Қазақстан Еуразиялық Одақ алып қоятын алым-салықты азайту үшін күресуде

10811

Бұл тұрғыда қазақтарға әзірге тек қырғыздар түсіністік танытып тұр. 

Қазақстан Еуразиялық Одақ алып қоятын алым-салықты азайту үшін күресуде Фото: aqorda.kz

Ресей мен Беларусь қазақстандық бастаманы бұғаттауда.

Қазақстан Үкіметі шекарада тәртіп орнатып, контрабанда ағынын азайтуға күш салып жатыр. Халықаралық дәліздерді дамытуға триллиондаған теңге бюджет қаржысын төгіп, шетелден қарыз алып, берешекке батуда. Осы және басқа шаралар арқылы кеденде жиналатын баж алымдарын үнемі еселеп арттырып келеді.

Шетелден автомобиль, ауыл шаруашылығы техникасын таситын қазақстандықтардан жоғары кедендік баж жинап, көлік атаулыны қымбат қылып қойды. Сорақысы сол, бұдан Қазақстанға еш пайда жоқ. Өйткені ол Еуразиялық Одаққа мүше.

Ал, Еуразиялық экономикалық Одақ туралы шарттың 26-бабына сәйкес, оған мүше елдердің "барлық төленген және өндірілген әкелу кеден баждары" алдымен ортақ қазанға салынады. Содан кейін бүкіл кедендік баж келесі үлеспен қайта бөлінеді:

  • Ресей федерациясына – 85,065%;
  • Қазақстанға – 6,955%;
  • Беларуське – 4,860%;
  • Қырғыз Республикасына – 1,900%;
  • Арменияға – 1,220%.

Бұл нормативке сәйкес, алым-салықтың басым бөлігін Ресей алып қояды, өзгелерге тиын-тебен қалады.

Бұл ретте Украинаға шапқыншылығы үшін Батыстың ауыр санкцияларына іліккен Ресей жыл өткен сайын оқшауланып, жабылуда. Бұл елге тікелей сатуға тыйым салынғандықтан солтүстік көрші өзіне керекті санкциялық тауарлардың өзін енді Қазақстан аумағы арқылы тасиды. Ресей аумағы өтетін халықаралық дәліздердің көбі тоқырады, жүк ағындары Ресейді айналып өтеді.

Соған қарамастан, Мәскеу сыртқы саудадан түскен барлық кедендік баждардың 85 пайыздан артығын сол бұрынғыдай өзі алып қойып отыр. Мұндай өрескел әділетсіздік қазақстандық депутаттарды да қатты мазалайды.

Мәжілісмен Ерлан Барлыбаев биылғы сәуір бойы сұрапыл жүрген алапат тасқынның салдарларын жою, халық пен кәсіпкерлерге келген залалды өтеу үшін Үкімет ел бюджетінен қыруар қаржы шығындағанын еске салды. Зардап шеккен 11 облыстағы баспананы, әлеуметтік нысандарды, жолдарды қалпына келтіріп, жаңадан салу үшін бизнес пен демеушілер де миллиардтаған ақша бөлді.

"Бизнес өңірлерге барынша көмек көрсетіп бақты. Дегенмен, негізгі ауыртпалық бәрібір бюджетке түсті. Салдарынан, бюджетті толтыратын көздерді кеңейту проблемасы шектен тыс ушықты. Оның үлкен бір қайнары бар. Ол – Еуразиялық Одақ аясында кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу. 2020 жылы одақ құрамына Қырғызстан кіргенде, оған 1,9% үлес бөлу үшін Қазақстан мен Ресейдің үлесі 1,5%-ға кемітілді. Беларусь пен Армения өз үлестерінің азайтылмай, сол қалпы қалуына қол жеткізді. Дұрысы, барлық мемлекеттің үлесін пропорционалды төмендету керек еді. Сонда Қазақстанның үлесі 1,5%-ға емес, 0,5%-ға азаятын еді. Қазақстан сөйтіп, 2020 жылдан бері бюджетке түсуі мүмкін миллиардтардан айрылуда", – деді депутат.  

Оның айтуынша, бүгінде Еуразиялық Одақтың кедендік төлемдерді бөлуіндегі әділетсіздіктің шыңырауы тіпті тереңдей түсті.

"Дамыған елдердің қуатты сауда және экономикалық санкциялары кесірінен 2022 жылдан бері Ресей және Беларусьтің сыртқы экономикалық айналымы қарқынды түрде құлдырауда. Қазақстанның көрсеткіші айтарлықтай артты. Мысалы, 2020 жылы Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 86,4 миллиард доллар ғана болса, 2023 жыл қорытындысында 140 миллиард доллардан асты. Ресейде дәл осы кезеңде сыртқы сауда айналымы 16%-ға құлады. Соған қарамастан, Ресей сол бұрынғыдай барлық кедендік түсімнің 85%-дан астамын алып қоюда. Қазақстанға тек 6,95% тиеді", – деді депутат Барлыбаев.

Осыған орай Мәжіліс депутаттары 2022 жылғы маусымда ЕАЭО-ның кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін қайта қарап, Қазақстанның үлесін арттыру мәселесін Үкімет алдына төтесінен қойған еді. Сол кезде Үкімет "мұндай келіссөздерге әлі ерте" деп жауап қатыпты. Содан кейін депутаттар биыл бұл бастаманы қайта ілгерілете бастады.

Үкімет енді бұған не дейді?

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстан Үкіметі "ағымдағы геополитикалық ахуалды және Еуразиялық Одаққа мүше мемлекеттердің сыртқы сауда саясатындағы өзгерістерді" ескере отырып, былтырдан бері кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін қайта қарау мәселесін тұрақты негізде көтеруде. Астана бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі, Еуразиялық үкіметаралық кеңес және Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес сияқты ЕАЭО органдарының бәрінің күн тәртібіне шығаруға тырысты.

Бұл бастаманы қолдауға Ресей мен Беларусь құлықты емес. Ал, Еуразиялық одақта шешімдер консенсуспен, барлық тарап келіссе ғана қабылданады. Тек Қазақстанның мүддесіне соққы жасаған бұрынғы шешімнің 2020 жылы ымырамен өтіп кеткені өкінішті.

"Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша аталған мәселе 2023 жылғы 25 желтоқсанда Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысында қаралды. ЖЕЭК-тің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №8 өкімі қабылданды. Оны іске асыру үшін кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін есептеу әдістемесін әзірлеу жөніндегі жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына Қазақстаннан ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова енді", – деді Премьер О.Бектенов.

Жұмыс тобы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін есептеудің жаңа Әдістемесін талқылау бойынша айына екі рет жиналыс өткізуге тиіс. Кейбір айда бір рет қана жинала алған.

"Келіссөздер барысында Әдістеменің түрлі нұсқалары қарастырылуда. Бөлу нормативтерін есептеуге қатысты ұстанымдар талқылануда, сондай-ақ олардың негізінде есеп-айырысу жүргізілуде. Жұмыс тобының отырыстарының қорытындысында, бірқатар мемлекет ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үшінші елдерден шығарылған тауарларды ішкі тұтынуын басшылыққа алатын әдістемені қолдады. Сондай-ақ, әзірленіп жатқан Әдістемеде тараптар қосымша статистикалық деректерді есепке алуды ұсынуда. Бірақ бұл мәселе бойынша ақырғы шешім тек одаққа мүше барлық мемлекеті арасында келісім-консенсуске қол жеткізген жағдайда ғана қабылдануы мүмкін екенін атап өткен жөн", – деді Олжас Бектенов.

Қазақстан Мәскеу мен Минскінің қарсылығын еңсере алар емес.

Ымыра болмаған соң, биылғы мамырдағы саммитте бұған қатысты ешқандай шешім қабылданбады. 2024 жылғы 8 мамырда өткен ЖЕЭК отырысында жұмыс тобының есебі негізінде Еуразиялық экономикалық комиссия президенттерге "Әдістемені әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы" ақпаратты баян етумен шектелді.

Саммит қорытындысында 5 ел президенті Еуразиялық экономикалық комиссияға бұл бағытта жұмысты ары қарай жалғастыруды жүктеді. Сондай-ақ әлгінде айтылған, Қазақстан табандап отырған бастаманы ілгерілетуге бағытталған №8 өкімнің орындалу барысы туралы ЖЕЭК-тің кезекті саммитінде баяндау тапсырылды.

Бұл негізі, жалтарма жауапқа ұқсайды. Өйткені шетсіз-шексіз келіссөздердің тағы қанша жылға созылатыны белгісіз. Сарапшылар тиісті жұмыс тобының отырысқа жиналуы да сирегеніне назар аудартады. Ендеше Қазақстанға одақтағы бұл әділетсіздікке ары қарай да төзуге тура келетінге ұқсайды.

Премьер Олжас Бектенов Мәжіліске хатында "Үкімет жаңа Әдістемені қабылдау мақсатында осы мәселе бойынша келіссөздерді белсенді жалғастыруға" уәде етті.

Бұл істе Қазақстан тек Қырғызстаннан қолдау тапты. Армения да өз үлесін арттырудан кетәрі емес, бірақ бұл елдің басшылығы болашақта Еуразиялық одақтан шығып, Еуропалық Одаққа кіруге ниет білдіре бастады.

Таяуда Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов Қырғызстанның бірінші вице-премьері Адылбек Қасымалиевпен оңаша кездесіп, оған одақ аясында кедендік әкелу бажын бөлуді қайта қараудың маңызын түсіндірді. Екі елдің осы тұрғыдағы ұстанымдарын бірдейлестіру жайын талқылады.

Сұлтановтың командасының мәліметінше, бұл жұмыс кездесуі "Еуразиялық одақ мемлекеттерінің бюджеттері арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін есептеу әдістемесіне, оларды есепке алудың баламалы жаңа механизміне, сондай-ақ еңбек ресурстары нарығын дамытудың өзекті аспектілеріне" арналған. Соған қарағанда, жабық кездесуде қырғыз тарапы өзінің еңбек мигранттарының Қазақстанға еркін келуі мәселесін көтергенге ұқсайды. Яғни, сөзсіз қолдау емес, саудаласу жүріп жатқаны байқалады. Қырғыздар өз еңбекшілерінің және олардың отбасы мүшелерінің Қазақстанда бюджет есебінен толық медициналық көмекке қол жеткізгенін, зейнетақы алғанын қалайды.

Бақыт Сұлтанов жыл басынан бері ЕЭК жанында құрылған, Сұлтановтың өзі төрағалық ететін аталған жұмыс тобы кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін есептеу әдістемесін ары қарай пысықтап жатқанын жеткізді. Осы топ сондай-ақ баждарды елдердің бюджеттеріне есепке алудың баламалы механизмін дайындап жатыр.

"Еуразиялық "бестік" елдерінің президенттері біздің алдымызға мемлекеттеріміздің бюджеттері арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін және оларды қайта қарау кезеңділігін есептеу әдістемесін әзірлеу міндетін қойды. Бұл Қазақстан үшін өте сезімтал мәселе. Алайда мүше мемлекеттердің ұстанымдары арасында әзірге әдістеме негізделуге тиісті қағидаттарға қатысты айтарлықтай алшақтықтар сақталып тұр", – деп қынжыла жеткізді ЕЭК министрі Бақыт Сұлтанов.

Тараптар диалогты жалғастыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу