның өз мойнына алған міндеттемелерін орындаудың негізгі жолы болып табылады. Үшіншіден, бұл Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін жағдайлар жасаудың басты шарты болады. Осының арқасында экономикалық және экологиялық орнықтылық, әділ әрі дамыған қоғам, таза және саламатты қоршаған орта қамтамасыз етіледі", – делінген экология министрлігінің ресми түсініктемесінде.

Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және елге уәдесі болатын. Ол оны 2010 жылы Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мембағдарламасын бекіткен кезде айта бастады.

Содан 2012 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы ғасыр ортасына дейін Қазақстанды дүниежүзіндегі ең дамыған 30 мемлекеттің біріне айналдыруды көздейтін "Қазақстан-2050" Стратегиясын жариялады.

Артынша Н.Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтарда "Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдаманы" бекіткен №732 жарлығын қабылдады.

Мұндай "ұлы мақсат" қойғанда ел басшылығы неге сүйенді.

"Бұл мақсатқа жетуге еліміздің толық мүмкіндігі бар. Біздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміз бұған айқын дәлел бола алады. Біз өзіміздің бәсекелестік артықшылығымызды нақты сезінеміз және оларды экономикалық және әлеуметтік табыстарға қалай айналдыру керектігін білеміз. Біз зор аумаққа, бай табиғи ресурстарға, кең ауқымды ауыл шаруашылығы алқаптарына және жел мен күн энергиясын дамытудың айтарлықтай әлеуетіне иеміз", – деген болатын ол.

Ұлан-байтақ дала, мол ресурстар, ұшан-теңіз жайылымдық және егістік жерлер, жел мен күн қалды, бүгінде де бар. Дәл осы стратегиялық мақсат күтпеген жерден қайтадан "қалқып" шықты. "Озық отыздықты" нысанаға алған мақсаты бар Қазақстанды "жасыл экономикаға" көшіру жөніндегі 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары биылғы 2024 жылы жүзеге асырыла бастайды деп белгіленген.

Жалпы, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің "отыздыққа" жүгінуден басқа амалы жоқтай. COVID-19 пандемиясымен ере келген "коронакризиспен" екі жыл ентіге күрескен, одан кейін 2022 жылы басталған Ресей-Украина соғысына ілескен нәубеттерге – дағдарыстарға, санкциялық қыспақтардың салдарларына, қымбатшылыққа қарсы күрестен бас көтере алмай жатқан Қазақстан Үкіметі "жасыл" даму жайын әрі ысырды.

Бұл бағыттағы барлық дерлік бағдарлама, соның ішінде "ЭКСПО-2017" мұрасын ілгерілетуді қарастырған жұмыстар тоқтатылды.

Оның үстіне "жасыл" экономикаға көшудің практикалық шараларын жүзеге асырған "ӨКМ операторы - Оператор РОП" компаниясы айналасындағы даулар да бұл іске салқынын тигізді.

Ал "жасыл" даму мақсаттары көкейкесті болып қала берді. Бұл ретте "жасыл экономикаға" көшу арқылы орнықты даму – "Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасының" басты 6 бағытының бірі болып табылады. Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы бүгінде тежелгенімен, ол сол бойы күшінде қалды. Күші жойылған жоқ.

Соның ішінде бұл ескі стратегияда "отыздыққа" ену үшін "жасыл экономикаға" көшуге бағытталған негізгі 4 шаралар кешенін іске асыру бекітілген. Біріншіден, суды пайдалану тиімділігін арттыру және ел халқы мен экономикасын сумен қамтамасыз ету. Екіншіден, энергия тиімділігін арттыру. Үшіншіден, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару жүйесін дамыту. Төртіншіден, атмосфераға шығарындыларды азайту шаралары кешенін орындау қарастырылған.

Мұның бәрі әлі күнге өзекті. Сондықтан Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасында да осы бағыттардағы іс-шаралар қамтылып отыр.

Экология министрлігінің мәліметінше, оларды жүзеге асыру арқасында, мысалы, су үнемдеу технологиялары енгізілетін ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы қазіргі – 279 мың гектардан 2030 жылы – 1 миллион 140 мың гектарға дейін артуға тиіс.

Жер үсті өзендерінің арасында сапасы жақсы су айдындарының үлесі 30%-дан 2030 жылы – 35%-ға дейін өсуі керек. Өсім шамалы, бірақ ең бастысы – деградацияға, кері кетуге, сөйтіп, ішуге жарамды өзендерден толық айрылып қалуға жол бермеу болса керек.

Антропогендік ағынды суларды тазарту 28,55%-дан 2050 жылға қарай – 100%-ға жеткізілуі шарт. Яғни, кәріз сулары, ағынды сулар және басқа да адамдар мен зауыт-кәсіпорындар төгетін қалдық сулар ғасыр ортасында толығымен тазартылатын дәрежеге жеткен жөн. Сондай-ақ кәсіпорындардың айналмалы сумен жабдықталуын ендіру көзделген.

Әйтпесе, мысалы, бүгінде Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде қырылған аққу құстарының саны 900-ге жуықтады. Бұл ретте ғаламторда Rixos Water World Aktau қонақүйінен Қаракөлге қарақошқыл сұйықтық құйылып жатқаны бейнеленген видео тарады. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық Экология департаменті биылғы 5-6 қаңтарда осы факті негізінде қонақүйге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

"Мамандардың талдауының қорытындысында ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан артып кеткені анықталды. Бұған дейін тіркелген аққулар өлімінің дерегі бойынша төгінділер әсерінің қатысын толық зерттеу үшін Алматы қаласынан орнитолог-мамандар шақырылды. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті инспекторлық ден қою шаралары қабылданады және әкімшілік істер қозғалады", – делінген ресми хабарламада. 

Ерекше қорғалатын қаумалдағы ахуал сондай болса, өзгесіндегі жағдай тіптен күрделі екені даусыз.

Үкімет "жасыл" даму аясында таза ауызсумен жабдықталған халықтың үлесін 2040 жылы – 100%-ға жеткізу туралы міндеттеме алады.

Мемлекет 2026-2030 жылдар аралығында жаңбырлату машиналары, тамшылатып суару жүйелері сияқты суды үнемдейтін суару техникалары мен технологияларын шығаруды Қазақстанның өзінде жолға қоюды жоспарлап отыр.

"Жасыл" экономикаға көшу аясында республиканың ЖІӨ-сінің энергия сыйымдылығын (шығынын) 2021 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай 15%-ға төмендету міндеті бекітілмек. Бұл мақсатқа жету үшін ірі кәсіпорындар энергия тұтыну көлемін қысқартуға міндеттеледі, жылу желілеріне жаңғырту жүргізіледі, барлық елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру модернизацияланып, қарапайым шамдар энергия үнемдейтіндеріне тегіс ауыстырылуға тиіс.

Қазақстандықтардың бензинді және дизельді тұтынатын лас көліктерден баламалы автомобиль түрлеріне – электромобильдерге қайта отыруы ынталандырылып, сол үшін тиісті инфрақұрылымды дамытылмақ.

Елдегі ғимараттардың және тұрғын үйлердің қуатты көп шығындайтыны жасырын емес. Үйлерді жылытудың өзі көп энергияны талап етеді. Сондықтан болашақта мемлекет құрылыс компанияларынан А және В сыныптағы жаңа энергиялық тиімді ғимараттарды пайдалануға беруді талап етуге ниетті. Ал қолданыстағы С, D, E сыныптарындағы ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға бағытталған терможаңғырту бағдарламасы іске қосылатын көрінеді.

Қай билік ұсынбасын, егер Қазақ елі шынымен дамыған елдер қатарына қосылып жатса, қоғамымыз тек қуанары, сол билікке риза болары сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу