Қазақстан халқы Ассамблеясы не бітіріп жүр?

2296

Өткен жылғы 32-ші сессияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қадау-қадау міндеттер қойған еді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы не бітіріп жүр? Фото: Paul Raftery

 

Мысалы, Қазақстан тұрғындарын "қазақстандық" емес, "қазақтар" деп атау керектігі жөнінде бастама айтты. Франция азаматтарының "француз" аталатыны сияқты.

"Қазақстан паспорты – біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтардың көрінісі. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорт жарыстарында және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі – "қазақтар!" деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Бірақ бұл бастаманы ілгерілетуге бағытталған ассамблеяның тірлігі байқалмады.

Бұл ретте көрші Ресейден үлгі алуға тиістей. Ресейде "Вместе мы – русские!" (Я – русский) деген қозғалыс кең етек жайып, идеологияның ажырамас бөлігіне айналды.

Президенттің айтуынша, "азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді". Әр этностың этномәдени әралуандығы ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, "біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі". Демек, ҚХА-ның осы бағытта батыл әрі белсенді қимылдағаны маңызды.

32-ші сессияда Қасым-Жомарт Тоқаев этносаясатта бұдан былай жаһанда және аймақта, геосаясатта болып жатқан үдерістерді ескеруге тапсырма берді. Соның негізінде этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеп, реформа жүргізуді жүктеді.

Мемлекет радикализм, экстремизм, сепаратизмнің кез келген түріне қарсы тұрады. Бұл міндеттер Мәскеудегі лаңкестік шабуыл аясында өзектілене түсті. Президент бұл салада құзырлы органдар қаталдық танытатынын, бірақ әділ болатынын нықтады.

"Мемлекет заң аясында этносаралық қарым-қатынас, тіл және әлеуметтік мәселелерге қатысты барлық арандатушылық әрекеттің жолын кеседі. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселені айрықша бақылауда ұстайды және заңға сай әрекет етеді. Бұл ретте еліміздің әрбір азаматы өз сөзі мен әрекеті үшін жауап беретінін сезінуге тиіс. Эмоцияға бой алдырып, сырттан таңылған алауыздық пен өшпенділіктің жетегіне еруге болмайды. Өзгенің ақпараттық соғысы мен идеологиялық дауының бізге қажеті жоқ!", – деп нықтады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ranking мониторинг агенттігі сарапшыларының айтуынша, былтыр экстремизм және терроризм үшін жазаға тартылған қазақстандықтардың саны шамалы азайған, бірақ тіркелген қылмыстар саны күрт өсті.  

"2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыс жасаған 122 адам анықталып, сотқа жіберілді, бір жыл бұрын 124 адам (1,6% азайған) болған. Оның ішінде 99 адам орта және арнаулы орта білімді, 19 адам жоғары білімді. Сонымен бірге Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстар саны 105,6%-ға артты. 2022 жылы 197 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы 208-ге дейін өсті", – деді сарапшылар құзырлы органдардың ресми мәліметіне сілтеп.

Барлық анықталған тұлғалардың үштен бір бөлігі – 41 адам терроризмді насихаттаумен немесе терроризм актісін жасауға жария шақырумен айналысқан деген күдікке ілікті.

Осы салада жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында қоғамдық немесе діни бірлестіктің немесе өзге де ұйымның қызметіне тыйым салу немесе тарату туралы сот шешімінен кейін олардың қызметін ұйымдастыру және оларға қатысу (24 адам, 60%-ға көбейген) және әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздық қоздыру (23 адам, 76,9%-ға көбейген).

Сотқа тартылғандардың ішінде 30-39 жас аралығындағы 44 адам, 40-49 жас аралығындағы 38 адам, 50-59 жас аралығындағы 15 адам бар. 60 жастан асқан 6 адам, кәмелетке толмаған 3 адам, 18-20 жас аралығындағы 4 адам, 21-29 жас аралығындағы 12 адам болды.

Тізілімде тіркелгендер ішінде ең көп таралған қылмыс – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру: 84 құқық бұзушылық, Бұл бір жылда бірден 82,6%-ға көбейген. Одан әрі терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария шақыру, сот шешімімен таратылған қоғамдық, діни бірлестіктің не өзге ұйымның қызметін ұйымдастыру және оған қатысу орналасты.

Өңірлер бойынша экстремизм мен терроризмге қатысты ең көп қылмыс елордада тіркелді: 50 жағдай – бір жыл бұрынғыдан 28,2%-ға көп. Алматы (21 жағдай), Солтүстік Қазақстан (16 жағдай), Атырау (14 жағдай) және Жамбыл (13 жағдай) облыстарында да аз емес.

Құқық қорғау органдары былтыр небәрі 153 экстремистік материалды тәркіледі, бір жыл бұрын 302 материал тәркіленген. Көбіне олар кітаптар (96 дана) және парақшалар (42 дана) түрінде болды.

Алдыңғы сессияда Мемлекет басшысы ҚХА-ның басты міндеттерінің бірі – жұртты азаматтық бірегейлікті дамыту ісіне жұмылдыру деп белгіледі. Оған мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог орнату жүктелді.

Бұдан бөлек, ассамблея барша халқымызға ортақ рухани құндылықтарды нығайтуға, волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болуға, ел арасында тілеулестік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеуге, сол арқылы қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясын орнықтыруға тиіс.

ҚХА-ның бұл міндеттердің үдесінен қаншалықты шыға алғаны, қандай жетістіктерге жете алғаны 33-ші сессияның бүгінгі, алғашқы күнінде айтылып, қорытындылар шығарылады. Жаңа міндеттер қойылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу