Қазақстан газ жөнінен "Газпромға" тәуелді болып қалуы мүмкін

4099

Бұған жол бермеу үшін елімізде жаңа газ кенорындарын ашу, отандық газ тасымалдау жүйесін жаңғырту, сондай-ақ "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбырының 2-ші тармағын салу сияқты жаңа әрі ірі жобаларды жүзеге асыру қажет болады. 

Қазақстан газ жөнінен "Газпромға" тәуелді болып қалуы мүмкін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Петербор қаласына сапарынан орала сала, сенбі күні, өзінің Ақорда сарайында шұғыл түрде "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдауы сарапшылардың чаттарында, телеграм-арналарда түрлі пікірталасқа тамыздық болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бірқатар отандық сарапшылар бейресми талқылауда газ саласында қордаланған және қаңтар оқиғаларынан бері күрделенген мәселелер толыққанды шешімін таппай тұрғанына назар аудартты. Олар әлеуметтік кернеу туғызбауы үшін алдағы уақытта бұл бағытта мейлінше әбжіл қимылдаған жөн деді.

Бұрынғы билік "Сарыарқа" сияқты еліміздің орталығы мен солтүстігін газдандырудың мега-жобасын қолға алды. Алайда ол қажетті ресурспен толыққанды қамтылмағаны енді белгілі болды. Салдарынан, біріншіден, бұл жоба дағдарған. Қиядағы Қостанай түгіл, Сарыарқа төсіндегі Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарына да құбыр тартылмаған.

Екіншіден, Қазақстанға Ресейге тәуелді болып, содан газ дәметуге тура келуі ықтимал. Ал Мәскеудің көгілдір отынды бизнес түрі немесе экономикалық ынтымақтастық ретінда қарастырмай, "дәстүрлі емес" мақсатта пайдаланатынын, тіпті бопсалау мен доқ көрсету құралына айналдыратынын Еуропаның қазіргі пұшайман халі паш етті. Қазір Ресей газ жеткізуді негізінен тоқтатқандықтан, Еуропаның қыстан қалай шығатыны беймәлім. Үшіншіден, сарапшылардың тұспалдауынша, Мәскеу өз газын Қазақстанның жаһандық коммерциялық бағамен сатып алуға тиістігін нықтап, соған табандаған көрінеді. Ол жеңілдік жасауы мүмкін, бірақ онда Астанаға да Мәскеудің сұрағанын беруге, тиісті қолдау көрсетуіне тура келер еді.

Алаңдататыны сол, Смайылов Үкіметі Қазақстандағы дәстүрлі отынды жағатын электр станциялары мен жылу-электр орталықтарын қайта құрып, көмірден бас тартып, отынның көгілдіріне ауысуға білек сыбана кірісті. Таяуда, 27 қыркүйекте Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Педро Мираспен кездескен Премьер Әлихан Смайылов "Қазақстан көмір станцияларын газға көшіретінін" қадап айтты. Әйтпесе, қазақ жерінің астында жатқан 170,2 млрд тонна көмір қоры өзі ғана жақса, 154 ғасырға жетеді (еліміз жылына 11 млн тоннасын ғана тұтынады). 

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Астанаға қоңсы қонған өңірлерді газбен толық қамту үшін жаңа магистральдық газ құбырын салу қажет екенін хабарлады. Осы мақсатта және Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру үшін министрлік 2 нұсқаны пысықтап жатыр. Біріншісі, "Сарыарқа" магистральдық газ құбырын жалғастыруды қарастыратын ескі жоба. Онда магистральдық газ құбырының ұзындығы 298,1 шақырымды құрайды. Жобаның болжамды құны кем дегенде 182,1 миллиард теңге.

Министрдің айтуынша, бұл жағдайда 143 елді мекен немесе 420 мың адам газдандыруға қол жеткізеді.

"Екіншіден, министрлік Ресей Федерациясынан газдандыру нұсқасын қарастыруда. Бұл нұсқа Қазақстан-Ресей жұмыс тобы аясында, екі елдің энергетика министрліктері арасында белсенді талқыланып жатыр. Ресей тарапы Қазақстан газды тек "коммерциялық бағамен" сатып алған жағдайда ғана еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру нұсқаларын қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Біз қазір қос нұсқаның бірін таңдау үшін соған ықпал ететін барлық бастапқы деректерді алып жатырмыз. Содан кейін елдің солтүстік өңірлерін газдандырудың түпкілікті нұсқасын әзірлеу бойынша шаралар қабылданатын болады", – деді министр Болат Ақшолақов.

Тұтастай алғанда, Үкімет еліміздің бүкіл өңірінде көмір жағудан бас тартып, барлық ауыл-аймақты газдандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы "Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған Бас схемасына" түзетулерде атап көрсетілген.

"ҚР газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасы Қазақстанның газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығының стратегиялық бағыттарын көздейтін кешенді құжат. Ол "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңына сәйкес елді одан әрі газдандыру мынадай негізгі міндеттерінен тұрады. Жаңа территорияларды газдандыруды және Қазақстан Республикасының барлық өңірлерін тегіс газбен жабдықтау перспективасын ескере отырып, ішкі нарыққа газ жеткізудің сенімділігін қамтамасыз ету, Қазақстанды газдандыруды одан әрі дамыту көзделеді", – деп жазылған жаңа Бас схема жобасында.

Бұл жерде қарамен бөлінгені – ұсынылған түзетулер. Қолданыстағы ескі нұсқасында еліміздің барлық өңірін газдандыру міндеті қойылмаған. Жаңа территориялар деп отырғаны қазіргі Бас схемада қарастырылмаған облыстардың да қамтылатынын білдіреді.

Бірақ Қазақстанның 20 өңірін 100% газдандырып шығу – тым алыстағы келешек көрінеді. Әзірге мемлекет "Қазақстан халқын газбен қамту деңгейін 2030 жылға қарай 13,5 миллион адамға немесе 65%-ға дейін ұлғайту міндетін" қойып отыр.

Салыстырсақ, 2022 жыл қорытындысында газдандыру жалпы саны 11 миллион адам тұратын елдімекенді қамтуға тиіс. Бұл Қазақстандағы барлық елді мекеннің 57,67%-ына тең.

Бұл ретте республикада газ шикізаты тапшы. Өзге елдерден айырмашылығы, қазақ жерінде таза газ кенорны жоқтың қасы. Көгілдір отынның басым көпшілігі мұнайға ілесе шығады, яғни ілеспе газ ғана.

Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстан өз халқының ең құрығанда 65 пайызын газдандыра алуы үшін тауарлық газ өндіруді 2021 жылғы 29,4 млрд текше метр деңгейінен 2030 жылға дейін жылына 42,1 миллиард текше метрге дейін арттыра алуы қажет. Бұл үшін қолда бар кен орындарындағы өндіріс ұлғайтылады. Жаңа кен орындарын игеруге қосымша инвестициялар тарту үшін инвесторларды ынталандыру шаралары қабылдануда. Оларға жер қойнауын пайдалануда фискалдық преференциялар беріледі, қарапайым тілмен айтқанда, салықтың біраз түрін төлеуден босатылады. Олар өндірген тауарлық газды сатып алу бағалары көтеріледі деп күтілуде.

Энергетика министрлігі салада қалыптасқан және шешімін күтетін проблемаларды атап өтті:

  • Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің тозуы жоғарғы деңгейге жетті: тозудың орташа деңгейі 75%-дан асты.
  • Газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілеті жеткіліксіз. Сондықтан газбен қамту жүйесінің қолданыстағы объектілерін жаңғырту және жаңа объектілерін салу қажет болады. Соның ішінде қуаты жылына 10 миллиард текше метрден асатын "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбырының 2-ші тармағын салу шарт.
  • Ішкі тұтынудың күрт өсуіне байланысты елдің ішкі тұтынушыларын газбен үздіксіз және қауіпсіз қамтамасыз ету үшін тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту шараларын қарастыру қажет.
  • Газбен жабдықтау саласында мемлекеттік реттеуді енгізіп, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін құру керек.
  • Қазақстан, географиялық ұтымды орналасуына орай ірі газ жеткізуші елдер мен тұтынушылар арасында транзиттік әлеуетке ие. Осыған орай, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту керек.

"Қазақстандағы газ өндірудің ерекшелігі сол, іс жүзінде барлық ірі кенорындарында өндірілетін газ ілеспе болып келеді. Ол компонент ретінде мұнай-газ қоспасынан алынады. Салдарынан газ өндіру көлемі өндірілетін мұнай динамикасына тәуелді. Қазақстанның көмірсутек шикізат қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстандағы алынатын газ қорлары 3,8 триллион текше метр болады деп бекітті. Оның ішінде ілеспе (еріген) газ қоры – 2,2 трлн, ал табиғи (бос) газ – 1,6 триллион текше метр", – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.

Барлық барланған газ қорларының 95%-дан астамы Қазақстанның батыс өңірлерінде шоғырланған. Бұл ретте газдың ірі кенорындарының қорлары Қашағанда – 1 трлн 353 миллиард текше метр, Қарашығанақта – 741 миллиард м3 және Теңіз кенорнында – 510 миллиард м3.

Ресейдің Украинаға соғысы Қазақстанға да кесірін тигізді. Ол басталғанға дейін Қазақстан РФ-пен шекарадағы Имашев және Хвалынское сияқты ірі кен орындарын бірге игеруге келіскен. Олардағы газ қоры 338,8 млрд текше метр. Бірақ қазір санкция астындағы Ресей өзге елдердегі кенорындарын игермек түгіл, өз кенорындарындағы өндірісті шектеп, тоқтатуда.

Оның үстіне бұл кенорындарын Қазақстан әзірге батыстық басқа компанияларға бере алмайды екен, көршімен келісімі бар.

Энергетика министрлігі 2011 жылғы сәуірде "Газпром" ЖШҚ және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ арасындағы келісім бойынша Имашев кенорнының операторы болып "ҚазРосГаз" ЖШС айқындалғанын еске салды. Ал 2013 жылғы 11 қарашада ҚР мен РФ үкіметтері арасында Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын игерудегі ынтымақтастық туралы келісімнің хаттамасына қол қойылды. Жоба содан бері әрі-сәрі күйде тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу