"Қазақстан халқына" қоры ел байлығын Қазақстан халқынан неге қызғанып отыр

2801

Биыл ел үмітін ақтай алмаған ірі бастамалардың бірі белгілі болды. 

"Қазақстан халқына" қоры ел байлығын Қазақстан халқынан неге қызғанып отыр Фото: egemen.kz

Сарапшылардың байламынша, "Қазақстан халқына" қорының құрылуы ондаған жылдар бойы елдің ен байлығын басыбайлы астына басып, соның шын иесі – бұқараны қанап келген қаптаған олигархтар мен билікке жақын тұлғалардың халық алдындағы кешірім сұрауының, заңсыз алған дүниені халықтың өзіне қайтаруының символдық нышанына айналуға тиіс еді.

Қор Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес құрылды. Айтқандай, Президенттің сондағы сөйлеген сөзі "Қасіретті қаңтар" сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі" деп аталды.

Халықтың ашынатын жөні бар екенін, билікті жемқорлық, бюрократия жайлағанын, "Барлығы – достарыма, қалғандарына тек заң бойынша" бейресми қағидаты бекігенін, қоғамның мемлекеттік институттарға сенімі құлдырап кеткенін ашық айта келе, Қазақстан Президенті әлеуметтік әділдіктің қажет екенін нықтады. Сондықтан "Қазақстан халқына" атты арнайы қоғамдық әлеуметтік қор құрылатынын мәлімдеді. Оған халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру саларындағы нақты проблемаларды шешуді жүктеді.

"Қадап айтамын: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе қандай да бір меморганның қоры емес. Бұл – барлық қазақстандықтың қоры. Халық қоры. Бірінші Президент–Елбасының арқасында өте табысты компаниялардың тобы, тіпті халықаралық өлшеммен алғанда шылқыған бай адамдардың аз шоғыры пайда болды. Халыққа тиесіліні қайтаратын уақыт жетті деп санаймын. Қор халыққа жүйелі және ұдайы негізде көмектесуі керек. Үкімет компаниялар тізімін анықтап, қорға жыл сайын енгізетін жарнасының көлемін солармен келіседі. Бұған қоса, орасан зор қаражаты бола тұра, көлеңкеде қалған тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін", – деген еді президент.

Ол осы қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналатынын, азаматтарға әлеуметтік әділдік сезімін оралтатынын нықтады.

Яғни, аталған қордың жұмыс жобасын, жөн-жосығын Президенттің өзі айқындап берді. Сол себепті қоғам тарапынан жыл басында "Қазақстан халқына" қорына үлкен үміт артылды. Нақты проблемалары бар, өмірдің қиын жағдайында қалған, шұғыл көмекке зәру азаматтар жаппай осы қорға өтініш жаза бастады. Дегенмен, артынша әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қордың еш көмек көрсетпегеніне налыған жұрттың шағымына толды.

"Қазақстан халқына" қорының есебіне жүгінсек, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша оған заңды және жеке тұлғалар жалпы сомасы 131,7 миллиард теңге ақша аударыпты. Аста-төк қаржы. Алайда жыл соңындағы жағдай бойынша содан халыққа небары 15 млрд 406,4 млн теңгеге көмек көрсетілді. Егер әлгі қаржыны банк депозитіне салып қойса, одан түсетін сыйақыға ғана тең қаржы.

Басқаша айтқанда, қор өзіне келіп түскен демеушілік қаржыларды бар-жоғы 11,7%-ға ғана игерген. Егер әлдебір министрлік немесе әкімдік бюджетті осынша ғана игерсе, дүбірі жер жарған жанжал туып, қаншама басшылары орынтақтарынан ұшатын еді. Қорда бәрі тып-тыныш. Тек 26 желтоқсанда Аружан Саин мен Саида Тәукелева "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің құрамынан өз еріктерімен тып-тыныш қана шығып кетті. Олар онда не бітірді, елге тиесілі ақшаны қалай таратты, ол жайында егжей-тегжейлі есеп берілген жоқ.

Айтпақшы, бұл қор мемлекеттік болмағандықтан, оны мемлекеттік аудиторлар да, Аудиторлық палата да тексере алмайды.

Мемлекет басшысы "қасіретті қаңтар" кезінде қаңғыған оқтан не басқа жағдайда жазықсыз жазым болған бейбіт тұрғындардың отбасыларына осы қор көмек көрсететінін жүктеді. Келесі аптада қаңтар оқиғаларына бір жыл толады. Қор бір жылдай мерзім ішінде құқық қорғау органдарына қатысты емес қанша адамға көмектесті?

Оның есебіне үңілсек, 2022 жылғы наурызда "Қазақстан халқына" қоры қайғылы қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған, қаза тапқан Қазақстан азаматтарының небары 5 отбасына қайырымдылық көмек көрсетіпті: 7 млн теңгеден төлеген. Бұдан бөлек қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жарақаттанған балалардың 3 отбасына 3 млн теңгеден қайырымдылық көмек берді. Сәуірде кездейсоқ құрбандардың тағы 13 отбасына жеті млн теңге, жарақаттанған балалардың 2 отбасына 3 млн теңге қайырымдылық көмек аударған.

Ары қарай көмегі сұйылып кетіпті: тамызда қайғылы қаңтар оқиғаларында жараланған бір отбасыға 3 млн теңге, қыркүйекте 2 отбасыға 3 млн теңгеден көмек көрсетілді. Қазан айында қаңтарда жазықсыз мерт болғандардың 60 отбасына, қарашада 11 отбасына көмек ұсынылған. Сөйтіп, жыл ішінде қаңтарда опат болғандар ішінен жалпы саны 89 адамның ғана отбасына көмек берілді.

Ал Бас прокуратура бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың таяуда жариялаған дерегінше, қанды қаңтар барысында жалпы саны 238 азамат көз жұмған. Қор олардың ақталғандарына ғана төлеуді жоспарлап отырса керек.

Қордың өзге бағыттардағы шығындары сонша қомақты емес. Ең ірі шығындары жұлын-бұлшықет атрофиясы (SMA) диагнозы бар сирек, орфандық ауыр ауруға душар болған балаларға Онасемноген абепарвовек ("Zolgensma") дәрілік препараттарын салғызумен байланысты болып келеді. Наурыз-қазан аралығында аса қат, қымбат сол дәріні 6 балаға салғызуға 5,3 млрд теңге бағыттады.

Маусым айында Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы (ДБД) диагнозы бар сирек, ауыр ауруға шалдыққан 5 баланың Golodirsen (Vyondys-53 50) дәрілік препараттары үшін 2,7 млрд теңге ақы төленген.

Шілдеде 9 балаға арналған Эврисди/Рисдиплам дәрілік препараттарының жалпы сомасы 1 млрд теңге шығыны өтелген. Қарашада "Farm ZS" ЖШС үшін Карзиба емдік дәрі-дәрмегіне 70% ақырғы төлем жасалған.

Осымен тынды. Қалғандары миллиардқа жетпейтін ұсақтау көмектер. Әрине, бұл жәрдемнің өзі қол соғып, қуаттауға тұрарлық. Алайда қаншама бала, қаптаған отбасы көмектен қағылған күйде қалды. Мысалы, Алматы облысының тұрғыны, 39 жасар Сәния С. жұлын-бұлшықет атрофиясы (SMA) дертіне шалдыққандардың бірі.

"Мүгедекпін, туған кезден жүре алмаймын. Ауру қатты ушығып барады. Ондай ауруы бар адамдар күн өткен сайын күшін жоғалтады, өз бетінше демала алмай қалады. Көбіміз өкпені жасанды желдету аппараттарына таңылғанбыз. Мен "Өмірге сен" қоғамдық қорының қамқорлығындағы барлық СМА диагнозы бар адамдар атынан айтып тұрмын. Ересек болып кеткен соң, бізге "Спинраза" препаратымен емделу жарамайды. Сондықтан мемлекеттен "Рисдиплам" препаратын барынша тездетіп алуға көмектесуді сұраймыз. Ол дәрі аурудың өршуін тоқтата алатын еді. Мен, мысалы, өзімде болған көптеген қабілеттерім мен машықтарымнан айырылып қалдым. Енді өз бетімше тамақ ішу, компьютерде жұмыс істеу, өз бетімше жұтыну, тыныс алу қабілеттерімді жоғалтқым келмейді. Билік біздің жанайқайымызды естісе деп өтінеміз", – деп зар жылайды Сәния.

Ал осы азаматтарға көмектесуге тиіс "Қазақстан халқына" қоры жүз миллиардтан астам ұлан-ғайыр қаржыны босқа астына басып отыр.

Осыдан "не елге, не мемлекетке бағынбайтын мұндай қор керек пе" деген сұрақ туады.

Ресейлік қоғам қайраткері, оппозициялық саясаткер, "Городские проекты" қорының директоры, блогер Максим Кац дұрыс жарата білсе, осы тәрізді қордан халыққа үлкен пайда келуі мүмкін екенін айтады.

"Әділдік орнатамын деген жаңа билік бұрынғы билік тұсында ел байлығын талан-тараж етіп, ұрлап алған бай, олигархтардың бәрін түрмеге тоғыта алмайды. Онда большевиктердің нәубетке соқтырған қателігін қайталар еді. Үлкен қылмыс жасағандарының ісін әділ сот қарап, заңды шешімін шығаруы қажет. Әлдебір олигархтар түрмеге отырады. Ал қалғандары "өтемақылық алым-салық" төлеуі шарт. Мысалы, олигархтардың, ірі бизнестің жиған бүкіл капиталының 30 пайызын алып қоюға болады. Әлемдік тәжірибеде бұл болған. Мұны "windfall tax" немесе "налог на доходы, принесенные ветром" деп атайды. Сол төленгеннен кейін ірі бизнеске ешқандай сұрақ болмайды, ол бар байлығын заңды пайдалана алады. Солардан жиналған қаражаттан кедейленген бұқараға көмек көрсетілуге, оның әл-ауқатын көтеретін шаралар жүзеге асырылуға тиіс", – деді М.Кац.

Ол барлық ірі бизнесті тегіс қылмыстық қудалау – кек алуға ұқсап кететінін ескертіп, ал әділдік іздеген ел кек қайтарумен айналыспағаны жөн деген пікір білдірді.

Қалай болғанда, "Қазақстан халқына" қоры өз атын ақтап, Қазақстан халқына мейлінше жақын болса, шенеуніктерге тән бюрократиядан арылса, құба-құп. Әйтпесе, келесі жылы да ел үмітін ақтай алмауы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу