"Қазақстан халқына" қоры "баюдың" ғаламат қайнар-көзіне қол жеткізбек

2199

Сарапшылар Украинаның тәжірибесін үлгіге алуды ұсынады. Әйтпесе, Мәдениет және спорт министрлігі лотерея монополистін қатты аяп, оған жеңілдік ұсынғалы тұр.

"Қазақстан халқына" қоры "баюдың" ғаламат қайнар-көзіне қол жеткізбек

Қаңтар оқиғаларынан кейін, 11 қаңтарда Мәжілісте сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қоры олигархтардың демеуқаржысы және мемлекеттік қаржы көздері сыртында, лотереялық қызмет операторының міндетті аударымдары есебінен де толығатынын мәлімдеді. Содан бері тура бес ай өтті. Үкімет тым-тырыс қалған.

Мәдениет және спорт министрлігі бұл істі заңдастыруға енді ғана кірісіпті. Тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленді.

Оған сәйкес, лотерея операторы сатылған лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде 10%-ын "Қазақстан халқына"  қоғамдық қорына аударып тұруға тиіс.

Ал Қазақстанда Министрлер кабинетін Бақытжан Сағынтаев басқарып тұрған тұста, яғни Үкіметтің 2017 жылғы 10 ақпандағы №48 қаулысымен бүкіл лотереялық қызмет саласы басыбайлы жалғыз жекеменшік компанияға – "Сәтті жұлдыз" АҚ-ына 15 жылға беріліп қойылған. Бұл компания 2016 жылы осы мақсатта арнайы құрылыпты.

Айтқандай, Ұлттық экономика министрлігі  Президенттің елде жеке операторлар болмауы керек деген тағы бір тапсырмасын орындау аясында лотерея саласын мемлекетке қайтаруды ұсынған. Тиісті заң жобасын да дайындаған. Бірақ лотереялық монополист қызметін жалғастыруда.

Оның үстіне неге екені белгісіз, Мәдениет және спорт министрлігі бұл алпауытқа жеңілдік сұрап отыр. Нақтылай кетсек, Парламент қабылдаған заңнамалық түзетулерге сәйкес, үш жыл бұрын лотерея операторы түсім мен жүлде қорының сомасы арасындағы айырманың 15%-ы көлемінде қазақстандық дене шынықтыру мен спортты дамытуға жарна аударуға міндеттелген. Содан бері компанияның есебіне сенсек, ол спортты қолдауға барлығы 4 млрд теңге төледі (соның ішінде 2020 жылы – 1 млрд 396 млн теңге). Алайда бұл сомаға қандай іс-шаралар мен спорттар қаржыландырылғаны беймәлім.

Қалай болғанда, Мәдениет министрлігі өзі әзірлеген заң жобасында осы 15%-ды 10 пайызға дейін азайтуды ұсынды. Олай болмаса, лотерея алпауыты шығынға отырады-мыс.

"Өйткені "Қазақстан халқына" қорына 10% жарна аудару бойынша қосымша міндеттеме енгізілсе, лотерея операторы 783 млн 375 мың теңге мөлшерінде шығындалады деп болжануда. Бұл сценарий компанияның қаржылық тұрақтылығына, сондай-ақ мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындауына теріс әсер етеді. Жарнамаға, жалақыға, маркетингтік шығындарға, ғимараттарды жалға алуға және басқа операциялық шығыстарға қаражаттың жетіспеуі кейіннен лотерея билеттерін сату бойынша көрсеткіштердің төмендеуіне әкеледі. Болашақта мұндай сценарий лотерея операторы қызметінің уақытша доғарылуына және лотерея индустриясының дағдаруына соқтырады", – деп қара аспанды төндірді министрлік өз түсініктемесінде.

Жалпы, лотереялық индустрияны 15 жылға астына басқан алпауыттан Қазақ елі үлкен игілік көріп отыр деуге келмейді. Бір жыл ішінде "Сәтті жұлдыз" АҚ-ы 1,7 млрд теңге салық төлепті (министрлік 2020 жылғы есепті басшылыққа алып отыр, 2021 жылғы есеп әзірге шыққан жоқ). Салыстыру үшін айтсақ, монополист емес, қарапайым компаниялардың өзі бұдан он-жиырма еседей көп салық төлейді. Мысалы, корейлік техногиганттың қазақстандық өкілдігі "Samsung Electronics Central Eurasia" Қазақстанның бюджетіне сол 2020 жылы – 33,8 млрд теңге, "Тойота Мотор Қазақстан" ЖШС – 35,2 млрд теңге, Caterpillar арнайы техникасының ресми дистрибьюторы түріктің "ИП Борусан Макина Казахстан" ЖШС – 15,1 млрд теңге салық төледі.

Мәдениет және спорт министрлігінің "темірдей" дәйектемесі бар: "Сәтті жұлдыз" монополисті бұған дейін бөліп келген 15 пайыз аударым да, сондай-ақ Тоқаевтың "Қазақстан халқына" қорына берілуге тиіс 10 пайыздық жаңа жарна да спортқа кетеді, демек, бірін-бірі қайталайды. Ендеше алдыңғы жарнаны 10 пайызға түсірген орынды-мыс. Түсініксіз бір дәлелсымақ. Бірақ басқасы жоқ.

"Сонымен бірге, "Қазақстан халқына" қоры қаржыландыратын даму бағдарламалары бағыттарының бірі – спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамыту және соның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу болып табылады. Осыны ескерсек, қаражат бағыттарының бірін-бірі қайталайтыны байқалады. Осылайша, компанияның қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған қаражатты аудару бойынша қолданыстағы міндеттемені 15%-дан 10%-ға дейін төмендету орынды", – деп түсіндірді министрлік.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, осы алпауыттан 5–10 пайыздап ақша тілеп, сұрамсақтану орнына мемлекет осы индустрияны толық өз құзырына алса, орынды болар еді. Сонда лотерея сатудан түсетін бүкіл таза табысты жырымдамай, ел қазынасына толық құюға мүмкіндік ашылады.

Сарапшылар осы орайда Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетіне ұсынған дәйектемеде Украинаның тәжірибесін үлгі етеді. Бұл посткеңестік елде лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге мемлекеттік монополия енгізілген.

"Украинада мемлекеттік лотереялардан басқа кез-келген лотереяларды өткізуге тыйым салынады. Украина Үкіметі тиісті жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы заң жобасын қараған кезде мемлекеттік лотереяларды өткізуден алынған қаражаттың мөлшерін анықтайды. Бұл аударымдар арнайы қорға құйылады. Сол қордан қаражат олимпиадалық даярлау жөніндегі мемлекеттік объектілерді қаржыландыруға, онкологиялық және онкогематологиялық аурулармен ауыратын балаларды емдеуге, мәдениет пен спортты қаржыландыруға жіберіледі", – делінген дәйектемеде.

Финляндияда "Veikkaus" ұлттық операторы жыл сайын орта есеппен 3,7 миллиардтан астам фин маркасына немесе шамамен 630 млн долларға лотерея сатады. Жүлделерді төлеуден кейін барлық табыстың 90%-ы мәдениет пен спортты дамытуға жұмсалады.

Көрші Қытайда ресми лотереяның екі санаты бар, оларды "Қытай әл-ауқат лотереясы" және "Қытай спорт лотереясы" ұйымдары басқарады. Олар жинаған миллиардтар тегіс халықтың әл-ауқатын арттыру жобаларына және спортты дамытуға бағытталады.

Осы және басқа елдердің бәрінде лотерея сатып алған азамат сол арқылы халықтың денсаулығын, елдің мәдениетін және ұлттық рухын көтеретін спортты қолдауға демеуші болатынына сенімді.

Ал Қазақстанда "Сәтті жұлдыз" жекеменшік монополисті тастаған "сүйек-саяққа" спорт, мәдениет, "Қазақстан халқына" қоры, қайырымдылық ұйымдары таласпақ.

Егер Мәдениет министрлігі ұсынып отырған заң жобасы осы күйде қабылданса, "Қазақстан халқына" қорына лотереядан түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың 10 пайызы көлемінде (1,3 млрд теңге немесе шамамен 3 млн доллар) қаражат аударылады. Салыстыру үшін айтсақ, "Қазақстан халқына" қоры "өмірге қауіп төндіретін сирек (орфандық) ауыр аурулары бар" 4 баланы емдеуге таяуда 4 миллиард теңге шығындады. Лотереялық алпауыттың тұтас заң қабылдап, әлемге жар салып, сонша дәрежелеген жарнасы бір баланы құтқаруға ғана жетпек.

Ал "Сәтті жұлдыз" АҚ-ы есебінде лотерея сатудан өзіне 2020 жылы 37 млрд 232,7 млн теңге түсім түскенін жазыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу