Қазақстан енді тек 36 елдің инвесторына басымдық береді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
17174

Инвестиция үшін перспективті салаға тек үш сектор кірді.

Қазақстан енді тек 36 елдің инвесторына басымдық береді

Қазақстанда инвесторларды тарту бұрынғыдай бейберекет емес, ұзақмерзімді стратегиялық негізде жүретін болды. Осы мақсатта бүгінгі отырысында үкімет 2018-2022 жылдарға арналған "Ұлттық инвестициялық стратегия" бекітілді.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек атап өткендей, стратегияның негізгі мақсаты тиімділікті арттыруға бағытталған қолайлы инвестициялық климат құру және инвестиция тарту болмақ.

"Стратегия табысты іске асатын болса, бес жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестицияның экономикаға жалпы ағыны 2016 жылмен салыстырғанда, кезең-кезеңімен 26%-ға дейін артады. Ал "тиімділікті арттыруға бағдарланған", яғни экспортқа бағытталған инвестициялар 50%-ға дейін өседі деген болжам бар. Сонымен қатар, отандық бизнесмендер салатын ішкі инвестициялардың ұлғаюы да болжанып отыр. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына құйылатын инвестициялар көлемі 46%-ға дейін өседі деп күтілуде", – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол басқаратын министрлік дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа инвестицияларды тартуға барынша ұтымды болатын басымдықты салаларды белгілепті. Бұл салалар екі топқа бөлінеді.

"Бірінші тобы – "әлеуеті қажетке жаратылушы салалар". Яғни, бұл қатарға азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды терең өңдеу, яғни, металлургия, химия және мұнай-химия, сондай-ақ машина жасау салалары жатады. Осылайша, аталған топ қысқа мерзімді немесе орта мерзімді келешекте тиімділікті арттыруға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияны ілгерілету мүмкіндігі жоғары салалардан тұрады. Екінші топ – "перспективті салалар", яғни ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қаржы. Бұл топ ұзақ мерзімді келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалардан тұрады", – деді инвестициялар және даму министрі.

Жалпы, үкімет қабылдаған стратегияны іске асыру инвестиция саласын түбегейлі реформалауға, инвестиция ағынының өсіміне қол жеткізуге және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен, стратегияға сәйкес, ел үкіметі 2022 жылға қарай келесідей мақсатты көрсеткіш-индикаторларға қол жеткізуге уәде береді.

Біріншіден, тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) жалпы ағыны 126%-ға артады. Екіншіден, ТШИ-дің еліміздің жалпы ішкі өніміне шаққандағы жалпы көлемі 2022 жылы 19%-ға артады. Үшіншіден, тиімділікті арттыруға бағытталған ТШИ-дің, соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне құйылатын шетелдік инвестициялар ағыны 1,5 есеге артады. Төртіншіден, экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына құйылатын инвестиция көлемі (мемлекеттік бюджетті қоспағанда) 1,46 есеге өседі. Бесіншіден, экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына құйылатын сыртқы инвестиция көлемі 1,5 есеге ұлғаяды.

Айтқандай, ұлттық стратегияда Қазақстан өзі басымдық беретін инвестор-елдерді анықтады. Құжатта олардың тізімі беріледі. Жауапты шенеуніктер мен аймақтардағы әкімқаралар осы мемлекеттерден келетін бизнесмендер алдында "жайылып жастық, иіліп төсек" болып, олардың көбірек қаржы салуына қол жеткізуге тиіс.

"Экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды. Оның ішіндегі 11-і біз басымдық беретін елдер саналады. Бұлар – Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Қытай Халық республикасы, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері", – деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Ең қызығы сол, бұл ведомство сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, осы басымдық берілетін әрбір елдермен жұмыс істеу бойынша жеке-жеке әрі нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейтін болады.

Стратегия аясында Қазақстанның инвестициялық климатын жақсарту мақсатында министрлік алдын-ала болжауға болатын инвестициялық саясаттың ашықтығын арттыруға ниетті. Бұдан бөлек, қолданыстағы инвестициялық преференциялардың тиімділігіне сараптама жасалады.

"Визалық және көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қарастырылады. Сондай-ақ, Қазақстанның "Doing Business" рейтингіндегі орынын көтерудің шараларын қабылдау жоспарланып отыр",– деді Жеңіс Махмұдұлы.

Сонымен қатар, министрлік инвесторлардың құқығын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдірмек.

"Инвесторлар қауымдастығымен бірлесіп, инвестициялық омбудсмен институтын реформалау, инвесторлардың құқығын сот арқылы қорғауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың "Астана" халықаралық қаржы орталығының сот жүйесіне қол жетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда. Бас прокуратурамен бірлесіп, мемлекеттік органдардың инвесторлар қызметін тексеруді азайту жөнінде кешенді жоспар әзірленетін болады", – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Тағы бір жаңалық бар: кез келген шетелдік инвестордың шағымы "дабылға" теңестіріледі. Осы орайда инвесторлардың шағымдарын және мәселелерін қадағалап, жүйелі түрде анықтайтын жаңа құрал іске қосылатын болады.

"Егер инвесторларда қандай да бір проблема туындаса, аталған ақпараттық жүйе тиісті мемлекеттік органдар мен инвестициялар және даму министрлігіне дер кезінде хабар беретін болады",- деді Жеңіс Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, соңғы жылдары еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар комитетіне мүше болып қабылданды. Бұл еліміздің инвестициялық ахуалының халықаралық стандарттар мен аталған ұйымның мүше-елдерінің деңгейіне сәйкестігінің көрсеткіші болып табылады.

2015 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі едәуір, дәлірек айтқанда, 37,5%-ға төмендегені мәлім. Ал 2016 жылдан бастап ол қайта қалпына келе бастапты. Ресми мәлімет бойынша ағымдағы жылы өсім деңгейі сақталып отыр.

2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,6 млрд долларды құрап, 2015 жылға қарағанда 40%-ға өсті. Ал 2017 жылдың 1-ші тоқсанында елімізге шетелден 5,4 млрд доллар инвестиция құйылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 18,9%-ға көп.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу