Қазақстан қос азаматтықты қолдамайды

3435

Біздің елде қос азаматтыққа заң бойынша тыйым салынған. Өзге елдің азаматтығын қабылдаған және оны жасырған жандар Қазақстан азаматтығынан айырылады. Десекте ебін тапқандар қонышынан басып, ойларына келгенін істеп жүр. Бұған өткен жылы 15 451 қазақстандықтан қос азаматтықтың анықталғаны дәлел, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстан қос азаматтықты қолдамайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында қос азаматтық анықталған жағдайда мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйым басшылары қызметінен босатылатынын айтты. Ал 2021 жылғы 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: "Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салған елдердің үлкен тобына жатады. Тиісті норма біздің Конституциямызда бар. Қазақстанда қос азаматтық үшін жауапкершілік күшейтіледі", – деді. 

Президенттің пәрменін орындаудың құқықтық шарасы ретінде өткен жылдың соңында Еңбек кодексіне және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға түзету енгізілді. Қос құжатта қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйым басшыларын жұмыстан босатудың нормасы бекітілді. Бұған қоса Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабының санкциясына мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты қос азаматтығы үшін бір мезгілде Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жібере отырып, айыппұл салу енгізілді. Бұрын айыппұл салу немесе мемлекеттік қызметтен шығару шарасының бірі қолданылатын. 

Былтыр Мәжілісте қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілер мен квазисектор басшыларын жұмыстан шығару туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат қабылданар кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова: "Жалпыұлттық жоспардың 122-тармағы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысына жол берген адамдарға қатысты квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салуды енгізу және қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді немесе квазимемлекеттік ұйым басшыларын жұмыстан шығару қарастырылған. Мемлекет басшысы өз жолдауында квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қатаң шара қабылдау қажеттігін айтты. Осыған байланысты Еңбек кодексіне және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға келесі түзетулерді енгізу ұсынылады. Біріншіден, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салуды бекіту керек. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің және квазимемлекеттік мекеме басшыларында қос азаматтық анықталған жағдайда оларды жұмыстан босату керек", – деді.

Айта кетейік, Ата заңымыздың 10-бабының 3-тармағында "Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды", деп  жазылған. Сәйкесінше шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды.

Осының барлығын біліп отырса да, өткен жылы квазимемлекеттік ұйым басшысы мен 6 мемлекеттік қызметші және 4 бюджет қызметкері 2 елдің азаматтығын алған. 

"Әрекеттері әшкере болған тұлғалар қызметтен кетті", – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таяуда сенатта өткен үкімет сағатында. 

Алайда мұнымен мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Сенатор Нұржан Нұрсипатов қос азаматтығы бар қызметкерлерге қатысты Еңбек кодексіне және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға енгізілген түзетуге сәйкес мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда ғана емес, шет мемлекеттің азаматтығы анықталған кезде де тоқтатылуға жататынын, ал квазимемлекеттік ұйым басшысы Қазақстан Республикасының азаматығымен қатар шет мемлекеттің азаматы болып табылған жағдайда жұмыстан босатылатынына назар аударып, қабылданған шараны одан әрі дамыту қажеттігін алға тартады. 

"Мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтығы бар фактілер әлі де анықталып жатыр. Мысалы "Құқық қорғау қызметі туралы", "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" "Арнаулы мемлекеттік органдар туралы" салалық заңдарда шет мемлекеттің азаматтығы қызметтен шығару үшін дербес негіз ретінде қаралмайды. Қызметтің ерекше түрі болып саналатын жоғарыда аталған мемлекеттік органдар "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы" заңның 9-бабымен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жатқызылғандықтан, көрсетілген талапты, яғни қызметен шығару негізін енгізуді ғана емес, сондай-ақ алдын алу сипатындағы шараларды қабылдауды қарау керек. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің ерекше түрінде қызмет ететін адамдардың шет мемлекетте тұруға ықтиярхат алуына тыйым салу мәселесін қарастыру қажет", – деді депутат.

Оның сөзінше, тек мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде ғана емес, жұмыс істеп жүрген кезде де қызмет шартына сәйкестігін анықтау үшін жүргізілетін арнайы тексеру енгізілуге тиіс. Басқа азаматтықты алған адамның отандық паспортты пайдалануы немесе шетел азаматтығын алу фактісі туралы хабарлау мерзімін бұзғаны үшін ғана көзделген әкімшілік жауапкершілікке түзету енгізу керек.  

"Қос азаматтық фактілерін анықтау мәселелеріне байланысты халықаралық-құқықтық құжаттар да өзектендіруді қажет етеді", – деді Нұржан Нұрсипатов.

Біле жүріңіз, бір уақытта 2 немесе одан да көп азаматтыққа ие болған тұлғаның ресми атауы – бипатрид. Осы санатқа жататын адамдардың заңды және заңсыз түрі болады. Заңды түрі қос азаматтық алуға рұқсат берген Германия, Латвия, Уругвай, Канада, Ямайка, Барбадос, Колумбия, Бразилия, Аргентина, Колумбия, Пәкістан, Перу, АҚШ мемлекеттерінің тұрғындары, заңсыз түрі қос азаматтыққа рұқсат берілмеген елдердің өкілдері. 

Жасыратыны жоқ, әлемнің бірқатар елінде қос азаматтыққа тыйым салынбаған. Мысалы, Ресей Федерациясының азаматтары басқа елдің азаматтығын ала алады. Бұл үшін олар Ресей азаматтығынан айрылмайды. 

АҚШ-та да өз азаматтарына басқа елдердің азаматтығын қабылдау мүмкіндігі берілген. Айтпақшы халықаралық тәжірибеде қос азаматтық ортақ тарих байланыстыртын елдер арасында жиі кездеседі. Бұған Ұлыбритания мен Ұлыбритания достастығы елдері, Франция мен Канада, Испания мен АҚШ немесе Америка елдері, Италия мен Аргентина, Португалия мен Бразилия арасындағы қос азаматтық туралы шартты мысал ретінде келтіруге болады. 

Ерекше назар аударарлығы, қос азаматтықты қолдайтын мемлекеттерде арнайы талап бар. Соған сәйкес бір елде тұрып, екінші мемлекеттің азаматы болған адам бюджетке салық төлеуге тиіс. 

2004 жылы "Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Қазақстан азаматы өзге елдің азаматтығын алған жағдайда автоматты түрде Қазақстанның азаматтығынан айрылатын болды. Нақтылай кетейік, Ата заңымыздың 10-шы, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 3-бабы бойынша Қазақстан Республикликасының азаматтығы бар адамға басқа мемлекеттің азаматтығын алуға тыйым салынған. Ал Конституциялық кеңестің 2003 жылғы желтоқсандағы "Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 және 12-баптарын ресми түсіндіру туралы" қаулысында: "Қазақстан азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 21-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылады", – деп белгіленген. 
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам азаматтығын ауыстырғаннан кейін 30 күн ішінде өзге елдің азаматтығын алғаны туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шет мемлекеттегі елшілігіне хабарлауы сонымен қатар паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы керек. Осы талап орындалмаған жағдайда заңсыздыққа жол берген тұлға Қазақстан Республикасының заңына  сәйкес, жауапқа тартылады.

Осы жерде қосмекенді болуға құмар жандарға қарсы қолданылатын шара мен жаза түрі оларға қорқыныш тудырмайтынын айта кетуіміз керек. Мысалы, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 496-бабында "Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылған адам Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сол сияқты белгіленген мерзім ішінде шет ел азаматтығын алғаны туралы хабарламау – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығарып жіберуге апарып соқтырады", – деп жазылған. Қос азаматтыққа ұмтылған жандар Қазақстан азаматы болу құқығынан және мемлекеттік қызметте істеу мүмкіндігінен айрылу қаупінен қорықпайды. Олар айыппұл төлеп, білгендерін істеп жүре береді. 

Адамдар көп жағдайда "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңды 2 елдің түрлі әлеуметтік жеңілдігін пайдалану үшін бұзады. 

Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев: "Қос азаматтығы бар қазақстандықтар заңсыз әрекетін жасырады. Олар Қазақстан төлқұжатын шекараны кесіп өтуде, халықаралық тасымалда қолданады. Сонымен қатар осы арқылы Қазақстаннан зейнетақы, әлеуметтік төлем алады, басқа да жеңілдіктерді пайдаланады", – деді. 

Өзге елдің, оның ішінде АҚШ-тың азаматтығын алудың заңды, бірақ қитұрқы жолы бар. Мысалы, баласына АҚШ азаматтығын алып бергісі келген ата-ана қыруар қаржы төлеп, мұхиттың арғы жағында босанады. Өйткені олар АҚШ-та өмірге келген сәби автоматты түрде сол елдің азаматы атанатынын біледі.

Қазақстан азаматтығын алғысы келген шетелдіктер де түрлі амал-айлаға барады. Бұл үшін олар Қазақстан азаматымен некелеседі. Себебі Қазақстан Республикасының азаматымен кемінде 3 жыл некеде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өзінің жары, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын тұлғаның жеке куәлігін, неке туралы куәліктің көшірмесін, бұрынғы азаматтығын тоқтату туралы анықтаманы өткізу арқылы Қазақстан азаматтығын ала алады.

"Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 7-бабында "ҚР азаматының немесе азаматшасының республика азаматы емес адаммен некеге тұруы, сондай-ақ мұндай некені бұзуы азаматтықтың өзгеруіне әкеп соқтырмайды" деп жазылған. Яғни шетел азаматы қазақстандықпен ажырасса, азаматтығынан айрылмайды.

Осыдан 7 жыл бұрын Еуразия экономикалық одағы туралы келісім жасау барысында солтүстіктегі көршіміз Қазақстан мен Беларуське одақ аясында қос азаматтыққа рұқсат беру бастамасын көтерді. Біздің ел бұл бастамадан үзілді-кесілді бас тартты. Себебі Қазақстан қос азаматтықты қолдамайды, қолдаған да емес.

Дегенмен мемлекеттің ұстамымы бәзбіреулердің жеке мақсат-мүддесімен тоқайласпай тұр. Бір "жеңнен қол, бір жағадан бас" шығып тұрса, 2013 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын иемденген Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны БЖЗҚ-дан 4 жыл бойы зейнетақы алып отырмас еді. Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов "Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы" заңды бұзбаса, қызметінен қуылмас еді. Атырау облысының 4 тұрғыны Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылмас еді. 

Бұл – қос азаматтыққа қатысты елді елеңдеткен оқиғалардың бір парасы ғана. Бізде мұндай оқиғалар жүздеп емес, мыңдап саналады. Мыңдап саналмаса, жоғарыда жазғанымыздай, 15 451 қазақстандықтан қос азаматтық анықталмас еді. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу