Қазақстан қоғамдық тәртіпті сақтауға бюджет шығынын күрт арттырады

1840

ІІМ үшін автобронды танк техникасын, авиация сатып алу жоспарланыпты.

Қазақстан қоғамдық тәртіпті сақтауға бюджет шығынын күрт арттырады Фото: 365info.kz

Қанды қаңтар оқиғалары сыртқы жаудан емес, ел ішінен туындаған қатерге төтеп беруге құзырлы органдардың қауқарсыз екенін паш еткені құпия емес. Бүкіл әлемнің көзінше Қазақстан халықаралық ұйымның әскерінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Билік мұндай сорақылық қайталанбауға тиіс деген байламға келсе керек. Нәтижесінде, Ішкі істер министрлігінің "Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету" аталатын №076 бюджеттік бағдарламасын қаржыландыру көлемі ондаған миллиард теңгеге ұлғайтылып отыр.

Ведомствоның осы бағытын күшейту шаралары 2023-2025 жылдары жүзеге асырылмақ.

"Бұл шығыстар қоғамдық тәртіпті нығайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ адамның өмiрiн, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін құқыққа қайшы қолсұғушылықтардан қорғауға бағытталған. Атыс қаруының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың, осы саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тетіктері енгізіледі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің лауазымдық еңбекақылары кезең-кезеңімен арттырылады. Бұдан бөлек, елде есірткінің заңсыз айналымының өсуін азайту, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы мемлекеттік және қоғамдық іс-қимыл жүйесінің негізгі буындарын қалыптастырып, оның тиімділігін арттыру үшін жағдайлар жасау қарастырылған", – делінген ІІМ түсініктемесінде.

Сонымен Үкімет Қазақстанда қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге биылғы жылы 227 млрд 664 млн теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Салыстыру үшін айтсақ, қаңтар оқиғаларынан кейін бұл бағыттағы шығыстар 138,8 миллиард теңгеге жеткізілген болатын.

Ол ол ма, алдағы 2024 жылы аталған шығындарды 267 млрд 406 млн теңгеге дейін арттыру ұсынылыпты. Одан кейінгі кезеңге де мол шығын қарастырылмақ: 2025 жылы 249,9 млрд, 2026 жылы 213,8 млрд теңге бағыттау көзделген. Әрине, бұл сома алдағы жылдары арттырылуы ғажап емес.

ІІМ-ге жаңадан құйылатын ондаған миллиард теңгеге не сатып алынатыны ішінара белгілі. Қалғаны құпияландырылған.

"Көшелерде, басқа қоғамдық орындарда сенімді құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ мемлекеттік күзетілуге тиіс объектілер мен жеке тұлғаларды күзетуді қамтамасыз ету, оларда жасалатын құқық бұзушылықтардың уақтылы алдын алу. Атыс қаруымен және жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар санын төмендету. Ішкі істер органдары, Ұлттық ұлан бөліністерінің қорғаныс қабілеттілігін, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын арттыру. Полицейлерді дағдарыстық жағдайдың жолын кесу дағдыларына үйрету. Материалдық, техникалық жабдықтауды жақсарту. 1. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы көлеміндегі синтетикалық есірткінің үлес салмағын арттыру: 2023 жылы – 1,6%, 2024 жылы – 1,7%, 2025 жылы – 1,8%. 2. Көшелерде жасалған қылмыстардың үлес салмағын төмендету: 2023 жылы – 11,2%, 2024 жылы – 11,1%, 2025 жылы – 11%. 3. Құпия 4. Құпия 5. Құпия 6. Құпия", – делінген бюджеттік бағдарламада.

Бағдарламада бір бап назар аудартады. Мемлекет халық қолындағы қаруды сатып алуды жалғастырады. Қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған, тартып алынған қарулардың бір бөлігі табылмағанын құзырлы органдар растады. Олардың мемлекетке қарсы қолданылмауы үшін шаралар қабылданады.

Мысалы, тіркелген, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде ақыға тапсыруды ынталандыру үшін 2022 жылы 95,2 миллион теңге бөлініпті. Осы сомаға халықтан әлгі аталған заттардың 59 042 бірлігі сатып алынған. Орта есеппен 1 600 теңгеден келеді.

2023 жылы бұл іске 92,04 млн теңге ғана бөлініп отыр. Бірақ осы қаражатқа 11 925 бірлігін сатып алу жоспарланған. Төлем орта есеппен 7,7 мыңнан астам теңгеге, яғни еселеп қымбаттаған.

Қаруды ақылы түрде қабылдау науқанынан мемлекет ары қарай да бас тартпауы мүмкін: 2024 жылы 88,9 млн теңгеге – 14 225, 2025 жылы дәл осынша қаржыға – 10 920, ал 2026 жылы – тағы 13 213 бірлік қаруды, оқ-дәрілерді қабылдау ұсынылған.

Ведомство кинологиялық қызметін нығайтуға ниетті. Осы мақсатқа бағытталатын қаражат та артпақ. Егер мазасыз 2022 жылы 913,6 млн теңге жұмсалса, биыл бұл сома – 975 млн, келесі жылы – 1 млрд 137,8 млн, 2025 жылы – 1 млрд 175,6 млн, ал 2026 жылы – 1 млрд 227,6 млн теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бұл шығындар аясында жыл сайын 129 кинологты даярлау және қайта даярлау, жарылғыш, есірткі заттарын іздейтін 129 итті даярлау және қайта даярлау, 30 күшікті өсіріп, кейіннен еліміздің өңірлеріне тарату жоспарланған.

Астанада, Ұлттық ұланның 3656 әскери бөлімінде авиациялық база салу және объектілерді, кешендерін тұрғызу жобаланған. Оның құрылысы былтыр қолға алыныпты. 2024 жылы аяқталатыны көрсетілді. Осы мақсатта 2022 жылы – 2 млрд 472,4 млн, ағымдағы жылы – 3 млрд 656,3 млн, ал келесі жылы – 4 млрд 762,5 млрд теңге бөлу ұсынылды.

Дегенмен ең көп сома басқа бағыттарда қарастырылыпты. Мысалы, мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етілген объектілер саны биылғы 508-ден келесі жылы 528-ге дейін көбейтіледі. Бірақ ол қандай нысандар екені ашып айтылмады. Бұл ретте Елбасы статусы жойылғанымен бірінші Президенттің қолданысындағы нысандарды мемлекеттік күзету жалғасқаны белгілі.

Мемлекеттік күзетпен қамтамасыз ету кіретін бюджеттік қосалқы бағдарлама шығыстары да күрт өседі. 2022 жылы – 22 млрд 718,6 млн теңге бөлінсе, 2023 жылы бұл соманы – 35 млрд 422,3 млн, 2024 жылы – 39 млрд 312,2 млн теңгеге, ары қарай – 40 миллиардқа жеткізу жобаланған.

Енді Қарулы күштер ғана емес, ішкі істер органдары да оқу-жаттығу өткізе бастамақ. Тактикалық арнайы және атыс бойынша ішкі істер органдарының арнайы мақсаттағы бөліністерінің жеке құрамының жыл сайын 3 оқу-жаттығуларын, ал мергендік даярлық бойынша ІІО арнайы мақсаттағы бөліністерінің жеке құрамының биыл 2, алдағы жылдары жыл сайын 4 көшпелі оқу-жаттығуларын ұйымдастыру жоспарда бар.

ІІМ жарақтандырылады. 2022 жылы 147 автокөлік сатып алса, осы жылы 254, алдағы жылы тағы 105 жаңа автокөлікке қол жеткізеді.

"Сатып алынған оқ-дәрілер саны 2023 жылы – 155 297 бірлік, 2024 жылы – 2 541 582 бірлік" деп көрсетілген. Салыстырсақ, ішкі істер органдары өткен жылы өз құрылымдарын қаруландыру үшін небары 4 273 бірлік қана оқ-дәрі сатып алыпты. Мамандар мұны бір жағынан мерген атуға үйрету, жаттығу шараларының артатынымен түсіндіреді.

Тиісінше, оның шығындары 2022 жылғы 6 млрд 394 миллионнан 2024 жылы 28 млрд 396 млн теңгеге дейін өседі.

Бұл ақпарат "Ашық бюджеттер" порталында орналастырылған.

Әрине, қоғамдық тәртіп сақталуы үшін тәртіп сақшыларын ынталандыру шарт. Сондықтан ішкі істер органдарында тұрғын үй төлемдерін алған әскери қызметшілердің саны 2022 жылғы 14 133 адамнан 2026 жылы 19 306 адамға дейін көбейеді.

Ресми дерекке жүгінсек, 2022 жылы ІІМ ішкі әскерлері, полиция үшін "жеке бронды қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдары" (средства индивидуальной бронезащиты и активной обороны) сатып алынбапты. Бұл олқылықтың орны биылдан бастап толтырылатын көрінеді: 11 025 бірлігі, келесі жылы – 9 308, ал 2025 жылы – 10 080 бірлігі сатып алынады.

Сонымен қатар ішкі істер органдары үшін былтыр атыс жабдықтары, тренажерлер, мобильді атыс тирлері мен кешендер саны алынбапты. Енді 2026 жылға дейін олардың 57 данасы алынуға тиіс. Сөйтіп, Ұлттық ұлан жауынгерлері мергендігін ұштай алады.

Ашық дереккөздерде айтылғанда, ІІМ "автобронды танк техникаларының 2023 жылы – 170, 2024 жылы – 147, 2025 жылы – 174 бірлігін сатып алады". Өткен жылы сауытты техника алмапты. Нақты түрі мен атауы көрсетілмеген, бірақ жыл сайын 5 авиациялық техника сатып алуды да жоспарлап отыр.

Осы және басқа да техникалық жарақтануға биыл – 53 млрд 885,9 млн, келесі жылы – 52 млрд 838,8 млн, ал арғы жылы – 41 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жобаланған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу