Бүгінгі таңда еліміз су тапшылығы бойынша "қызыл аймақта" тұр. Қиын жағдай географиялық жағдайға байланысты болып отыр, республика трансшекаралық бассейндер өзендерінің төменгі ағысында орналасқан. Сондықтан климаттың өзгеруімен қатар біздің экономикамыздың тұрақты дамуы көршілеріміздің су шаруашылығы саясатына тәуелді.
Әсіресе, суармалы топырақтың 90%-ы тиесілі Оңтүстік Қазақстан қатты қуаңшылықты бастан кешіріп жатыр. Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланды, біз қол жайып отырған Қырғызстан да жіберілуі керек су көлемінің 30%-ын бере алмай отыр. Екі ел арасындағы су мәселесі келіссөздер деңгейінен әлі аспаған, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.
Қырғызстан мен Қазақстан арасында энергетика-су алмасу бойынша келісім бар. 16 тамызда Астанада өткен энергетикалық кеңестің отырысы қорытындысы бойынша, біз Қырғызстанға 1,5 миллиард киловатт/сағат электр энергия жеткізуге уағдаластық. Ал Экология министрлігінің мәліметінше, Талас өзенінен Қазақстанға кесте бойынша секундына 45 текше метр су түсуі керек болған.
"4 тамыздан бастап Қырғызстан суды жапты. Жамбылдық шаруалар көктемнен бері суармалы сусыз отыр. Талас өзенінен өңірге су түсу тоқтаған. Аймақтағы Киров қоймасындағы су қоры бір жылда 145 млн текше метрге азайған, мұнда Қырғызстаннан келу керек болған судың 30%-ы жеткізілмеді. Салдарынан егістікке су жетпей Байзақ, Талас және Жамбыл аудандары тапшылықтың зардабын тартуда", - деді "Қазсушар" РМК өкілі Ғани Омар.
Осының барлығы Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жариялауға себеп болды. Ғани Омардың айтуынша, Қазақстан әзірге қолдан келгеннің барлығын істеп жатыр: гидротехниктер, басқа да мамандар тәулік бойы жұмыс істеді, суаруды кезекпен жүргізу сынды амалдарды қолданды. Қазір қоймадан төмен өзен арнасын тазарту арқылы секундына 6 текше метр су алынып отыр, ол 4-5 күн сайын Жамбыл мен Байзақ аудандарына жеткізіледі. Дегенмен оның өзі жеткіліксіз.
Ал Қырғызстан тарапы суармалы судың өздеріне жетпей жатқанын хабарлады. Қырғызстан Ауыл шаруашылығы Министрлігі жанындағы Су ресурстары қызметінің директоры Алмазбек Ақеевтің айтуынша, Шу өзеніндегі Орто-Токой су қоймасынан су беру 26 сәуірден басталды. Биыл резервуарға құйылатын ағын өте төмен болды және сәуірден тамызға дейін су қоймасына 230 миллион текше метр ғана жиналды, шығын 654 миллион текше метрді құрады. Ағын соңғы 10 жылдағы ең төмен деңгейге жетті. Шу облысының таулы өзендерінде су нормадан 4 есе төмен болғандықтан, аймақтағы егістіктерді суару жүктемесі Орто-Токой су қоймасына түсті. Резервуардағы жинақталған көлем тамыз айының басында аяқталды, дейді Қырғызстан тарапы.
Көрші елдегі келеңсіздіктің бізге әсерімен әзірге тек суды үнемдеу арқылы ғана күресіп келеміз, ал екі ел арасындағы келіссөздер еш нәтиже бермей отыр.
"Қазір осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, бірақ нақты бір нәтижеге жеттік деп айта алмаймыз", — деді Ғани Омар.
Жалпы "Қазсушар" РМК суару жұмыстарына жыл сайын 7,5-8 млрд текше метр су береді. Биыл 6,8 млрд текше метр көлемінде су жеткізіліп үлгерді. Әлі кейбір аумақтарда вегетациялық маусым өз мәресіне жеткен жоқ, сондықтан осы жылға 8-8,5 млрд текше метр жетіп қалуы керек. Алайда, сарапшының айтуынша, мәселе судың көлемінде емес, ресурстың өңірлер бойынша қалай бөлінгенінде болып тұр.
"Бізде су тапшы жерлер бар, ал кейбір аумақтарда керісінше асып тасып жатыр, яғни су ресурсын тиімді пайдалану жоқ. Мысалы, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстанда суару мәселесі жоқ, ал Оңтүстік өңірлердің барлығында дерлік су тапшы. Міне, алдымен осы мәселені шешіп алуымыз қажет", — дейді маман.